Сырттай білім беруді оқу орындары табыс көзіне айналдырып отыр
2014 ж. 04 ақпан
2744
0
ҚР Президенті жанындағы ОКҚ баспасөз мәслихаты барысында ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов сырттай оқудың толық жабылмайтыны мәлімдеді, деп хабарлайды BNews.kz.
Сөз басында министр бұл мәселенің қайдан шығатынын білетінін айтты. Оның пікірінше, телеарналардың бірі "министрлік сырттай оқу түрін жабайын деп жатыр" деген ақпаратты таратқан болатын.
"Бұл ретте біз басты назарға оқу түрін алып отырған жоқпыз, сырттай болсын немесе күндізгі бөлім болсын, біз білім беру сапасына көңіл бөліп отырмыз", - деді А.Сәрінжіпов.
Министрдің айтуынша, сырттай білім беру өзінің сапасына байланысты әрдайым ведомство назарында. Ол білім сапасы жоғары болса, сырттай оқуға қатысты сауалдар туындамайтынын атап өтті.
Аслан Сәрінжіпов сапасыз білім, дипломдар мен бағалардың сатылуына біз қол қусырып қарап отырмайтынын алға тартты. Бұл сырттай да, күндізгі бөлімге де қатысты жайт. Жекелеген ЖОО-лар сырттай білім беруді табыс көзіне айналдыруы бөлек мәселе екенін министр қадап айтты.
Білім министрінің мәлімдеуінше, бүгінде сырттай білім беруді толық жауып тастау мәселесі көтеріліп отырған жоқ. Дерек көзі бойынша, қазіргі уақытта 250 мың студенттің 150 мыңға жуығы сырттай білім алуда.
Елімізде сырттай білім алу бойынша педагогикалық мамандықтар көш ілгері тұр. Олар 35 мың гранттың шамамен 1 мыңын құрайды екен. Соның ішінде, төрттен бір бөлігі - өз бетімен оқуға түсетіндер. Сондықтан, әзірге бұл бағытты толығымен жауып тастау мүмкін емес.
bnews.kz