Білім министрі тест сауалына жауап бере алған жоқ!
2014 ж. 05 маусым
3145
2
ҰБТ сұрақтарына түлектер түгілі Білім министрінің өзі жауап бере алмады. Аслан Сәрінжіпов Алматыда сыра зауытының қашан ашылғанын білмей журналистердің алдында әбден састы.
Ата-аналардың айтуынша, дәл осы сұрақ тесте кездескен. Сондай-ақ, екі күннің ішінде 10 мыңнан астам түлек те сыннан сүрініп жоғарғы оқу орнына түсем деген арманынан біржола қол үзді. Олар ең төменгі 50 балды да жинай алмаған деп хабарлайды КТК арнасы.
Астанада ҰБТ осымен үшінші күн өтуде. Нөсерлі жауынға қарамастан есік алдында ығы-жығы адам. Ата-аналар емтихан тапсыруға кірген балаларын кірпік қақпай күзетіп тұр.
Бір кезде мониторға үңілгендер "ұялы байланысты тұншықтыратын құрал аудиторияларға алалап қойылған" деп шу шығарды. Сөйтіп неге екені белгісіз жауапты шенеуніктерден емес, тілшілерден араша сұрады.
Астандағы ата-аналар қауіпсіздікке көңілі толмай айқайға басса, атыраулықтар тестегі тарих пәнінен кездескен сұрақтарды көріп, жағасын ұстап отыр.
"Тестілеуге әзірленгенде қызыммен бірге оқып отырғанда қараймын ғой. Алматының сыра зауыты қай жылы ашылды деген сұрақ жүр. Екінші, Махамбеттің руы кім дейді. Балаларды рушылдыққа үйретпейміз дегеніміз қайда?", - дейді талапкердің әкесі Марат Жүнісқалиев.
Алматыда сыра зауытының қашан ашылғанын түлектер түгілі Білім министрінің өзі білмейтін болып шықты. Аслан Сәрінжіпов тесттегі сұраққа жауап бере алмай журналистердің алдында біраз қызарды.
Есесіне министр келесі жылы сынаққа түбегейлі өзгеріс енгіземін деп құлшынып отыр.
Жалпы, екі күннің ішінде ҰБТ-да 10 мыңнан астам мектеп бітіруші сүрініпті. Бұл түлектер ең төменгі 50 баллды да жинай алдмаған. Енді олар жоғарғы оқу орнының есігі мүлдем жабық. Ал осы аралықта оқушылардан 2 307 ұялы телефон, 2 641 шпаргалка, 83 калькулятор, 13 фотоаппарат, 4 рация 1 сканер мен 1 кеңсе пышағы табылған.
Еліміздің бас ұстазының ғана сынаққа көңілі тоқ секілді. Алд еліміз бойынша 25 мыңнан астам түлек тест тапсырып үлгерді. Осы аралықта екі түлек қана ең жоғарғы - 125 балл жинады. ҰБТ-ның әлі 4 күнге жалғасатынын ескерсек, оның да жанжалсыз өтпейтін түрі бар.
NUR.KZ