ҚАЙТҚАН малда ҚАЙЫР БАР... Байқоңырды өзіміз игеруіміз керек.
2014 ж. 06 тамыз
2399
1
Жаттың жерін жаулап алған бүгінгі орыс билігі саяси ғана емес, экономикалық жойқын қысымға түсті. Елдің қазынасы ортайып, өнер мен ғылымның марқасқалары В.Путиннің озбыр қимылдарына ашық қарсы шықты. Әлеуметтік желілерде Новосибирск, Калининград, Екатеринбург қалалары тұрғындарының Кремльдің, Путиннің жаугершілік саясатына қарсы наразылық толқулары басталды да, орыстың ірі кәсіпкерлері отбасылары мен жиған-терген байлығын алып, шетелдерге қаша бастады...
...2016-2018 жылғы зымыран-ғарыш саласына бағытталған Ресейдің федералдық бюджетінің позициясы соңғы екі аптада нашарлап кетті. Сол себепті, Ресей Қаржы министрлігі Байқоңыр ғарыш айлағына қаржы бөлуді тоқтатуды жоспарлап отыр. Ресейдің Ғарыш инфрақұрылымын пайдалану орталығының бас директоры Сергей Лазарев: «2016 жылы Байқоңырға 2,5 миллиард рубль бөлу қарастырылған болатын. Біз одан көп сұрағанбыз. Алайда, Қаржы министрлігі қосымша бір тиын да қарастырмапты. Яғни, бұл біздің космодромдағы мамандар ұжымына қаржы берілмейді деген сөз».
Адамзат баласы тұңғыш ғарышқа ұшқан атақты Байқоңыр ғарыш алаңы қазақ топырағыда орналасқанымен, 60 жылдан бері Ресейдің құзырында болды. Тәуелсіздік алған Қазақ Елі ғарыш алаңын орысқа ұзақ жылдарға жалға берген еді. Бірақ, озбыр орыс ғарыш кемелерін ұшыруға ең арзан, тіпті, әлемде тыйым салынған жанар-жағармай пайдаланып, қазақ топырағы мен халқын аяусыз улап келеді...
Бір оқырман айтпақшы: «Байқоңырды – кедей қоңырға айналдырған орыстар....», шынын айтқанда, сансыз құлаған протондарымен жеріміз бен ауамызды улап, Байқоңыр жерінің сөлі сығылып, соры ғана қалды.
Батыр һәм ақын Махамбет бір заманда:
«…Жаманменен дос болсаң,
айрылмас күні қос болсаң
басыңа қиын іс түссе
басқа кетер бөлектеп,
қолдан берер есептеп,
сыртыңнан жүрер өсектеп...» – деп, орыстың орнықсыз болмысын дөп басып айтып еді. Ал, саясаттанушы Айдос Сарым: «Ресей билігі шындығында да өз ақшаларын санай бастады және ерте ме, кеш пе Байқоңырдан кету керек екенін білді. Екі бірдей ғарыш айлағын қаржыландыру олар үшін қымбат болмақ»-дейді.
Байқоңырды өзіміз игеруіміз керек. Алып ғарыш айлағы үлкен қоқыс алаңына айналмауы үшін, тез арада жастарымызды ғарыш саласының мамандықтарына өркениетті елдерде оқытуымыз керек. Атамыз қазақ: «Қайтқан малда қайыр бар» дейді, Байқоңырдың өз иесіне қайтуы – ақ түйенің қарынының жарылғаны: әділ шешім, зор қуаныш, жарқын болашақ!
...Жер бетіндегі әрбір 7-ші адам қытай, әрбір 5-інші тұрғын жүйке сырқатына шалдыққан адам болып тұрған қоғамда – қазаққа басқа әлем туралы мықтап ойланбаса болмас?!.
Қажымұқан ҒАБДОЛЛА
qazaquni.kz