Семейде патшалық кезең мен кеңестік кезеңнің төлтаңбалары дәріптелуде
2014 ж. 28 қаңтар
7403
53
2012 жылдың қысынан да аман шығып, қардың босаңсып, көктемнен де хабар келе бастаған шақ еді. Күн біресе жылып, біресе суытып дегендей, алмакезек ауысқан беймаза уақыт болатын. Содан бері-де, аттай бір жарым жыл өтіпті-ау.... Осындай бір нәрсені ойлаған кезде ғана, адам өмірінің қамшы сабындай қысқа екенін, алуақыт шіркіннің зымырап тез өте шығатынына көзің жетеді екен.Сол кешкі хабарда, дұрысы бұдан аттай біржарым жыл бұрын берілген хабар менің есімде мәңгі сақталады. Өйткені, сол жаңалықтарда қаланың төлтаңбасын(гербі) жаңарту жөнінде ақпараттар берілді.Жергілікті тарихшылар және қаланың жанашыр азаматтары сөйлеп, жаңа төлтаңбаға ұсыныс түсірді. Мен балаша қуандым. Ғылым мен білімнің ортасы, кешегі алты Алаштың астанасы болған, зиялы қауым қаласы атанған«қасиетті мекен» Семейдің ақ патшаның отары болғанын еске салып тұратын төлтаңбадан құтылатын күн туды-ау, ақыры деп. Төбем көкке жеткендей алабұртқан күй кештім. Мен бұған дейін газет беттерінен, аялдамаларда, дипломдарда қолданысқа еніп жүрген алты түрлі төлтаңбаларды көріп қынжылатынмын. Семей қаласы қашан өз төлтаңбасына ие болар екен, осы бассыздыққа тосқауыл қоятын ел басқарған бір азамат табылмайды ма екен. Әлде, Семейде таңба жасауға қабылетті, өресі жететін бір суретші жоқ па деген намыс та қамшылайтын әрине. Бар екеніне сенемін, тек бәрі әділ болса. Теледидарда көрсетілген хабарды ести сала мен сол күні- ақ іске кірісіп кеттім.
Бірақ, бұл шаруа мен ойлағандай оңай шағыла салар жаңғақ емес екендігін көрсетті. Басталмай жатып тығырыққа тірелдім. Өйткені заңды құбылыс, әркім қала туралы қалада не көрсе соны салатыны түсінікті жәйт. Дегенмен, таң атқанша бір-екі жобаның басын құрап шыққандай болдым да,сағат таңғы тоғыздан бастап теледидардан «Семейге жаңа төлтаңба қажет» деп, осы хабарды ұйымдастырған жігітті іздедім. Семей қанша дегенмен, жиырма бес миллион халқы бар Пекин емес қой, тез тауып алдым. Ұялы телефонмен хабарласып, менің де осы жобаға қатысқым келетіні туралы өтінішімді білдірдім. Ол кісі маған келемін деп уәдесін берді. Жұмыс уақыты бітіп, енді қайтқалы жатқанда бір жігіт кіріп келді, бірден таныдым, сол теледидардан көрген «Туған қалам- Семейім» қоғамдық қорының төрағасы Айдын Рысбекұлы деген азамат екен. Таныса келе, өзінің осы жобамен айналысып жүргеніне он жылдан асқанын, бірақ әлі де оң нәтижеге қол жеткізе алмай келе жатқанын баса айтып өтті. Мен жасаған жобаларды көріп ұнағанын айтып, жақында өтетін «Қала және қалалықтар» айдарымен берілетін хабарға шақырды.
Мұны ести сала, мен өте мұқият дайындала бастадым, өз жұмыстарымды қайта саралап өттім, бірақ көңілім толмады. Мен енді ғаламтор арқылы «геральдика» ғылымы жөнінде лекциялар тыңдай бастадым, сол кезде барып осы уақытқа дейін өзім жасаған жобалардың қате екеніне көзім жетті. Өйткені, қала «төлтаңбасында» адам қолымен жасалған қалада көрініс беріп тұрған сәулет өнері: ғимараттар, көпірлер, ескерткіштер т.б. қоюға қатаң тыйым салынады екен, мысалы: Семейдегі «аспалы көпір», «ұлылардың ескерткіші», т.б . Мен нағыз тығырыққа енді тірелгенімді ұққандай болдым және бәрін де басынан бастау керек екенін түсіндім. Бір істі бастаған соң оны аяқсыз тастамау керек. Мейлі, ол алынбас қамалдай көрінсе де енді шегінер жер жоқ деген ой бірден келді. «Төлтаңба» ішіне кіретін белгілер сонау өткен тарихымыздан сыр шертуі тиісті және қаламыздың қазіргі кездегі заманауи көрінісінен де бір белгі болуы керек деп, шештім. Нағыз ізденіс енді басталды. Мен қаламыздың тарихын зерттеп, Семей қаласының еліміз үшін маңызы, біздің ата-бабаларымыздың кім болғанын, біздің мәдениетіміз қайдан бастау алды деген сұрақтар төңірегінде біраз тер төктім деп ашық айта аламын. Тіпті күн мен түнді ауыстырып та алдым-ау деймін. Өйткені, жарымның да әлсін- әлсін «демалсаңшы» деген ескертпесіне де құлақ аса қоймайтынмын. Қаламыздың өткен тарихы мен бүгінін байланыстыру керек болды. Көне түркілерге жататын сары ұйғырлар тілінде Семей атауы -«киелі мекен» деген ұғымды білдіреді екен. Мен қала таңбасы бабаларымыздың жүрген жолынан, мәдениетінен оның жауынгерлік рухынан да сыр шертуі керек деген байламға келдім. Солай болуы керек те. Семей қаласы тарихшы қауым арасында Қимақ мемлекетінің «Имақия» қаласы болғаны, одан бері «Дорджинкит» немесе «Дорджиин-Кит» атанғаны да айтылып жүр. Дегенмен де, Семей қаласының қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолы үшін маңызы зор болғаны ақиқат. Бұл жағдайды да ескеру керек болды және де қаламыздың Алаштың астанасы болғаны да бұлтартпас айғақ екені де шындық. Кешегі Алаш арысы Ж.Аймауытовтың айтқан сөзі бар екен: «Семей- бір губерния елдің миы, ақыл- ойының табысы» деген. Елінің болашағы үшін бастарын бәйгеге тіккен, ешкімге бас имеген ата-бабаларымыздың өткен жолдарынан көрініс беріп тұруы заңды құбылыс. Әйтпесе, жаңа көпірді немесе басқада ғимарат ескертіштерді салуға болушы еді. Бірақ, бұл Семейдей қала үшін тым арзан дүние болып шығар еді және де геральдика заңын да сақтау керек. Қаланың жаңа көрінісін өткен тарихымызбен байланыстыра алдым деп ойлаймын. Әрине, бағасын халық береді ғой. «Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ» дейді халық даналығы. Сонымен, ұйқысыз түндер, ізденіспен өткен күндер, өз нәтижесін бере бастады. Мен, әл-қадырымның жеткенінше, өз көзқарасым бойынша, төлтаңба жасап шықтым. Және ол төлтаңбаның түсінігі де өзіне лайық болуы керек болды, бірақ оны жазып шығу мен үшін қиын болмады. Өйткені, мен өзім жасаған «төлтаңба» -ның әрбір белгісіне дейін жатқа білемін. Ол менің қазір ажырамас бір бөлшегім екенін де мен жақсы түсінемін. Сонымен, мен «Қала және қалалықтар» хабарына түстім. Содан соң, мен «Орта толсын» бағдарламасына шақырылдым, шамамның жеткенінше түсіндіріп дәлелдеуге тырыстым. Осы төлтаңбалар жөнінде бастама көтеріп келе жатқан «Туған қалам - Семейім» ҚҚ ұйымдастыруымен, дөңгелек үстелдер, конференциялар, қоғамдық тыңдаулар өтіп, қала тұрғындарының пікірлері де тыңдалды. Газет беттерінде де, қызу талқылана бастады.Және де, 2012 жылдың 5 шілдесі күні әкімдіктен хабарласып, маған өз жобамды мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне әкелуімді сұрады. Өткізіп едім, бірақ нағыз шырғалаң енді басталатынын білмеппін жәнеде білетін көріпкелдігім де жоқ. Біраз уақыттан соң, мен Семей қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Ғ. Смайыловада болдым. Онда маған жобамның әкім канцеляриясына өткендігі айтылды. Канцелярияда мен өз жобаларыма қол қойдым (4-дана еді). Қуанып жүріп, канцелиярияға өткізгенім жайында растаманы да алуды да ұмытыппын. 2012 жылы қазан айында менен жобалардың электронды көшірмесін архитектураға өткізу тапсырылды, өткіздім. Онда маған жобаның әкімге ұнағанын тек, мүмкін болса толықтыру керек деген ой айтылды. Айта кетейін дегенім, осы уақыттар аралығында менің қасымда, Семей қаласының төлтаңбасын қабылдауға жанын сала кірісіп жүрген Айдын Рысбекұлы да бірге болды. Сол күндерден бастап, менің нағыз ұйқысыз, мазасыз күндерім басталды. Өйткені, әкімдік ешқандай да конкурстың анықталмағаны жайлы және де ешқандай жобаның жоқ екені жайлы түсіктеме берді. Ол туралы түсініктеме берген облыстық ішкі саясат бөлімінің бастығы Е. Нұрғалиев мырза болса, Елтаңбамыз тұрғанда әр қалаға, әр ауданға төлтаңба қажет пе деген уәж айтады. Осынау жауапты алған соң, мен бұл жайында Мәдениет және ақпарат министрі Мұхтар Құл- Мұхамед Абрарұлына сұрау жібердім. Министрдің жауабын келтіре кетуді жөн санадым: «Құрметті Ерлан! Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Елтаңбасын пайдалану "Мемлекеттік рәміздер туралы ҚР Конституциялық заңымен реттеледі. Конституциялық заң облыстар мен қалалардың елтаңбасын пайдалану мәселелерін реттемейді. Еліміздің әкімшілік аумақтық бірліктерінің өз нышаны болуы қолданыстағы заңдарда көрсетілген. Мәселен, "Алматы қаласының ерекше мәртебесі туралы ҚР Заңына сәйкес қаланың өз елтаңбасы бар, ол қаланың Қазақстан Республикасының мәдени, саяси, экономикалық және ғылыми орталығы ретіндегі ерекшеліктерін, сондай-ақ оның географиялық орналасқан жері мен қоршаған ортасының ерекшеліктерін бейнелейтін нышаны болып табылады. Сондай-ақ, "Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы ҚР Заңына сәйкес Астананың өз рәміздері: елтаңбасы, туы және гимні бар. Рәміздердің сипаттамасын, олардың пайдалану тәртібін Астананың мәслихаты айқындайды делінген. Осыған байланысты, облыстар мен қалалардың өзіндік символдарының болуы қолданыстағы заңнамаларға қайшы келмейді және олардың әр өңірдің өзіндік ерекшеліктерін білдіріп тұратын тарихи, тәрбиелік мәні бар деп есептейміз». Құл-Мұхамед М.А. Сәрсенбі, 25 желтоқсан 2013 жыл. Көріп отырсыздар, заңға қайшы келмесе, тәрбиелік мәні жоғары болса, онда әкімшіліктің бұл қарсы әрекетін қалай түсінуге болады.

Қала төлтаңбасына түсінік
Болашақта, Семей қаласының жаңа төлтаңбасына байқау жарияланатын болса, төмендегі суретте көрсетілген жобамды ұсынған болар едім!
Таңбаның дөңгелек немесе шеңбер болуы ол осы таңба ішіне кірген белгілердің ғұмыры мәңгілік болсын деген ойдан туындады. Өйткені, шеңбер ол шексіздік немесе мәңгілік деген ұғым. Көк түс- төбедегі бұлтсыз ашық аспан түсі, ол геральдика тілінде- адалдық, сенімділік, үміт. Ежелгі түркі тілінде «көк» сөзі аспан деген ұғым, ал көк түс түркі халқы үшін қасиетті түс. Күн- ол геральдика заңдылығында- тіршілік жарығы, жылылық көзі дегенді білдіреді. Таңба ішінде күн бейнесінде оюлы шуақ шашқан шаңырақ бейнеленген, оюдың жалпы саны отыз екі, ол «отыз екі тістен шыққан сөз отыз рулы елге жайылар» деген мәтелді еске түсіреді. Еліміздің даңқы артып, мерейі үстем болып, бар әлемге тарасын деген ұғымда алынды, ал күн шуағының оюмен берілуі де ұлттық ою өнерін насихаттайды. Егер киіз үйді жоғарыдан төмен қараса, онда шаңырақ күнге, ал уықтар оның сәулелеріне ұқсас. Халық санасындағы фәни өмірден нұр жауып тұрған аспанға ұмтылу идеясы осы бейнеден өз көрінісін тауып тұрғандай. Ал оның ішіндегі күлдіреуіштер арасындағы төрт бөлікке түндік ішіне ай, жұлдыз, атқа мінген адам және түйелер бейнеленген. Бұл біздің төрт құбыламыздың тең екенін көрсетеді. Ай мен жұлдыз айың тусын оңыңнан, жұлдызың тусын солыңнан деген қаламызға деген ізгі тілек және Семей қаласының алғашқы төлтаңбаларынан алынған бір көрініс. Туып келе жатқан жаңа ай- егемендігін кеше ғана алған ел болашағы, ал жұлдыз- бес материкке деген біздің дастарханын жимаған ашық қонақжай ақ көңіліміз. Атты адам- қос құрлықты көктей өтетін Ұлы Жібек жолын алғаш игерген Қытайдағы түп ағашын түптеген жаяу шаруа емес, желмен жарысқан сәйгүлік мінген, сар даланы ат тұяғымен дүбірлеткен салт аттылар «Көк Түріктің» ұрпақтары екенін мойындау үшін архивтік айғаққа жүгінудің еш қажеті жоқ. Ал біздер сол жауынгер халықтың ұрпақтарымыз, жалғасымыз. Алыс жол жүріп келіп дамылдап тұрған қос өркешті түйелер жайлы айтатын болсақ, ғасырлар жүгін арқалаған дала кемесіндей түйелерсіз Ұлы Жібек жолын көзге елестету еш мүмкін емес. Семей қаласының Ұлы Жібек жолы үшін маңызы болғаны тарихтан белгілі, сол маңызын әлі де жоғалтқан емес. Бұл белгілер бәрімізге ортақ петроглифтерден алынған біз, тастағы таңбаларымызды ұмытқан күні тарихымыз да жоғалады сондықтан оны жоғары ұстау қасиетті борышымыз. Күн шуағымен жалғаса қызыл түске берілген алты ою- алты алаштың баласын көз алдыңа елестетеді. Семейдің алты алаштың астанасы болғанын еске түсіреді, олардың орталарын ала ұшқан жеті қарлығаштар алаш арасындағы мәңгілік татулықты білдіреді. Семей атауы сары алтын түспен жазылған,таңбаның төменгі жағынан орын алған, ол қаламыз алтындай бағалы болып жарқырай берсін, деген жақсы тілектен туындады. Қызыл түс көшпенділерде отты білдіреді, демек маздай жанған ошақ оты - жылылық сәулесі, күннің кішкене бөлшегі . Қарлығаштардың ошақты айнала ұшуы да ошағымызда, демек шаңырағымызда мәңгі бейбітшілік болсын деген ұғымды білдіреді. Қарлығаш саны жетеу, жеті киелі сан. «Жеті ата», «Жеті қазына» , «Жеті жарғы», «Жеті қабат жер», «Жеті қат көк» т.б. ұғымдары ата-бабамыздан келе жатқан қасиетті сөздер. Түйемойнақ аралындағы « Бейбітшілік» монументіне де осы жеті қарлығаштың қойылуы да елімізде бейбітшілік болсын деген ізгі тілектен туындаған. Демек бұл қаламыздың бүгінгі келбетін айшықтайды. Ал осы қарлығаштардың ошақты айнала ұшуы, ол бейбітшілік мәңгі болсын деген ұғымды білдіреді. Өйткені, қарлығаш қазақ ертегілерінде бейбітшілік құсы болып саналады.Ерлан ӘМІРБЕКОВ
Семей қаласы
www.qazaquni.kz
Сілтемені қараңыз:
Семейдің гербі – Ресей патшалығының отарлау саясатын айқындайтын 1878 жылғы герб… http://www.qazaquni.kz/?p=12245