Қазақстан әлемдік әскери рейтингте соңғы орындарда орналасты!
2014 ж. 28 шілде
5571
2
Қазақстан қарулы күштері нақты құрамы әскери құпия болғанымен, түрлі дерек бойынша, оның саны 60-65 мың адам шамасында деп бағаланады деп жазады Азаттық.
Strategypage.com сайты деректеріне сәйкес, Қазақстан қарулы күштерінің коэффиценті 100 пайыздық жүйе бойынша тоғыз пайыз деп бағаланды. Он балдық жүйе бойынша Қазақстан әскери дәстүрлері "екі", ал басқару сапасы "бес" деген баға алған. Ал Батыстың тағы бір институты - Global Firepower зерттеу ұйымының дерегі бойынша, әскери қуат рейтингінде Қазақстан 106 елдің ішінде 80 орынды иеленген.
Ал бұл рейтингте 21 орында тұрған Украина қару-жарағының 90 пайызы ескірген деп саналады. Украинадағы соңғы оқиғалар елдің қарулы күштерінің шығыстағы сепаратистерге қарсы тұруға қауқарсыз екенін көрсетті.
ҚАРЖЫЛАНДЫРУ МЕН ҚАРУЛАНУ
Қазақстан армия ұстауға қыруар ақша жұмсайды. АҚШ орталық барлау басқармасы (ЦРУ) сайтының хабарлауынша, Қазақстан жыл сайын жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 1,2 пайызын қорғаныс саласына бөледі. Қазақстан қаржы министрлігі деректері бойынша, 2014 жылға арналған республикалық бюджетте қорғаныс саласына 362 миллиард 700 миллион теңге бөлу жоспарланған. Бұл - бюджеттің жалпы шығысының шамамен 5,3 пайызы, яғни екі миллиард АҚШ долларын құрайды. Биыл бөлінген соманың 30 пайызға жуығы қару-жарақ, әскери және өзге де техниканы жетілдіру, қалпына келтіру және сатып алуға жұмсалуы тиіс. Кейбір сарапшылар әскери бюджет көлемі жыл сайын ұлғайғанына қарамастан, Қазақстан армиясы әлі күнге дейін өткен ғасырда шыққан ескі, қазіргі заманға сай емес техникамен жарақтанған деп есептейді.
Қазақстан қарулы күштері көбінесе негізінен Совет одағы тұсында және Ресейде шыққан Т-72 танктері, БМП-2, БТР-80А және БТР-82А бронды машиналары, МиГ-27, МиГ-23, МиГ-29, МиГ-31, Су-27 ұшақтарымен жабдықталған.
Запастағы генерал-майор Әмірбек Тоғысовтың пікірінше, қару-жарақ пен техникамен қамтылу жағы - Қазақстан армиясының осал тұстарының бірі. Қазақстанның қорғаныс өнеркәсібі Совет одағы кезіндегі әлеуетінен айырылып қалған. Запастағы генерал-майор Махмұт Телеқұсов Азаттыққа берген сұхбатында стратегиялық қару-жарақ сатып алу көлемін ұлғайту қажеттігіне назар аударады. Өйткені, оның айтуынша, Қазақстан армиясы негізінен өткен ғасырдың - шамамен 1970 жылдары шыққан үшінші буын техникасымен жарақтанған. "Оны жетілдіріп, төртінші буын техникасына айналдырғылары келеді. Бірақ бұл мүмкін емес әрі ақылға қонбайтын қиял. Ал қазір әскери техниканың бесінші буынын пайдаланып отырған әлем елдері жуырда алтыншы буын техникасына көшпек", - дейді ол.
Оны жетілдіріп, төртінші буын техникасына айналдырғылары келеді. Бірақ бұл мүмкін емес әрі ақылға қонбайтын қиял. Ал қазір әскери техниканың бесінші буынын пайдаланып отырған әлем елдері жуырда алтыншы буын техникасына көшпек.
Ал, Қазақстан армия бөлімшелерінің мамырдың 7-сі күні Астанада өткен парадында елдің қарулы күштері "Орталық Азиядағы ең үздік әрі күрделі әскери міндеттерді орындауға қабілетті армия" деп сипатталды. Соңғы екі жыл ішінде Қазақстан қорғаныс министрлігі "әскери техниканы сатып алу мен жөндеу кезінде коррупциялық қылмыстарға жол берді" деген айыппен талай жанжалға ілікті. Былтыр жазда қорғаныс министрлігі қару-жарақ бас басқармасының бұрынғы бастығы Алмас Әсенов "ірі көлемде пара алды" деген айыппен 11 жылға сотталып, генерал шенінен айырылды әрі дүние-мүлкі тәркіленді. Генералмен бірге Украинаның екі азаматы – әскери техниканы экспорттайтын "Укрспецэкспорт" компаниясының мамандары да сотталды.
ДОКТРИНА: ҰЖЫМДЫҚ КӨМЕККЕ АРҚА СҮЙЕУ
2011 жылдың қазанында Қазақстанның әскери доктринасы қабылданды. Бұл доктринаға сәйкес, елдің қарулы күштерінің негізгі міндеті – армияның ішкі саяси тұрақтылықты сақтауға әзірлігі мен төмен және орташа дәрежедегі әскери шиеленістерде тойтарыс беру міндеттерін орындауын қамтамасыз ету. Генерал-майор Махмұт Телеқұсовтың пікірінше, Қазақстанда төмен дәрежедегі шиеленістердің алдын алу жаттығулары ғана өтеді. Яғни ел әскері атыс қаруы мен қолдан жасалған жарылғыш құрылғылармен ғана қаруланған террористік ұйымдар, бандалық құрылымдары жою әдіс-тәсілдерін ғана үйренеді. "2006 жылдан бері орташа дәрежедегі қауіп-қатерге тойтарыс беруге үйрететін бір де жаттығу өткен жоқ. Бұл - экономикалық және әскери потенциалы әлсіздеу мемлекеттер арасындағы соғыс. Бригада командирлерінен бастап қорғаныс министрі орынбасарларына дейін үйрету үшін осындай жаттығулар өткізу қажет", - дейді Махмұт Телеқұсов.
2006 жылдан бері орташа дәрежедегі қауіп-қатерге тойтарыс беруге үйрететін бір де жаттығу өткен жоқ. Бұл - экономикалық және әскери потенциалы әлсіздеу мемлекеттер арасындағы соғыс. Бригада командирлерінен бастап қорғаныс министрі орынбасарларына дейін үйрету үшін осындай жаттығулар өткізу қажет.
Әскери доктринаға сәйкес, мемлекет жоғары дәрежелі шиеленіс кезінде әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ұжымдық жүйелердің көмегіне сүйенеді. Қазақстан Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымы (ҰҚКҰ) және Шанхай ынтымақтастығы ұйымы (ШЫҰ) сияқты ұжымдық ұйымдарға мүше. Бұл екі ұйымның негізгі ойыншылары – Ресей мен Қытай. Әскери әлеуеті жағынан екі елдің армиялары АҚШ армиясынан кейін екінші және үшінші орында тұр.