Жаңа білім министрі Сәрінжіпов жоспарын іске асыра ала ма?!
2013 ж. 31 қазан
4706
3
Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшысы Аслан Сәрінжіпов отандық білім беру саласын жаңаша дамытуды көздейді. «Балабақшалардың санын барынша арттырсам, мектептерде білім берудің жаңа стандартын енгізсем» дейді. Сосын министр мемлекеттік университеттерді жаппай жекеменшікке көшіргісі келетін тәрізді. Және бір қызығы, өз қазақшасы керемет болмаса да, министр қазақ тіліндегі білім беру ошақтарының санын арттыруға мүдделі. Үкіметтің кешегі отырысында су жаңа министр ретінде алғаш рет баяндама жасаған Аслан Сәрінжіпов алдағы жоспарлары туралы кеңінен баяндаған болатын.
Білімді министрдің экономика ғылымдарының маманы екені баяндамасынан бірден байқалады. Айталық, Аслан Сәрінжіпов отандық білім мен ғылымды дамытудың 2014-2016 жылдарға арналған басым бағыттарын демографиялық өсімнің негізінде айқындап шыққан. «Себебі бала туу көрсеткіші білім беру жүйесінің дамуына айтарлықтай әсер етеді», – дейді ол. Несі бар, бұрын айтыла бермейтін әрі көңілге қонымды-ақ жайт. Сонымен, статистикаға сенсек, Қазақстандағы бала туу көрсеткіші тек 2020 жылға қарай ғана тұрақты межеге жетеді. Сондықтан мектепке дейінгі және бастауыш сыныпқа баратын балдырғандардың саны да арта түседі. Министрдің айтуынша, бұл көрсеткіш 2025 жылда бірқалыпты бола бастайды. Орта білім, яғни мектеп жасындағы балалар қатары да көбейеді. Ал колледж бен университетке баратын жастардың саны қазірдің өзінде азайып келеді екен. «Бұл –90-ы жылдары болған демографиялық тоқыраудың салдары. Ондай жағдай сол 2020 жылға дейін сақталады. Одан кейінгі уақытта колледж бен университетке түсетін жастардың саны артады», – дейді Аслан Сәрінжіпов. Міне, Білім және ғылым министрлігінің жаңа басшысы отандық білім беру саласын осындай экономикалық болжамды деректерге сүйене отырып дамытуды көздейді. Атап айтқанда, 2016 жылға қарай бүлдіршіндердің 80 пайызы балабақшаға баруы тиіс. Ол үшін мектепке дейінгі ұйымдардың саны 10 мыңға жетуі керек.
Осы салада министрлік барлық бағдарламалардың 30 пайызын жаңартып, жоғары білімі бар педагогтерді барынша арттырмаққа тырысады. Айта кетерлігі, қазір ондай мамандардың саны 30 пайызға да жетпейді.
Орта білім беру саласын дамытуға қатысты министрдің футуристік көзқарасын да байқап қалдық. Оның ойынша, бүгінде оқушыларды іс жүзінде жоқ мамандықтарға үйрету керек. Иә, иә, таңданбаңыз, жоқ мамандық деген де болады. «Қазір технологиялар жыл сайын жаңарып тұрады. Сондықтан болашақта біз білмейтін мамандықтардың болатынын ескеріп, балаларды соған қарай дайындау қажет», – дейді Аслан Сәрінжіпов. Осы тұста шу еткен журналистердің «Ол қандай мамандықтар?» деген сұрағына министрдің: «Мен тіпті соны өзім де білмеймін», – деп жауап бергені бар.
Әйтсе де біз түсінген бір мәселе бар: бүгінде мектеп оқушылары ғаламтор және тағы басқа жаңа технологиялардың арқасында өз білімдерін барынша шыңдауы тиіс. Мұғалімдер де мұндай жаңашылдыққа барынша қолғабыс жасауы қажет. Сөйтіп, келешекте «біз білмейтін» мамандықтар шыға алған жағдайда жастар соған бірден бейімделіп кетуі шарт. Министр Аслан Сәрінжіповтің айтуынша, 2015 жылға дейін барлық мектептер жаңа стандарттың негізінде білім беретін болады. Соның арқасында жалпы орта білім беру жүйесін жаңарту жоспарланып отыр. Осыған орай, Ұлттық бірыңғай тестілеудің мазмұны да өзгереді. Алайда, ең алдымен, қала мен ауыл мектептерінің білім беру деңгейін теңестіру керек. Ондай теңгерімділік болмаса, білімсіз жастардың қатары арта түседі.
Бұдан бөлек, министр Сәрінжіпов кәсіптік-техникалық білім беру саласында педагог мамандардың тең жартысын қайта даярлаудан өткізуді де көздеп жүр. Оның пайымынша, бұның нәтижесінде отандық техник мамандарға деген сұраныс артуы тиіс. Сосын жоғары оқу орындары жаппай жекеменшікке көшуі мүмкін. Министрдің пайымынша, университеттерді мемлекет меншігінен шығару арқылы жоғары оқу орындары арасындағы бәсекелестікті күшейтуге болады. «Біз қазақ тілін дамыту ісіне ерекше ден қоятын боламыз. Болашақта қазақ тілінде сабақ беретін оқу орындары көбейеді. Ондай балабақшалар 2000-ға, мектептер 4000-ға, ал колледждердің саны 150-ге дейін жететін болады», – дейді қазақшасы «онша емес» министр Сәрінжіпов.
Алайда білім беру жүйесін жаңартудан бұрын, отандық экономиканың маңызды салаларына қажетті мамандықтар әлі де жоқ.
Жанар АЙТЖАНОВА, экономикалық интеграция істері министрі:
– Болашақта бізге халықаралық сауда саласындағы мамандар қажет болады. Қазірдің өзінде Кедендік одақ пен Еуразиялық экономикалық кеңістік аясында ондай мамандар тапшы. Ал Дүниежүзілік сауда ұйымына кіргеннен кейін оларға деген сұраныс екі есе артады. Негізі, бүгінде халықаралық сауда саласындағы мамандарды даярлау бойынша Назарбаев университетімен тиісті келісім бар. Осы жұмысты жылдамдатсақ дұрыс болар еді. Біз болсақ өз тарапымыздан барынша көмек беруге даярмыз. Мәселен, Экономика министрлігі жанында сауда саясатын дамыту орталығы бар. Соның негізінде сан алуан білім беру шараларын өткізуге болады.
Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко өрт сөндірушілер сияқты мамандарды даярлайтын оқу орындарын ашу қажет деп санайды. Спорт және денешынықтыру агенттігінің басшысы Ерлан Қожағапановты ауыл мектептерін қажетті спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету мәселесі мазалайды. Ал кейбір шенеуніктердің «Болашақ» бағдарламасына көңілі толмайды. Тіпті қызды-қыздымен ғарышкер ағамыз «аталған стипендияның түлектері аудиторияда емес, сыраханада отырып ағылшын тілін меңгереді» дегенді айтып қалды.
Талғат МҰСАБАЕВ, Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы:
– Бүгінде отандық ғарыш саласында еңбек етіп жатқан мамандардың басым бөлігі кеңестік жүйенің түлектері. Олардың ішінде Мәскеу авиациялық институты сияқты ресейлік жоғары оқу орындарын тамамдаған мамандар да бар. Соңғы кезде бізге «Болашақ» түлектері келе бастады. Біз оларды жұмысқа алып жатырмыз. Бірақ бәрін емес. Себебі бізге, ашығын айтсақ, бакалавр мамандарын тықпалап жатады. Олардың білім деңгейі төмен. Біздің саламызға кем дегенде магистрлар керек. Ал сыраханада отырып ағылшын тілін үйренген адамнан кәсіби маман шығады деп айта алмаймын. «Болашақтың» да түр-түрі бар. Сондықтан біз білімі бар түлектерді аламыз. Олардың өзі көп емес.
Премьер-министр Серік Ахметов болса инновациялар арқылы отандық білім беру саласын жетілдіру мәселесіне ерекше назар аударды. «Әрине, ол жұмыс, ең алдымен, педагогтерге, олардың кәсіби дайындығына тікелей байланысты. Оған мемлекеттік және жергілікті органдардың бірлескен жұмысы да қажет. Онсыз білім беру жүйесін жаңарту мүмкін емес», – деп атап көрсетті Серік Ахметов.
Аслан Сәрінжіпов экономика ғылымының кандидаты атағымен қатар, жоғары білім беруді әкімшілендіру бойынша АҚШ-тың Пенсильвания университетінің докторы дәрежесіне ие. Демек, жаңа министр нақ өз саласы бойынша келіп отыр. Ал оның осы уақытқа дейін Назарбаев университетінде еңбек еткенін ескерсек, алдағы уақытта оған отандық білім беру саласын жаңарту жұмысы қиынға соқпауы тиіс. Себебі сол жұмыстың барлығы беделді Назарбаев университеті арқылы бүкіл жүйеге таралуы шарт. Әуелгі мақсат та осылай емес пе еді? Ендеше, іске сәт!
Арман Асқар