Біздегі білім реформасы күнде көйлек ауыстыратын сәнқой келіншек секілді
2013 ж. 25 желтоқсан
3715
1
Білім саласының сырт елдің жылт еткенінің бәрін үстіне жапсырып алып, соңында өзін де, өзгені де әуреге түсіруі жұрттың жүйкесіне тигені бүгін емес. Сондықтан шығар, реформашыл білімнің әсіресәнқойлығы кейінде жиі сынға ұшырай бастады. Реформадан реформа қоймай жүрген білім-ғылым саласы күніне көйлегін бірнеше рет ауыстыратын, соңғы сәндегі көйлекті кимесе, ішкені бойына сіңбейтін сәнқой келіншек секілді кейде. Министрлер ауысқан сайын, сөйтіп, білімге су жаңа көйлек, анау-мынау емес, батыстың «брендтік» көйлектерін «кигізуге» кұмар-ақ...
Ондағы оқтын-оқтын емес, дүркін-дүркін жүзеге асатын реформа мұғалімді де, баланы да, ата-ананы да, ең ақырында жоғары жақтағылардың да жынына тигені мәлім. Ол бер жағы. Қарап отырып, «жүректері айнитын» болған. Олай етпей ше, білімнің маңдайына кейінгі 13 жылда жеті министрді жазыпты. Бағы ма, әлде соры ма, білмейміз. Бірақ министрі ауысқан сайын реформасы қоса ауысатын саланың өзі де бүгінде реформа десеңіз, құлын тастайтын күйге жетті. Өйткені мектепалды даярлықтан бастап, ғылымға дейінгі аралықты қамтыған білім саласы сынақ алаңына айналып кеткелі қашан. Реформасы көбейгенімен, нәтижесі артпай тұрғаны да ешкімге құпия емес.
Бұдан бұрын министрлік жария еткен мәліметтер реформаға әуес білімнің биіктен көріне алмай жүрген пұшайман кейпін көрсеткен-ді. Атап айтқанда, дәл қазіргі таңда Қазақстан «Бастауыш біліммен қамту» индикаторы бойынша – 118, «Ғылыми-зерттеу ұйымдарының сапасы» бойынша – 108, ғалымдар мен инженерлердің қолжетімділігінде – 104, ЖОО мен бизнестің ғылыми-зерттеу және тәжірибелік жұмыстар арасындағы ынтымақтастығы бойынша – 90, «математика мен жаратылыстанудың сапасы» бойынша 81 орында екені белгілі болған-тын. Реформасы көп саланың реңі неге бұлай солғын?!
Көрсеқызарлық көсегені көгертпейді
Білімдегі бейдауа дертке айналған реформаторлық әдеттің жат жұртқа қарап, әуесқойлық екені айтылудан кенде емес. Халықаралық стандартты қалқан етіп ұстағандардың арқасында талай реформаның дәмін татқан білімде бүгінде, ең құрығанда, жібі түзу оқулық табу қиын. Ал ұстаздар мұғалімдікті қойып, қағазбастылықтан көз ашпайды.
Дариға НАЗАРБАЕВА, ҚР Парламенті Мәжілісінің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:
– Қазақстандық білім жүйесін, бұл жиырма жылдан бері айтылып келе жатыр, реформаторлық әуестенушілік жайлап алды. Біз көптеген, аяғына дейін жетілдірілмеген реформалардың куәсі әрі қатысушысы болып келе жатырмыз. Халықаралық стандарттарға сілтеу сәнге айналып кетті. Оның айтуынша, барлық-дерлік дамыған елдер қазіргі мақтан тұтатын стандарттарға жеткенше ұзақ және күрделі даму жолынан өтті.Біз сәулеті, дәулеті, келісті мектептер салуды үйрендік. Бірақ бұл жеткіліксіз. Білім жүйесінің жүрегі ұстаз болып табылады. Біз ұстаздардан қысқа уақытта мүмкін емес дүниелерді талап ете алмаймыз. Ол үшін ұстаздарға барлық жағдайды жасау керек. Олар ағылшын тілінде сөйлеп, компьютерлік сауаттылықты меңгеруі үшін батыс білімін алып, халықаралық стандарттарды тәжірибеге енгізуі үшін тиісті жағдай керек. Бүгінгі күні мұндай жағдай жоқ. Сондықтан бұл саладағы реформалар өте баяу жүріп жатыр
Білім іргетасы берік пе?
Елдегі білімнің іргетасы саналатын балабақша, ресми тілмен айтқанда, мектепке дейінгі тәрбиемен қамту әлі күнге өзектілігін жойған жоқ. Мысалы, елде балабақша кезегінде 458 мың бала тұрса, Қарағанды облысында ол көрсеткіш 12 мыңды құрайды. Оған себеп, білім басқармасының айтуынша, туу көрсеткішінінің 2,3 пайызға артуы. Бұған қарамастан, мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған 1-ден 6-жасқа дейінгі балалардың 86,6 пайызы, 3 жастан 6 жасқа дейінгі балалардың 98 пайызы балабақшамен қамтылған деген дерек бар. Солай бола тұрса да, облыста 12 мыңнан астам бала кезекте тұр. Сол себепті 2015 жылға дейін 2555 орынға 11 балабақша тұрғызылады деп күтілуде. Бұл – бір аймақтағы жағдай. Мұндай мәселе кез келген өңірдің басында бар.
Бұдан соңғы мектепалды даярлықтағы ахуал да үмітіңізді алдағы күнге жалғауға мәжбүрлейді. Мысалы үшін даярлық сыныбындағы балаға оқулық жыл сайын өзгереді. Күз бойы ата-аналар сол кітаптарды іздеумен шаршайды. Бір баланың басында кемі – 15 оқулық. Ол 15-ті 5 жасар бала қалай оқып, миына қондырады. Әзірге ата-аналар үшін жұмбақ. Бірақ білім бағдарламасы сондай. Бұл әуелгі іргетастың бір бөлшегіндегі ахуал.
Мектепке реформа не берді?
Кейбір сараптамалар дамыған елдерді білім саласында реформа 10 жылда бір жүргізіледі дейді. Ал бізде министр ауысқан сайын. Мысалы, кейінгі жиырма жылда бізде онның жуан ортасына жуық реформа, кемі бес тұжырымдама, дәл сонша стандарттар қабылданыпты.
Есесіне, апатты жағдайдағы мектептер мен материалдық-техникалық базасы, мұғалімдері жетіспейтін мектептер аз емес. Апатты жағдайдағы мектептердің басым бөлігі ауылда екені және белгілі. Мәселен, жалпы Қазақстандағы апатты мектептің 93 пайызы қазақтың қаймағы саналған ауылдардың пешенесіне жазылған.
Ғылымның халі нешік?
Еліміздің қай саласында болмасын инновациялық технологияларды, компьютерлік бағдарламаларды пайдалану кеңінен етек алған. Қазіргі дамуды онсыз елестету мүмкін емес. Ал оның түп бастауында ғылым тұр. Зиялылықтың да, зияттылықтың да негізгі арқауы. Ақпараттар селдей тасыған мына заманда ғылымның алар орны алабөтен ерекше. Ғылым үшін қай саланың да материалдық-техникалық базасының, зертхана жабдықтарының, оқу және әдістемелік әдебиеттердің заманауи талаптарға жауап беретіндей болғаны жөн.
Ғылым соңғы кезде іске асатын қандай жетістіктерге жетіпті. Қаншама ұсыныстар жасағанымен, оның нәтижелері көңіл толарлықтай емес. «Қазіргі таңда қолы жеткендер Мәскеуге, аяғы жеткендер Бішкекке барып докторлық, кандидаттық ғылыми дәрежелерін бұрынғыдай алып келіп жатыр» дейді ғаламторда мұң шаққан мұңлықтар. Рас, қазір ғылым тоқырап тұр.
Нұрлан ДУЛАТБЕКОВ, заң ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық Ғылым академиясының корреспондент-мүшесі:
– Қазір университеттерде бұрынғыдай Ғылыми кеңес жоқ. Содан барып ЖОО-ларда ғылыми атағы бар оқытушылар құрамының пайыздық деңгейі тоқтап қалды. Көтерілмейді. Неге? Өйткені ғылыми атағы болғанымен, көбі университетке келіп жұмыс істемейді. Ал қорғағысы келетін білімді ізденушілер қорғай алмайды, жүйе басқа. Енді PhD доктор деген шықты. Ол да дұрыс шығар. Бірақ мұнда талап өте қатаң. Бұл жүйе арқылы қорғау үшін импакт-фактормен мақала шығуы керек. Ол – әлемнің бірнеше елінде ғана шығарылатын ғылыми журнал. Ал оған қатардағы мұғалімнің мақала шығаруға шамасы келмейді. Себебі бағасы өте жоғары. Ойлап қараңыз, оқытушы екі айлық жалақысына мақала шығара ма әлде бала-шағасын асырай ма? Рас, мақала шығару математика, физика, техника секілді нақты ғылым саласындағыларға жеңілірек. Өйткені бұл бағытта біздегі ғылым деңгейі шетелден жоғары және журналға осы бағыттағы ғылыми мақалалар қабылданады. Олардың мүддесіне сай келмейтін біздегі қазақ әдебиеті, қазақ тілі, Қазақстан тарихы немесе қазақ философиясы, қазақ құқығына қатысты мақалалар шығарылмайды. Шетелдік басылымға мұның қажеті жоқ. Айталық, қазақ тіліндегі етістік, көсемшенің жұрнағы я қазақ әдебиетіндегі қандай да бір кейіпкердің рөлі ағылшынның импакт-факторы бар журналға қажет пе? Қажет емес! Міне, осыдан келіп біз тығырыққа тірелдік. Мысалы, ғылыми атақ алу үшін ізденушілердің көбісі Қырғызстанға ағылуда. Бұл не деген сұмдық?! Қазақ ғалымдары енді барып қырғыздың ғылымын көтере ме? Бұл мәселені ойланып барып іске асыру қажет еді. Ғылыми кеңестерді жапқанда, осындай салдары ескеріліп барып қадам жасалуға тиіс еді. Айталық, Ғылыми кеңестер жабылады деген хабар тарағаннан кейінгі соңғы бес айда кімдер қорғағанын білесіз бе? Қорғағандардың басым бөлігі – таныс-тамыры барлар. Ал ғылымға шын жанашырлардың көбісі далада қалды. Осы істе ғылымға бағыт-бағдар болып отыратын министрлік тиісті қадамға бара алмады, мәселенің оң шешім табуы жолындағы үдеден шыға алмады.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
"Алаш айнасы"