РЫСБЕК пен МАМАЙ ОППОЗИЦИЯ СЕРКЕЛЕРІНЕ НЕГЕ ЖАЛА ЖАУЫП ОТЫР?
2014 ж. 08 тамыз
24869
23
Қазақ халқының 90 жылдық тарихы бар «Жас Алашы» неге ниеті қисық, пиғылы пасықтардың лас қолдарындағы атпал азаматтарды қаралау құралы болуы тиіс?!
«Жас Алаш» газетінде (№48 (15922), 19 маусым, бейсенбі, 2014 жыл) «Жағыну мен сатылудың арасы» деген атпен кезекті пасық пасквиль (жалалы шығарма) жарияланғанда, басымызға қан теуіп шықса да, алдымен «соған жауап жазып, сөз шығындап керегі не?» деген ой келді. Кейінірек: «Жармахан, Балташ ағаларымыз сияқты елге сыйлы азаматтарымызды жала жауып, жерден алып, жерге салып жатқанда, көрмегендей болып үнсіз жатқанымыз өзімізге сын емес пе?», – деп намыстандық. Расында, ойлы оқырман не дейді? Әрине, көзі ашық, көңілі ояу азаматтарымыз еліміздегі жалғыз оппозициялық партия – бұл жарияланымның ЖСДП басшылығына жабылған жала, жағылған күйе екенін онсыз да біліп отыр. Бірақ, олар да қаны қызып: «Басынған басылымға мүйізі қарағайдай марқасқаларымызға осылайша қара күйе жаққызып қарап отыра бере ме, опасыз немелерді орнына қоймай ма?!», – дейді ғой, деп те жатыр. Зиялы заңгерлердің бір тобы «заңгер ретінде емес, азамат ретінде сен де сотқа беруге құқылысың» деп ақыл қосуда. Сосын сотқа берместен бұрын осы жазып отырған жауап хатты басылымға жариялауды міндеттеп, ойымызды нықтап, бойымызды тіктеп, қолымызға қалам алдық. Мақсат – саясатта сасық істерімен ағалы-інілі болған Рысбек Сәрсенбайұлы мен Жанболат Мамайдың оппозиция серкелеріне неге жала жауып отырғанын айтып, бұлардың түлкібұлаңға салған түпкі ойын ашып көрсету. Пасық пасквильді жазған екеу 31 мамыр күнi өткен Жалпыұлттық азаматтық жиналыстан кейін екі апта бойы ЖСДП-ның басшылығына қарадай қалай тиісерін білмей, әбден қара терге түскен секілді. Сасық сөз құрау оңай ма? Ілік таппай, әбден қиналғаны көзге ұрып тұр. Тасада ұратын тас ұстап тұрған біреулермен ақылдасқан болуы керек, бұлар «Кремльдiң империялық амбициясынан туындаған, атақ-абыройын Ақорда қожасы меншiктенген Еуразиялық одақ құру бастамасы» дегенді саусақтан сорып негіздегісі келеді. Одан басқа тақырып тақиясына тар келген сияқты. Содан «әй, осыдан басқасы олқы түсіп тұр ғой» деп, таңдаған тақырыбын шиырлап, шимайлауға кіріседі. Бірақ, бұл екеуінің «көтере алмас шоқпарды беліне қыстырып» несі бар десейші?!. Кіріспесінің өзін күшеніп бастаған бұлар былай дейді: «Кремльдiң империялық амбициясынан туындаған, атақ-абыройын Ақорда қожасы меншiктенген Еуразиялық одақ құру бастамасы жалған «ұлтшылдар» мен ұлттың нағыз зиянкестерiнiң бетпердесiн ашып тастады. Әсiресе, өздерiн оппозициялық, халықшыл, ұлтжанды санайтын саяси ұйымдар мен саясаткерлердiң Астана пәрменiмен Еуразиялық одақты қолдап шыға келуi олардың қалған-құтқан абырой-беделiн жұрдай еттi. Сондай ұйымдардың бiрi – бүгiнгi билiктiң дегенiмен жүрiп, оппозицияны бөлшектеп, ыдыратып берген, қоғамда сенiмiн жоғалтқан Жармахан Тұяқбайдың Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы». Жарайды, бұлар ЖСДП-ға жалғандыққа құрылған жала жапқысы келген екен, ал, «жалған «ұлтшылдар» мен ұлттың нағыз зиянкестерi» деп кімдерді меңзеп отыр? Бұл – жала жабудың жасырын тәсілі. Жалпылама айта келіп, оның ар жағында өзін жағымды, жақсы етіп көрсетудің оңай жолы осы. Сөйтіп, көпке топырақ шаша отырып, өздері нағыз ұлтшыл болып шыға келмекші... Жә, оны қойшы, ЖСДП-ға тиіскен түрін қарасайшы. «Өздерiн ақтағысы, халықтың жағында екенiн көрсеткiсi келген ЖСДП 31 мамыр күнi Жалпыұлттық азаматтық жиналыс деген дардай атпен арнайы жиын өткiздi. «Еуразиялық одаққа қосылуға болмайды» деп алқына айғайлап, кетiп қалған «пойыздың» соңынан далақтап жүгiрген болды. Ең қызығы, Антиеуразиялық топ, демократиялық күштер ашық күреске шығып, Еуразиялық одаққа қарсылық танытқанда ЖСДП басын құмға тыққан түйеқұстай болды», – деп, жерден жеті қоян тапқандай, алақанын ысқылап тұрып, айқайды салады келіп. Мұның «жаптым жала, жақтым күйе» екенін «Ел билігін халыққа қайтару!» Жалпыұлттық азаматтық жиналысына қатысушылар жақсы біледі. Еуразиялық одақ құру бастамасына ЖСДП көзқарасы да белгілі. Ол туралы партияның арнайы мәлімдемесі де, президентке ашық хаты да партияның сайты мен газетінде, оппозицияға жанашыр басылымдарда жарияланған. Тек осы өзін тәуелсіз санайтын, «Бәрінен де ақиқат қымбат!» деп ұрандайтын «Жас Алаш» газеті ғана ЖСДП-ның жаңалықтарын жасырып, ақиқатын айтқысы келмейді. Оның себебі белгілі және де оны мақаламыздың соңында түйіндеп береміз. Енді, жала жабуға келгенде алдарына жан салмайтын екеудің «билікпен жағаласып жүріп, екі бірдей жиналыс өткізген Антиеуразиялық қозғалыс» дегеніне келейік. Бұл қозғалыстың қалай құрылып, бұның артында кімдер тұрғанын, кімдердің қаржыландырғанын білеміз ғой. Антиеуразиялық форумға өзінше «қайраткер» атанып жүрген Төлеген Жүкеевтің қатысуының өзі көп нәрсені аңғартса керек. Осы форум туралы Данияр Наурыз деген блогердің «Поп Гапонның ізбасарлары» атты жазбасын сөзбе-сөз келтірелік: «12 сәуірде Алматы қаласында орын алған Антиеуразиялық форум Қазақстан тәуелсіздігіне қатысты бірсыпыра мәселелерін көтерген болатын. Ең бастысы, диктаторлар Лукашенко, Назарбаев пен Путин жоспарланған Еуразиялық одағына қарсы нақты әрекеттер талқыға салынған. Әрине, отан сүйгіш қауым үшін мынадай маңызды сұрақтар жанына бататыны сөзсіз. Кез келген қазақи тәрбиесін көрген адам мемлекетіміздің бостандығы үшін мейлінше қолдау көрсетуге тиіс. Бірақ, аталған шараның ұйымдастырушылар жайдақ ұрандарынан аспай жатыр. Шынайы күрес жүргізу үшін мыңдаған кісілер қатысатын шерулер өткізу керек. Әлбетте, саясаткер Төлеген Жүкеев пен редактор Рысбек Сәрсенбайұлы секілді ұлттық қауіпсіздік комитетінің байырғы әріптестері билікпен белсенді түрде арпалыспайды. Олар көзбояушылық үшін ғана анда-санда өткір баяндамаларын оқып, сонымен шектеледі. Антиеуразиялық форум барысында оғаш оқиғалар да көзге түсті. Мысалы, пәлен тақиялы «періште» орыс тіліне бойкот жариялауға ұсыныс жасады. Әккі гебист Жүкеев осындай сөздерге өтірік наразылығын білдірді. Менің пікірінше, ұйымдастырушылардың өздері жұрттың назарын іліп әкету үшін тақиялы арандатушыны сахнаға жіберген-міс. Тағы айта кетерлік жәйт, осы жиналыс барысында микрофондар мен дыбыс күшейткіштер жиі ақаулықпен істеді. Ашық ауыз қариялардың кейбіреуі мынадай техникалық келеңсіздіктерді «ақ орда» жіберген зиянкестердің зымиян әрекеті ретінде таниды. Менің ойымша, құрал-жабдықтың кемшіліктері де ұйымдастырушылардың икемсіздігінен пайда болған құбылыс. Әйтеуір, бұндай негізінен жеке басының қамын күйттеген «қайраткерлер» халқымызды адастырып жібермесін деп қауіптенемін»( http://blog.daniyar.info). Даниярдың Төлеген Жүкеев пен Рысбек Сәрсенбайұлына берген сипаттамасынан кейін аталмыш Антиеуразиялық форумның не мақсат көздеп, не үшін өткізілгенін пайымдауға болар. Оның былайғы жұрттың көзіне көрінбейтін жібінің ұшы Ақорда маңайындағы өздерінің белгілі бір мүдделерін қорғайтын топтардың жеңінің астынан шығып жатқанын аңдайтындар бар. Жә, оны қоя тұрып, осы мақаланың жазылуына себепкер болып отырған қаралаушы екеудің өздері жазғандай, «ЖСДП төралқа мүшелері Балташ Тұрсымбаев пен Петр Своиктің бірқатар БАҚ-та Еуразиялық одақты ашық қолдап, оппозиция атын жамылып, ұлттық мүддеге сатқындық жасауы» деген айыптауына оралайық. Спорт тілімен айтқанда, саясатта ауыр салмақты саналатын Балташ Тұрсымбаев пен Петр Своик жөнінде «оппозиция атын жамылып» деген сөздің өзі – қып-қызыл жала екені екі бастан түсінікті. Оны былай қойғанда, екіленген екеу қызды-қыздымен«біз білетін Балташ Тұрсымбаев саяси сауаты жеткіліксіз, білімі тайыздау, екі ауыз сөздің басын әрең құрайтын пенде еді» әкесінің құны қалғандай, аузын аяусыз білейді. Соншалықты сорақы сөзге баратындай Балтекең бұл екеуінің әкесін өлтіріп пе еді?! Саяси сауат туралы әңгімелейтіндей ағалы-інілі екеудің саяси мәдениетінің түрі осы болса, онда жерге былш еткізе түкіріп, түңіліп-ақ кетсек болады екен. Оны аз көргендей екі иығын жұлып жеген жұп одан әрі«Надандығы мен сатқындығы, пайымсыздығы басым түссе де, биіктеу мансаптарға құмартып жүретін, ондайдан дәмесін үзбейтін, бірде ар жақта, бірде бер жақта далақтай беретін ақылгөйсіген, күшеншек күрескерлер көп» деп көсілгенде, «осыны да Балташ Тұрсымбаевқа қарата айтар сөз деп отыр ма, не деп былжырап отыр?!» деп қарадай күйінеді екенсің! «Басынан кеткен, базардың маңайында аузына келгенін айтып, айқай салып жүретін ауру қатындардың сөздеріне ұқсатып, не сандырақтап отыр мыналар?!» демеске лажың жоқ... Одан әрі бұлардың былжырағын езе бермей, Балташ Тұрсымбаевтың саяси сауаты туралы миғұлалардың миына кіретіндей мәлімет бере кетейік. Балтекеңнің билікке ерте араласып, Кеңес одағында тұңғыш рет ең жас (28 жасында) совхоз директоры, ауылшаруашылығының сүйегін шағып, майын ішкен маманы болғанын бір түйіндеп қояйық. Оның ауылшаруашылығы министрі ретінде Кеңес одағы ыдырап, әлемдік нарықта тәй-тәй басқан Қазақстан жекешелендіру тұсында сүрініп кетіп, қапы қалмасын деп, совхоз, колхоздарды таратқанға қарсы болғанын, одан бергі тұста совхоз, колхоздарды қалпына келтіру туралы ұсынысын талай рет айтқанын, әлі де айтып жүргенін біреу біліп, біреу білмес. Ал, Қостанай облысының әкімі болып тұрған кезінде 1995 жылғы жаңа Конституцияның пәрменімен жеке адамның билігі бел алып кететінін көре білген ол алғашқылардың бірі болып президенттік Конституцияның қабылдануына тағы да қарсылық білдірді. Сол үшін әкімдік креслосынан айрылды да («саяси сауаты жеткіліксіз» деп осындай қадамын айту керек пе?). 1995-1996 жылдары ҚР Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы қызметінде жүріп те, елдің ішкі-сыртқы саясатына байланысты оның президентпен келісімге келмеуі жиілей түсті. Сол үшін 1996-98 жылдары оны Түркия еліне елші етіп жібереді. Балташ Тұрсымбаев сияқты салиқалы саясаткерді елші қылып жіберу – билік тарапынан саясаттан аластау үшін жасалатын айлалы амал екенін осы күні жұрттың бәрі біледі. 1998-99 жылдары ҚР премьер-министрінің орынбасары қызметін атқарған кезінде де ол өз тұғырынан таймайтынын тағы да көрсетті. Ақыр соңында, биліктің халық қамын ойлауға еш құлқы жоқ екеніне көзі анық жеткен ол мемлекеттік қызметпен біржола қоштасып, жеке кәсіпкерлікпен айналысуды ұйғарады. Содан бергі уақытта ол биліктің әлдеқандай ұсыныстарына құлақ асып, Ақорда жаққа қарап алаңдаған емес. Бұрыс қадамын сынайтын жерде сынайды, дұрыс қадамы болса, мақұлдайды. Ал, биліктен бірдеңені дәметіп, пікірін сатып көрген емес. Оппозиция қатарына қосылғанда да Балтекең әлдекімдердің шаужайында жүре бермейтінін, өз позициясынан таймайтынын айқын білдірді. Ешкімнің бет-жүзіне қарамай, турасын айтып салатынын, әділ жолмен жүретінін, бұлтақтауды, мәймөңкелеуді білмейтінін талай рет байқатты. Осы турашыл мінезі үшін, әділдікті жақтайтындығы үшін, халыққа шын жанашырлығы үшін, мемлекет мүддесін бәрінен жоғары қоятындығы үшін халыққа ерекше сүйкімді болды. Тағы бір айта кетерлігі – Балтекең әлдекімдер сияқты өз имиджін қалыптастыру үшін жылтыңдап баспасөз бетіне шыға беруді жақтырмайды. Журналистер тілек білдіріп жатса, бас тартпайды. Ал, жалпақ жұртқа жақсы көріну үшін өз тарапынан пиар ұйымдастыруды артық көреді. Біреулер жамандап жатса да, назар аудармайды. «Жұрттың аузына қақпақ боламыз ба, халық ақымақ емес, ақ-қарасын ажырата алады, қайтер дейсің, шәуілдеп-шәуілдеп қояр өздері-ақ», – деп күледі. Біреу біліп, біреу білмес, оның 1989-1990 жылдары Қазақ КСР-і Мемлекеттік агрокешен комитетінің төрағасы болып тұрған кезінде жаңадан құрылып жатқан «Ана тілі» газетіне көмек көрсетіп, кешен ғимаратының тұтас қабатын редакция ұжымына пайдалануға бергенін,автокөлікпен, қаржымен қамтамасыз еткенін айта кетейін... 2003 жылдың маусымында Қазақстанның демократиялық күштер форумы тең төрағаларының бірі Балташ Тұрсымбаев Жер мәселесіне арналған республикалық референдум өткізу жөнінде бастама көтеріп, ынталы топты басқарды. Президент баспасөз мәслихатында «Жерге байланысты ешқандай референдум өтпейді» деп, басып айтса да, оппозиция оған көнбеді, халықтың қолын жинады. Мен сол кезде аталмыш комитеттің заңдық қызметімен айналысып, Балтекеңмен қоян-қолтық жұмыс істеген едім. Сондағы байқағаным – Балтекең жер-жерден келген жанашыр жұртты ілтипатпен қабылдап, айтқан пікірлеріне құлақ қойып тыңдайтын. Әсіресе, орыстан шыққан белсенділер көп болды. Балтекең сонда: «Бұл қазақ деген неге соншалықты бойкүйез халық, қарашы әне», – деп, қатты күйзеліп, басын шайқайтын. Парламент заң жобасын 27 маусым күні қарау керек еді. Президент оған қарамастан, апыр-топырын шығарып, 20 маусымда қаратқызды. Қос палата депутаттары көпшілік дауыс беріп, сол күні президент қол қойып үлгерді. Ал, 26 маусым күні Балташ Тұрсымбаевтың көлігі өртенді. Оның өз өміріне де қауіп төнуі әбден мүмкін еді. Сонымен де қоймай, ынталы топ заң бойынша жұмысын жалғастыра берді. Балтекеңнің бірбеткейлігін, принципшілдігін сонда таныдым... Қазір ойлап қарасам: «Жер тағдыры, қазақ тағдыры таразыға түскен сол сын сағатта осы күні саясаткер бола қалған Рысбек Сәрсенбайұлы қайда қалыпты? Неге үн қатпады? Әлде ол кезде азаматтық ары, ұлттық намысы оянбады ма? Жанболат Мамай сияқты әлі боқмұрын бала емес, ел ағасы боларлық елуден асқан кезінде есі кірмеген бе еді?». Ол кезде Рысбек «Егемен Қазақстан» газетінің можантопай қызметкері болатын. Жо-жоқ, шынына келгенде, сол тұста оның інісі Алтынбек Сәрсенбайұлы министр боп тұрған кезінде ашып берген «Егемен» коммерциялық компаниясына түсіп жатқан табыстан басы айналып, көзін шел басқан-тұғын. Саясаттың иісі мұрнына бармайтын мақұрым еді. Енді келіп, баласымен жасты Мамайға қосылып алып, Балташ Тұрсымбаевты былай қойғанда, Петр Своиктің өзін көзге ілгісі келмей, бар болғаны өз пікірін білдірген оны қазақтың қас жауы қылып көрсеткісі келеді. Сол Своиктің саясат саласындағы атқарған ісінің жүзден бір бөлігін жасап көрсейші алдымен. Петр Своиктің Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған Жоғарғы Кеңес пен КСРО Жоғарғы Кеңесі Республикалар Кеңесінің депутаты болғанын былай қойғанда, еліміздегі демократиялық қозғалыстың көш басында тұрғандардың бірі екенін бүгінде біреу біліп, біреу білмейтін шығар. Еске сала кетейік, 1990-1993 жылдары ол ҚазССР Жоғарғы Кеңесі экономикалық реформа, бюджет және қаржы мәселелері жөніндегі комитеттің мүшесі, хатшысы болған. 1993 жылдан 1996 жылға дейін монополияға қарсы саясат жөніндегі мемлекеттік комитетті басқарды. 1994 жылы ол Қазақстан Социалистік партиясының тең төрағасы, 1996 жылдан төрағасы болып сайланады. Сол 1996 жылдың сәуір айында Мұрат Әуезовпен бірге кейінірек партияға айналған «Азамат» қоғамдық қозғалысын құрып, тең төрағасы болды. Ал, 2002 жылы әйгілі «Қазақстанның демократиялық таңдауы» (ДВК) оппозициялық партиясы саяси кеңесінің құрамына кірді. 2005-2006 жылдары ол «Әділетті Қазақстан үшін» қозғалысының басшысы болды. 2006 жылы Алматыда монополияға қарсы қоғамдық комиссия құрып, басқарды. 2007 жылдан бастап «Азат» демократиялық партиясы төрағасының орынбасары болды. Ал, бүгінгі таңда жала жапқыш жұп жерден алып, жерге салған ЖСДП басшыларының бірі болып отыр. Енді келіп, езбесін езіп, екіленген екеу Қазақстанға осыншалықты еңбек сіңіріп жүрген адамды «орыс» деп көзге шұқып, «орыс орыстығын істейді» дегенді алға тартқысы келе ме? Бұл қызылкөздердің еркіне салсақ, қазір осы Петр Своик пен Балташ Тұрсымбаевты қосақтап, екеуіне Жармахан Тұяқбайды және қосып, қасиетті қазақ жерінен көз көрмейтін, құлақ естімейтін алыстарға асырып жібергісі бар. Сондағы түпкі мақсаты не? Саясатты айтып сандырақтаған екеудің Еуразиялық одақ туралы оннан-мыннан құрастырып жазғанын оқып отырған адам айтылған аргументтерге алданып қалуы мүмкін. Шын мәнінде, бұл аргументтердің өмірдің шындығына төтеп бере алмайтынын, жарға соғылған қайықтай быт-шыты шығарын саясаттың иісі мұрнына бармайтын, өресі тар бұл екеуі қайдан білсін. Жұрттың алдында ақылды көріну үшін әлдекімдердің айтағына еріп, жаттап алған сөздерін тоты құстай қайталай бергеннен өздері де соған сеніп қалатын сияқты. «Қазағым, ұлтым» деп айта берсек, «ұлтшыл» болып көрінеміз деп ойлайды-ау, шамасы. Бұлардың қаншалықты «саясаткер» екенін сөзіне емес, ісіне қарап талдап көрейікші, ал... Кешегі «Егемен Қазақстан» газетінің можантопай қызметкері қалай «саясаткер» бола қалды? Оның тарихы қысқа, тамыры тайызда. Алтынбек Сәрсенбайұлы министр боп тұрғанда жекешелендіріп алған «Жас Алаш» газеті ол өмірден кеткесін біртіндеп оның жесір әйелі Салтанат Атушева мен ағасы Рысбек Сәрсенбайұлының қолына өтеді. Міне, осы кезден бастап ол «саясаттың» не екенін түсіне бастаған сыңайлы. Ал, шынтуайтына келсек, оның «көзін ашқан» – қазіргі әйелі Маржан Аспандиярова. Осы әйелмен көңіл қосып, інісінің қазасына жыл толмай жатып, яғни қазадан соң үш айдан кейін үйленіп алған ол соның күшті ықпалына түсіп, редакцияда өз саясатын жүргізе бастайды. Бұл турасында толық мәліметті zonakz.net сайтындағы «Жас Алашта» не болып жатыр?» атты мақаладан (комментарийлерімен қоса) алуға болады ( http://www.zonakz.net/blogs/user/zhas_per/10353.html). (Онда қоясын ақтарып айтылған Рысбектің құсық саситын істерін қайталап жазып жатуға біздің арымыз бармады.) Бар тарихы осы. Қазақта «Отызында орда бұзбаған, қырқында қамал алмас» деген аталы сөз бар. Інісі Алтынбектің атағымен («күріш атынан күрмек су ішеді», қайтерсің) 90 жыл бойы қазақтың рухани байлығы болған «Жас Алашты» қарпып қалған кешегі «Егемен Қазақстан» газетінің можантопай қызметкері Рысбек тіс қаққан саясаткерлермен иық тіресіп тұратын болды дегенге кім сенеді? «Бірін айт та, бәрін айт» деген, 90 жыл бойы рухани байлық болған «Жас Алаш» газеті бүгінде оның акциясының қомақты пайызын ұстап отырған Рысбек Сәрсенбайұлының материалдық байлығына айналып отыр. Сонымен қатар, ол «Жас Алашты» өзінің қарсыластарын тұқырту құралына айналдырып отыр. Ата сақалы аузына түссе де, ақылы толыса қоймаған оның жастарға не тәрбие беретінін ойласақ, ойымыз ойран, қиялымыз қайран болады... Кәріні кәрі, жасты жас десек, ал, мына Жанболат Мамайды бесіктен белі шықпай жатып, сасық саясатты шайқап ішкеніне қарап, «жын ба, пері ме өзі?» деп жағаңды ұстайсың. Рысбектің тәрбиесін көрген қу бала аярлығы, пасықтығы жөнінен ұстазынан оқ бойы озғалы тұр. Ағасы екеуі Жаңаөзен оқиғаларына байланысты айқайлатып атын шығарып еді, Козлов сотталып кеткеннен кейін, ол тақырыпты жылы жауып қойды. Өйткені, Жаңаөзенді айтса, Козловты еске алады жұрт, ал, «Мамай Козловты сатып кетті» деген ақпарат ғаламторда өріп жүр. Сосын ғой, Рысбек ағасы екеуі Еуразиялық одақ туралы тақырыпты шиырлап жатқаны. Онда да саяси қарсыластарын тірідей жерге көміп тастау үшін сондай пасық әрекеттерге барып отыр. Жаңаөзенді жылы жауып қойған бұлар ертеңгі күні Еуразиялық одақ туралы өңешін жырта айтуды қоя салады. Қашанғы, өздері жазып отырғандай, «кетiп қалған «пойыздың» соңынан далақтап жүгiре» бермек? Оның өзінде осы тақырыпты соңғы рет ұтымды пайдалана отырып, қарсыластарын аяқтан оңдырмай бір шалып қалуды көздегенін қайталап айтайық. Әйтпесе, қазақтың мүддесін қорғайын деген бұлардың титтей де ойында жоқ. Қазіргі уақытта Мамай «Ашық алаң» газетінің бас редакторы міндетін атқарып отыр. Осы басылымды кімдер қаржыландырып отыр деп бас қатыратындар бар. Оған бас қатырып керегі не, газетті ойлы көзбен оқып қараған адам «әккі гебист Жүкеевтің» қылтиып көрінген құлағын жазбай таниды. Ал, Жүкеевтің тасада тұрып тас атудың шебері екенін былайғы жұрт біліңкіремесе де, саясаттан хабары бар адамдар жақсы біледі. Сонымен, түлкібұлаңға салғандардың түпкі ойы не болды? Салғаннан турасына көшсек, осы көсеу ұстаған Жүкеев, Сәрсенбайұлы мен Мамайлар оппозиция алаңын атпал азаматтардан тазартып, өздері олардың орнын басқысы келеді. «Надандығы мен сатқындығы, пайымсыздығы басым түссе де, биіктеу мансаптарға құмартып жүретін, ондайдан дәмесін үзбейтін, бірде ар жақта, бірде бер жақта далақтай беретін ақылгөйсіген, күшеншек күрескерлер» деп өздеріне-өздері сипаттама берген бұлар биліктен дәмелі болса керек. Көсеу ұстағандардың көсем болуды көздейтін заман болды бұл. Десек те, бұл – тарихта баяғыдан бар құбыжық құбылыс. Ұлы Абай өз кезінде болыстыққа таласқан атқамінерлердің осындай мінезін мінеп: Бас-басына би болған өңкей қиқым, Мінеки, бұзған жоқ па елдің сиқын? – деген жоқ па еді? Және де, Абай айтқандай, «аузымен орақ орған өңкей қырт» бұларың «өз сөзінен басқа сөзді ұқпайды». Сөйтсе-дағы, бұл құбылыс жалғыз қазақта емес, басқа халықтардың да өмірінде бар. Жоғарыда блогер Данияр Наурыздың Төлеген Жүкеев пен Рысбек Сәрсенбайұлын «Поп Гапонның ізбасарлары» деп атауы тегіннен-тегін емес. Сөз соңында айтарымыз – Рысбек Сәрсенбайұлы қарақан басының мақсат-мүддесі үшін көсеу ретінде ұстап отырған «Жас Алаш» газетін қашанғы қорлатып қойып отырамыз?! Ол – қазақ халқының 90 жылдық тарихы, талай ұрпақты тәрбиелеп өсірген рухани байлығы емес пе?! Неге ол ниеті қисық, пиғылы пасық адамның лас қолдарындағы атпал азаматтарды қаралау құралы болуы тиіс?! Осыны қоғам болып ойласып, ақ-қарасын ажырататын арнайы комиссия құрып, нақты бір шешімге келетін кез жетті.Қайырбек ЖЕКСЕНБИЕВ
MAIDAN.kz
02.07.2014.
"КАК "ЖАС АЛАШ" ПРЕВРАТИЛСЯ В ОРУЖИЕ ПАСКВИЛЯНТОВ?" http://www.zonakz.net/view-kak-zhas-alash-prevratilsja-v-oruzhie-paskviljantov.html