Қазақстанға оралмандар ретінде ұйғырлар кіріп жатыр
2014 ж. 20 тамыз
2192
1
Қазақстанға этникалық қазақтар ретінде тіркеліп, Қытайдан ұйғырлар ағылып келуде. Ал нағыз қазақтар тарихи отандарына оралуда біршама қиындықтарға тап болады.
Бұл туралы Abai kz порталы хабарлайды.
Сайтта республиканың премьер-министрі Кәрім Мәсмов, ҰҚК төрағасы Нұртай Абықаев, СІМ басшысы Ерлан Ыдырысов, мемлекеттік хатшы Әділбек Жақсыбековтің атына жолданған ашық хат жарияланды.
"Екі жылдан бері тоқырап қалған "Қазақ көшіне" Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қайта қамшы салды. "Атажұртына келем деген қазаққа барлық жағдайды жасаңдар" деп Министрлеріне тапсырма берді Мемлекет басшысы. Дегенмен осы іске дәл қазір бел шешіп кіріскен шенеунікті көрмедік. Көштің басы шетелдегі қазақтарға виза беруден басталатынын ескерсек, оның өзі қиямет қайым болып тұр. Айталық, мына тұрған Қытайдағы қазақтар туысшалу визасын алуға зар болып жүр...", - деп жазады хат авторы.
Үндеу авторларының сөзіне қарағанда, Қазақстанның Үрімжідегі виза беру қызметі соңғы жылдарға дейін нағыз былық-шылықтың ортасы болып келген.
"Осыдан үш жыл бұрын сол тәртіпсіздіктерді Қайыржан Сәрсебаев деген азамат дұрыс жолға салып еді. Қайыржан мырза ұзақ өтпей қызметінен кеткен. Мүмкін оның "Қазақ көшіне" даңғыл жол ашқаны әлдекімдерге ұнамаған сыңайлы. Қазір сол жақсы үрдіске қайтадан қара көлеңке түсті", - делінген хатта.
Биылғы жазда Қытайдан Атажұртына келгісі келген ағайынның Үрімжідегі визалық қызметтен әбден көңілі қалған көрінеді.
Олардың айтуынша, үш аймақты мекендеп жатқан қазақтардың шалғайдағы Үрімжі қаласына қайта-қайта баруға мүмкіндіктері жоқ. Сол ниетпен алып ұшып Үрімжі қаласына жеткен қандастарымыз Қазақстанның визалық қызметіне барғанда, көңілдері су сепкендей басылған.
Соңғы кездері ұлтын "қазақ" деп өзгертіп, еш қиындықсыз Қазақстанға келіп жатқан "ұйғырлар" туралы да ақпараттар желдей есуде
Сөйтсек, бәрінің еститіні "виза кезегіңіз қазан немесе қараша айында" келеді дейтін суық сөз көрінеді.
Ал сонда визаны кімдер алып жатыр десек, ерте қамданған кейібр ағайындар мен өзге ұлт өкілдерінің қарасы қалың көрінеді. Оны мына видеодан көре аласыздар. Қазақстанға виза сұрап кезекте тұрғандардың көп сандысы ұйғыр ұлтының өкілдері екені анық.
"Сонда, Елбасы кімді шақырды? Қазақстанға келіп жатқандар кімдер? Қазақтар не үшін Атажұртына жете алмай зар еңіреп жүр?", - деген сауал тасталған үндеуде.
"Тіпті, соңғы кездері ұлтын "қазақ" деп өзгертіп, еш қиындықсыз Қазақстанға келіп жатқан "ұйғырлар" туралы да ақпараттар желдей есуде", - деген сөздермен үндеу аяқталады.
2010 жылғы санақтың нәтижесі бойынша, Қытайдағы қазақ диаспорасының саны 1,5 млн-нан асады.