БІЛІМ БЕРУДЕГІ – БІЛІКСІЗДІК

 

Келешектің күңгірт кейпі

«Қазақтың келешегінің кейпі қандай?» – дейтін салмақты сауал мені соңғы кезеңде көп мазалай бастады. Жүз ойланып, мың толғанып, ақыры, бір түйінге табан тірегендей болдым, сөйтсем: қазақтың келешегінің кейпі ұлттың білімімен ғана таразыланады екен. Иә, қазір ұзын найзамен, қуатты қылышпен шайқасатын заман емес. Бүгіннің өткір алдаспаны – терең ілім мен сапалы білім. Келешектің кепілі – білім болса, жұрты – жастар. Қазақ сияқты жас ұлттың білікті білімімен қатар, ұлттық құндылықтары да қабат өрілуі керек. Еліміздегі қалыптасу кезеңін бастан кешіп жатқан білім берудің сапасы – қарабайыр білместік пен әдейі қаскөйліктің кесірінен бүгінде тығырыққа тірелді. Қазақ бала­сының толыққанды білім алуына көпе-кернеу қақпандар құрылып, бетегелі бөгеттер соғылып жатыр...   БІЛІМ БЕРУДЕГІ – БІЛМЕСТІК Жаһандану үрдісі – аз ұлт­тардың ұлттық ерекшеліктерін құрдымға кетіріп, өз үстемдігін жүргізген тұста қазақтың қара баласы сапалы біліммен бірге, ұлттық үрдістерге негізделген тәлімді тәрбие алуға да зәру. Тәрбие түзелмей, жастардың санасына сапалы білім сіңіру де қиын. Сондықтан, ең бірінші, ұлттық бітім-болмысымызды, ұлттық ойлау машығымызды, ұлттық ерекшеліктерімізді, ұлт­тық салт-дәстүрлеріміз бен әдет-ғұрыптарымызды, ұлттық мә­дениетімізді, ұлттық тәрбие­нің этикалық-эстетикалық құнды­лықтарын, діни тәрбиені, діл, тіл, адамгершілік мәселелерін түбе­гейлі оқытып, сақтап қалуымыз аса маңызды. Есігімізден кіріп, төрімізге таласқан батыс мәдениетінің басымдық «өркөкіректігін» те­жеудің жалғыз жолы – ұлттық тәрбиені күшейту. Ұлттық тәр­бие дегеніміз – тіл, діл, дін, отан­шылдық, елшілдік һәм ұлтшылдық. «Ұлтшылдық» пен «ұлтжан­дылық» деген тіркестердің ма­ғы­насы бірдей емес, екеуін ша­тыстырып алмау маңызды. Бүгінде қайсыбір шалақазақ біл­гіштер «ұлтжанды» дейтін жасанды тіркес шығарып алды. Қазақ «балажан», «қатынжанды» деген сөздерді қолданғанымен – ұлтын сүйіп, оның мүддесіне жанын пида еткен халықтың қаһарманын – әсте де «ұлтжанды» деп емес, тек қана «ұлтшыл» деп атаған. «Ұлтжанды» дейтін тір­кесті қолдан құрастырған ділі уланған боркемік-бозөкпелер: «Ұлтшылдық – қай заманда да қатерлі» деп соғады. Ендеше, «ұлтшыл» атанған Қабанбай мен Райымбек, Исатай мен Махамбет, Наурызбай мен Бөгенбай қазаққа қатерлі ме?!. Ұлтшылдық – өз ұлтын сүю, өз ұлтының жанашыры болу, ота­нының патриоты-қамқор­шысы атану. Кешегі кеңестің құл­дық санасынан ажырай алмай, әрбір сөздің астынан кір іздеу – болашағымыздың баянды-тамырына балта шабады. Жаһандану жағамыздан алып, тынысымыз тарылған қазіргі кезде әрбір қазақ – адуынды ұлтшыл болуы керек. Ата-бабамыздың мәңгілік мұралары мен мүдделерін осындай қайсар мінез, байсалды бағыт, қажырлы қимылмен ғана сақтап қаламыз... Білім беру мен жастардың мәселесі – қазіргі қазақ қоғамы­ның ең әлсіз де әлжуаз саласына айналды. Жылына қазақтың орта мектептерінен, лицейлерінен, гимназияларынан, колледждері мен жоғарғы оқу орындарынан түлеп-ұшқан жастардың басым бөлігі қайраңда қалған ескексіз қайықтай «қаңы­рап», бағыт-бағ­дарсыз абдырап жүр. ҚЫМБАТШЫЛЫҚ ҚАМЫТЫ Қазақ мемлекетінің жо­ғар­ғы оқуының ақысы жыл санап емес, аракідік ай ауысып қым­баттай түсуде. Бұл бас­сыз­дық­ты ауыздықтауға министр­ліктің зауқы да жоқ, қауқары да жетпейді. Сондықтан, қазақтың біліміне – халықтың қатаң бақы­лауын орнату керек. Жер-жерде, облыстар мен аудандарда, қалалар мен оқу орындарында ата-аналардың бақылау кеңестері шұғыл құрылуға тиіс. Қазір қазақтың жасының жоғарғы оқу орынына түсу құқы оңбай бұзылған. «Ауызы қисық болса да, бай баласы сөйлесін» дейтін әділетсіздік дәп осы жерде салтанат құрған. Ақшасы барлар оқиды, қаражаты жоқтарға есік тарс жабық. Табиғи байлықтары әлемді тамсантқан біздің елімізде қара нан мен қара суға қараған қа­зақтардың бар екендігіне ешкім сенбейді. Арманынан адасып, амалсыздықтан ала жіптің құ­рығына түсіп, жас өмірімен қош­тасып жатқан өрімдей жас­тардың тағдырына куә болған білім сала­сының нән шенеуніктері міз бағар емес. Өзінің қу құлқыны мен «наны мол» орынтағын сақтап қалу үшін шенеунік біткен әлгі шарасыздан құрбан болған жас-мәжнүндерді «маскүнемдер» немесе «нашақорлар» деп күста­налаудан да тайынбайды. Соңғы жылдары қазақ то­пы­рағындағы Ұлттық Бірыңғай тестілеу – 15-пен 19 жас арасын­дағы 100 жастың ішіндегі 12-сінің өз-өзіне қол жұмсайтын ажал алаңына айналды. 2009 жылы 209 жасөспірім көз жұмса, 2010 жылы олардың саны 237-ге жетті. Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның: «Суицидтің себебі – ҰБТ» деп батыл мәлімдеуі елді ерекше елең еткізді... Дариға Нұрсұлтанқызы таяуда тағы да бір халықтың сөзін сөйлеп, ҰБТ-ға қатыса ма, әлде емтихан тапсыра ма, талапкердің таңдауына қалдыру керек деп мәлімдеді. Қазақтың қарапайым жасы­ның жоғарғы білім алуының жүйелі жолдарын, әралуан әдіс­терін, тың тәсілдерін талмай ізденіп-қарастырудың орнына, Білім және ғылым министрлігі «Мемлекеттік білім беру жи­нақтау жүйесі» атты жаңа заң­ның жобасын ұсынды. Бұл «жаңа­лыққа» сәйкес жинақталған қаржы үш бөліктен тұрады. Бі­рінші бөлігі – салымшы салған ақша. Екіншісі – банктің ай сайын ақшаны капиталға айналдырып, сыйақы беруі. Бұл банктің де­позиттері сияқты. Мемлекеттің сыйақысы –жинақтың үшінші бөлігін құрайды. Сыйақы мөлшерлерінің пайызы тілге тиек етуге де тұрмайды. Нәтижесінде салымшының сал­ған қаражаты – 60 пайыз, бан­кінің сыйақасы – 23 пайыз, мем­лекеттің үлесі – 17 пайыз болады, яғни, мемлекеттің көмегі жалпы қордың небәрі 15-20 пайызын ғана құрайды екен. Білім берудің жинақтау жүйесі Бельгия мен Канадада, Ұлы­британия мен АҚШ-та, Малайзия мен Сингапурда, Швеция мен Испанияда тәжірибеге енгізілгенімен, аталған елдердің экономика­лық қуаты мен заң­да­рының жұ­мыс істеуі де, тұр­ғындарының та­бысының мөлшері мен жинақтау әдістері де, хал­қының мінез-құлқы да мүлдем басқаша. Министрліктің білім ошақ­тарына қисапсыз тексеру комиссияларын жіберуімен білімнің сапасы артып, ақысы азая қоймайды. Жоспардағы 120 мың мұғалімнің арнайы даярлаудан қайта өткізілуі де уақытша әрі көзбояушылық шаралар ғана. Әрбір мұғалімнің білім беру сапасының деңгейін министрліктің шенеунігі емес, ұстаздың шәкірті ғана шынайы бағалай алады. Бүгінде 2015 жылдан бастап, Ұлттық Бірыңғай тестілеу әдісі жойылып, екі мемлекеттік емтихан енгізу – ұсынылып жатыр. Ме­ніңше, бұл шешім қазақ баласы білімінің сапасын едәуір сапаға көтерер еді. Бірақ, 31 мыңнан сәл ғана асатын «білім беру гранттары» тым аз, әрі оны әділ бөлудің де әдістері әлсіз. Сол себепті, еліміздегі барлық меншік нысанындағы білім орын­дарындағы оқу ақыларының мөлшері мен заңдылығына және жұмсалуына қатаң бақылау орнататын кез жетті. САПАСЫЗДЫҚ СЕРГЕЛДЕҢІ Жаңа технология­лар­дың отаны – Жапония 5-ші сыныпқа дейін балаларын тек ана тілінде ғана тәрбиелейді. Өйткені, сәби өзінің ана тілінің уызына тойып, құнарынан қанып ішуі керек. Қазіргідей нанотехнологияның қарыштап дамып, жылдам же­тілуінде көш бастаған жапонның атышулы ғалымдары ана тілінде алған білімі арқылы өз жаңа­лықтарымен әлемнің алдына суырылып шықты. Еуропаның өркениетті Англия мен Чехия секілді елдері балабақшаларының барлығында туған тілдерінде ғана тәлім береді. Медицинасы алдыңғы қатардан көрінген Израиль өзінің 2000 жыл бұрын жоғалып кеткен тілін жаңғыртты. Бала тәрбиесіндегі туған анасының тілі – жас өс­кіннің ұлтын сүйгіш, отаншыл, елшіл, мемлекетшіл болып өсуіне тікелей ықпал етеді. Бірақ, қазақтың Білім және ғылым министрлігі күллі өрке­ниет­ті әлемнің үлгілі үрдісіне қарсы шығып: «2013 жылдан бастап балалардың білім деңгейін жақсарту мақсатында ағылшын тілі 1 сыныптан бастап үйретіле бастайды» – дейді. Оқулықтың сапасы былай тұрсын, жалпы білім берудің, ұрпақты тәрбиелеудің басты қате-кемшілігі – министр­ліктің құр сөз, жалаң жарнамалық «қызметтерінде» жатыр. Мектеп оқулықтары мен оқу-әдістемелік құралдарының сапа­сыздығы мың-сан айтылса да, нақты нәтиже таба алма­ған білімнің шенеуніктері «Үш­тілділік тұжырымдамасын» еш­кім­мен ақылдасып-кеңес­пей, бүлдіршіндер мен ата-ана­лар­дың рұқсатынсыз-ақ зор­лық-зом­бы­лық­пен тықпалап отыр. Аталған тұжырымдама – бүл­діршіннің табиғи болмысын терең зерттеп-зерделемеген, нау­қаншыл, шикі дүние. Жеме-жемге келгенде, үш тілді зорлықпен үйрету, мәж­бүр­лікпен енгізу – біздің бар құн­дылықтарымыз тұжырым­далып, жинақталған Ата Заңымызды аяққа таптау, елдің азаматының заңмен бекітілген құқықтарын бұзудан басқа ештеңе де емес. «Оқулықтардың барлығының тү­бегейлі жаңартудан өткізіп, әр 4 оқу жылы сайын міндетті түрде ауыстырып тұратын боламыз» – деп «ант-суын» ішкен ми­нистрліктің басшылығы сапасыз оқулықтардың әлі де балалардың ой-санасын улауды жалғастырып жатқандығын мойындап қана қойған жоқ, әзір бұл бағыттағы бетбұрыстық іс-шаралардың мақұрым екендігін дәлелдеді. Мектеп оқулықтары – білім­нің қайнары көзі болуымен қатар, ұрпақтың тәлім-тәрбиесі, білім-білігі, әрі баянды болашағы. Өс­келең ел, өнегелі жұртпен қатар дамып, алшаң басамыз десек, оқулықтардың әр сөзіне, әр сөйлеміне, әр тақырыпқа, әр шешімге аса сақтықпен, мүл­тік­сіз мұқияттылықпен қа­рауға міндеттіміз. Сапалы оқу­лық­тардың авторлары жоғары қа­ламақылар алуға тиіс. Оқулық­тар авторларын таңдап-талғауда тамыр-таныстық пен туыс-жамағайындықты ысырып тас­тап, аса әділ, мейілінше адал әдістермен өткізу парыз. Мем­лекеттің ертеңгі ұлттық қауіп­сіздігіне тікелей қатысты осынау маңызды шаруада ата-аналар ұйымдарын, қоғамдық бірлес­тіктерді де сарапшылардың сапына көбірек қосудың пайдасы зор. «Айтпаса – сөздің атасы өледі» демекші, Мәжіліс депутаты Дари­ға Назарбаева мектептерде бірне­ше пәндердің бірін-бірі қайта­лауы балалардың еркін білім алуы­на айрықша ауырлық ететінді­гін сынға ала келіп: «Жекемен­шік баспалар оқулықтар әзірлеумен айналысып, оларды өздері басып шығаратын үрдісті тоқтату керек. Бұл – жемқорлыққа апаратын тура жол» – деп, атап өтті. Әсіресе, «Қазақ тілі» оқу­лы­ғы­ның, әрбір қазақ тілі мұға­лімінің жауапкершілігі жоғар­ғы дәрежеде көрініп, талмай іздену мен жалықпай жұмыстану арқылы әрбір шәкірттің бойына мемлекеттік тілге деген мақтаныш сезімін терең сіңіруінің маңызы айрықша. Балабақшада да, орта мектептер мен жоғарғы оқу орындарында да «Қазақ тілі» пәні әлі күнге дейін атүсті, екінші саптағы, мәні кем, маңызы әлсіз дәрежеде өте сапасыз оқытылып келеді. Қазақ тілі ахуалының аяныш­тылығына қарамастан, Қазақ елі – унитарлы мемлекет, қазақ ұлты бір тілде сөйлейтін, бір­тұтас халық. Әйткенмен, мемлекет құраған, атын иемденген ұлттың ең жоғарғы билігіндегі жауапты қызметтерде өзіміздің «таяқты әліп деп білмейтін» орыстілді, шорқақ ойлы, шаланамысты қандастарымыз отыр. Мемлекеттік тілін жүйелі оқыта алмайтын елдің қуаттылық қау­қары мен тәуелсіздігі күмән тудырады. «Қазақ тілі» пәні­нің мұғалімінің деңгейіне басым көңіл бөлініп, абырой-беделін көтерудің шаралары қа­растырылуға тиіс. Қазақ тілін дамытатын жалғыз ұлт – қазақтар, ең алдымен, қазақ ұлты өзінің туған тілін құрметтеп, ана тілінде сөйлесе, басқаның қиқарлығы алыс кетпейді. Қазақ тіліне нем­құрайлы көзқарас пен оны оқытудың сапасыздығы – қазақ елінің білім беру саласының сапасыздығына әкеліп тірейді... Келешектің кепілі – білім беру ісіне ерекше көңіл бөліп, отандық білімді жаңа сатыға көтеру, әлем­дік инновациялық технологияларды игеріп, өркениетті озық елдердің қатарына қосылу парызы тұр, алдымызда. Ал, баласынан, баласының білімі мен тәрбиесінен, баласының бола­шағынан қаржы үнемдеген елдің – келешегі күңгірт болады. ҰСТАЗДЫҚ ЕТКЕН ЖАЛЫҚТЫ... Жеткіншектің сапалы оқу­лығы – ша­руа­ның жартысы ғана, өкінішке қарай, соңғы жиырма жылдағы мұғалімдердің, кем дегенде, тең жарымы сауатсыздық дертіне ұшырағаны жасырын емес. Сауатсыз ұстаздан – сауат­ты шә­кірттің немесе тәр­бие­ле­ну­ші­нің шығуы екі талай. Бі­­ріншіден, еліміздің балабақ­шалары мен орта мектептеріндегі тәрбиеші­лер мен мұғалімдердің жалақы­сын белгілеу тәртібі түбірімен қате. Мектептің директоры, оның орынбасары, балабақша меңгерушісі тәрбие­ленушілер мен оқушылардың қауіпсіздігіне дейінгі жауап­кер­шілікті мойынына жүктесе де, жалақы мөлшері қатардағылармен бірдей. Ал, сынып жетекшісі өзінің төл пән­дерінің сыртын­да сыныптың тәрбиесімен ай­налысқаны үшін небәрі 5 мың теңге қосымша ақы алады. Енді осы болмашы 5 мың теңге үшін кімнің ертеден кешке дейін мектепте жүріп, жүйкесін тоздырғысы келеді? Сонда біздің болашақ жеткіншектерімізді тәрбиелеудің құны – 5 мың теңге ме?.. Екінші мәселе: мектеп ди­рек­торының жалақысы мектептегі оқушылардың санына қатысты болмай отыр. Мәселен, мектепте 500 оқушы ма, әлде, 2500 оқушы ма – бәрібір – директордың жа­­лақысы бір деңгейде. Ендеше, саны бес есе көп мектеп директорының жауапкершілігі неге ескерілмейді?.. Үшінші күрмеулі түйін: мектеп директорының және мұғалім­дердің білімі мен білігінің сапасы. Өкінішке қарай, сапа көрсет­кішінің күннен-күнге төмендеп бара жатқаны байқалады. Мұның айқын дәлелі: бүгінгі жас адам өзінің ішкі ой-пікірін де анық айтып жеткізе алмайды. Тіл мен рухани саладағы гуманитарлық мамандықтардың иелерінің өзі сөйлеу ережелерін ежіктеп тұр­ғанда, есеп-қисаптан «есі шық­қан» техникалық бағыттағы балалардан түзу сөз, тәлімді ойды дә­метудің өзі артық. Кітап­хананың орнын – ин­тер­неттер, кітаптың орнын – планшеттер басты. Оқуға – кі­таптың, жазуға – қалам­ның қа­жетсіз болып қалуы, қазіргі өр­­кениетті де озық компью­тер­лен­діру мен ұялы байланыс, бір жағынан, жас өркеннің жылдам ақпарат алып, шұғыл шешім қабылдауына, техника тілін те­реңірек меңгеруіне айтарлықтай ықпал еткенімен, екінші жағынан, сана-сезімінің қалыпты дамуына кедергі келтіріп, ой-парасатының өсуін кідіртуде. Сонымен қатар, ғаламтордың ашықтығы мен ақ­парат ағынының телегей-теңіз­дігі – жастарды қатігездік пен қаны­пезерлікке «баулып», балғын саналарын аямай улап жатыр. Нанотехнологияның жетіс­тігі­нің маңыздылығы қажет әрі түсінікті, әйткенмен, адамзат баласы басқа планеталарға ұшып барып жатса да, білімнің бірден-бір қайнар көзі болып табылатын кітапқа әзір балама ойлап табылған жоқ. Қазір электрондық кітаптарды оқығанымызбен, тасқа басылып, қағазға түскен кітапты оқығандағыдай ләззат ала алмаймыз, рухани рахаттанбаймыз да... Мысалы, планшеттен Абайды оқығанда, арамызда белгісіз үшінші біреу жасырынып отырғандай, оғаш сезім пайда болады. Ал, кітап-жарықтық тым үнсіз, тым сыршыл ғой. Әдеби кітаптың бетін ашпаған ұрпақ – ішкі-жан дүниесі тым жалаң, тым кедей, дөрекі де, даңғой болып өседі. Рухани жалаңаштық – ұлтымыздың келешегіне төнген қауіп. Өміріміздің өзекті салаларына қатысты математика, астрофизика, химия, технология, экономика секілді пәндерді бейімі басым балаларға тиянақты оқытуға тиіспіз. Аталған пәндерді қазақ тілінде тереңдеп дәрістесек, қазақтың баласы техникалық салада да қарқынды дамитын болады. Бүгінде әлемдегі №1 тілге айналған – ағылшын тілі сөз­дігінде 1 миллионға жақын, ал, орыс тілінде 250 мыңға жуық сөз бар екен. Бірақ, бұл екі тілдің де аясының біртіндеп та­рылып бара жатқанына Англия мен Ресей елеңдеп отыр. Неге десеңіз, қазіргі өркениеттің даму қарқыны қарғындай қуат­ты, жаңа технологияның арқа­сында күн сайын жаңа сөздер мен тың ұғымдар пайда болып, қолданысқа енуде. Олай болса, жауы басым, жанашыры әлсіз қазақ тілі мейілінше сергек серпінмен дамуға тиіс қой... Анасының тілін, атасының дәстүрін құрметтеп, ұлтын ұлық­тайтын, мемлекетіне жанын пида етуге дайын ұрпақты тәрбиелеп шығару оңай шаруа емес. Қазақ мемлекетінде қазақ тілін балабақшадағы бірінші күннен бастап, ұлты мен ұлысына қарамай, үздіксіз әрі терең үйрету керек. Артта қалған 21 жылда біз осынау маңызды мәселені жүзеге асыра алмадық. Сосын, ер жеткен жеткіншекке әркімнің ынтасы мен қабілетіне қарай, бірнеше тілдер мен пәндерді үйретуге кірісу қажет. Қазақтың баласы өзінің ана тілінде техниканы үйренсе, біз ешқандай көштен қалмаймыз. Прокурорлық пен әкімдікті мең­герген қазақтың баласы – дәнекерлеушілік мен инженер­лікті, компьютерлендіру мен IT саласын да тез игеріп кетеді, әлемдік деңгейде бәсекеге қабі­лет­ті маман бола алады. «Білім – ғылым – инновация» дейтін ба­­ғыт құптарлық болғанымен, қазақстандық білім беру жүйе­сін әлемдік стандарттарға сәйкес­тендіру, отандық дипломды бар­лық елдерге мойындату; сапа ме­неджменті жүйесінің қайта сертификаттап, білім беру бағ­дар­ламасының салаларын кеңей­ту; халықаралық ақпараттық технологияны мейлінше терең игеру, оқу орнының қазанында қайнай жүріп, тәжірибе жинақтау; күллі қабілет-қарым, білім-білікті жұм­сау – машақаты мол шаруа. Сөз жоқ, асығыс адымдаған заманауи технологиядан қазаққа қалыс қалуға болмайды. Өкінішке орай, біз бүгінде тәрбиенің түп-тамырлы табиға­тын жоғалтып алдық. Балабақша, мектеп, колледж, ЖОО – тәлім-тәрбиенің терең тамыры. Өкі­ніш­ке орай, бізде тәрбиенің таби­ғатына тереңнен толғаудан гөрі, атүсті әрі біржақты көзқарас қалыптасты. Жас өркеннің тәр­биесі тым жүйесіз, әсіре-әлсіз. Сақал қойған жас жігіттен ізгілік пен игілік емес, «лаңкестік ізде­рін» іздеуге құмармыз; орамалды бойжеткеннен имандылық пен ибалық емес, «ескілік сарынын» сарыла тіміскілейміз... Қайсыбір жылы мемлекет басшысы Оңтүстік Қазақстан Медициналық Академиясының түлектерін ешбір жерге жұмыс­қа алмауға пәрмен беріп еді. Өйткені, білімсіз дәрігер-түлек­тердің адамның өміріне қауіп төндіретінін тілге тиек еткен. Дәп осындай қауіпті жағдай Республикамыздың барлық жерінде орын алған. Сонымен, не керек, білімнің сапасыздығы – қазіргі қазақ қо­ғамының №1 созылмалы сыр­қатына айналып отыр... ...Кеудесі бос, жігері жасық, рухы уланған, болмысы жұл­маланған, ата-анасын тың­да­майтын, ұстазы мен үлкенді сый­ламайтын, ана тілін қадірле­мейтін, ұлтының тарихын еле­мей­тін ұрпақ – білімі аз, білігі кем, кісілігі кедей, сауаты төмен, ұс­таздық етуден жалыққан мұға­лімнің жұмысының нәтижесі. Сауатсыз ұстаз – сапалы білім бермейді... ЖҰМЫСЫ ЖОҚТЫҚ... Ата-анасының қар­жы­сын қарпып, қай­тарымына біліксіз білім туралы бір жапырақ қатты қағаз (диплом) берген мемлекет жастарды жұмыспен қамтамасыз етпей, тағдыр тәлкегіне тастап жібереді. Елдегі мамандықтардың тиянақты мониторингі (талдауы мен болжауы) мүлдем жасалмайды. Білім мен ғылым министрлігі, Елбасымыз әділ атап өткендей, керексіз қағаздар көшіріп, қажетсіз ережелерді қардай боратқан «макулатура тауына» ұқсайды. Министрлікке қарасты комитеттер мен акционерлік қоғамдар, департаменттер мен басқармалар, облыстық, қалалық, аудандық оқу бөлімдері, мемлекеттік және жекеменшік академиялар мен университеттер, институттар мен колледждерге білікті бақылау мен тұрақты тәртіп орнатылмаған. Жыл сайын жаз мезгілінде жоғарғы және орта оқу орындары: «Материалдық базамыз мықты, академиктер мен ғылым докторлары дәріс береді, шетелдік беделді оқу орындарымен серіктеспіз, бізде оқып, диплом алғандардың біреуі де жұмыссыз қалмайды» деп, өтірік жарнама, жалған ақпарат береді. Пейілі кең, көңілі ақ ауылдың аңқылдақ адамы мұндай «ант суын ішкен» уәдеге сеніп қалады да, соңғы сиырын, ақырғы ешкісін сатып, баласын оқуға түсіреді. Лицейлер мен гимназияларда, мектептер мен басқа да білім беру құрылымдарында толыққанды мониторингі жүргізілсе, дәп бү­гінгідей жастарымыз бей-берекет көше қаңғып кетпес еді... Қазақ жастарының арасындағы жаппай жұмыссыздықтың індет­ке айналғаны соншалық – үміт­сіз­дік пен сенімсіздік, ұрлық пен қылмыс шегіне жетіп, соңғы жылдары жеткіншектердің өз-өздері­не қасақана қол жұмсауы (суицид) етек алды. ҚИРАТУ ҚҰРАЛЫ ...Не нәрсенің де ар­тық-кемі­ салыстыру ар­қылы ғана анық­талатындығы бел­гілі. Ке­ңес­тің «тоқырау жылда­ры» атал­ған кезеңнің өзінде қа­­зір­гі әл-Фараби атындағы Қа­зақ Ұлттық университеті Өмір­бек Жолдасбековтың білікті басшы­лығының арқасында кайсыбір факуль­теттеріндегі бір орынға 15-20 талапкер таласқан сапалы да беделді, аты дүркіреген оқу орыны еді. Қазақстан бойынша жалғыз «Журналистика» факультеті осында болатын. «Сатира – күштілер қаруы» дейтін факультеттің атышулы деканы Темірбек Қожакеевтің талап қоюшылығы қаншалақты қатаң болса, әрбір болашақ журналистке деген әкелік қамқорлығы соншалықты жұмсақ еді. Әрбір сөзінде, әрбір әрекетінде өнеге мен тектілік төгіліп тұратын мұндай тұлғалар арамызда жоқ, қазір. Мысалы, о заманда-бұ заман «Журналистика» факуль­тетіне заңгерді декан етіп таға­йын­дағанды кім естіген?!. Өмірбек Жолдасбековтің өске­лең дәстүрін Көпжасар Нәрікбаев қана сақтап, ҚазМУ-дің абыройы мен беделін біраз уақыт түсірмеуге тырысты. ҚазМУ-дің аттарынан ат үркетін атақты академиктері мен майталман оқытушылары – кешегі соңғы ректордың «жар­на­малық» даңғойлығы мен бү­гінгі басшының жағымсыз «жаңа­лықтарының» кесірінен сер­гелдеңге түсіп, мұндағы дәстүр сабақтастығының тамырына балта шабылды. «Қалыптастыру» тірке­сінің мәнін – «қиратумен» алмас­тырып алған бұл басшысымақтар жалаң мақтау мен құр көкіректік сырқатына шалдықты. ...Бүгінде жалғыз ҚазҰУ ғана емес, республиканың бүкіл білім саласын ешкім шыға алмайтын «жемқорлық» шырмауығы шырмады. Балабақшаға сәби орналас­тыру үшін – пара бересің, мектепте балаңа тәуір баға керек десең – паралайсың, жеткіншек кол­леджге бармай-ақ, жоғарғы оқу орнына қажетті баллдар жи­нағысы келсе – параға жүгі­несің, жоғарғы оқу орнының әр емтиханы мен «зачетінің» өз құны бар, магистратураға тегін түсуді армандамай-ақ қой. Жоғарғы оқудағы мемлекеттік гранттардың, демеушілік қорлардың, рек­тордың гранттарының паралық тарифтері белгіленіп қойған. Оқу озатына да, қоғамдық бел­сендіге де ешкім пысқырып қа­ра­майды. Адал оқығанмен – грант­тан дәмеленбесең де болады, әділ­дік қуғаныңмен – ешқашан жеткізбейді... Жастардың санасын балабақ­ша­дан бастап, парақорлық пен жемқорлық «вирусымен» улап тас­тадық. Адамдық ар мен аза­маттық адалдық туралы сөз­дерімізге жастар ішек-сілелері қатып, күлкілерін тия алмайды. Ең сорақылығы сол: біз жастарымыздың – тілі мен дінін, ділі мен дәстүрін сақ­тайтын ұлтшыл да отаншыл – елі­міздің ертеңі, мемлекетіміздің тірегі, тәуелсіздігіміздің қорғаны екендігін ұмытып, керісінше, пайда табудың көзіне айналдырдық... Білім сапасын былай қойып, тәрбие дәргейін де ақсатып алған­дығымыз соншалық – бүгінгі Бі­лім және ғылым министрі иман иланған жастарға түсіністік таны­тудың орынына, құдды бір діні бөлек батыстың саясаткері се­кіл­ді «қысқа балақ шалбар ки­гендерді» кекетіп, орамал таққан қыздарымен текетіреске түсті... Тәрбиенің мәні тереңде, мағы­насы ұзақта. Жүйесі жалаң, саяси ұсақ сөздермен ұрпақ тәрбиелей алмайсың. Қазақтың көне тарихына терең үңіліп, татымды еңбектер жазып жүрген белгілі жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Әнес Сарай ағамыз былай дейді: «Мемлекеттің, ұлттың өсіп, өркендеу жолы жазушыларсыз, ақын, актерлерсіз болмайды. Мен 20 жыл бойы «Америка» деген журналды жаздырып алып, оқыған адаммын. Сонда түсінгенім, Америкада рухани өмір біз ойлағаннан әлдеқайда басқаша. Өте озық. Тек Лос-Анджелестің өзінде 64 театр бар екен. Сол театрларда екі-екіден драматург бар. Сонда бір қаланың театрында 120-130 жазушы-драматург қызмет істейді деген сөз. Бұл мемлекет үшін жазушының қаншалықты қажет екендігінің айғағы. «Рухсыз» деген Американың өзінде театрды ұйымдастырып, оның таным-тамырын бүкіл жас ұрпаққа, ортаңғы ұрпаққа әсер ету тетіктерін күнбе күн зерттеп, безбенге салып, қайсысына қандай шығарма керек деп театрлардың көрерменін сараптап отырған жазушы-драматургтар. Театрды рухани азық ретінде пайдалану керек. Театр – билік пен халықтың арасын жалғауы керек. Қоғамның өзекті ойы театр арқылы, сахна арқылы айтылуы керек.» ...Жемқорлық – елімізді әлемдік өркениеттен қалыс қал­дыратын қасіретті тұсау. Пара­қорлық жайлаған заманда тәрбиенің өзі толассыз талас пен табанды күресті талап етеді. Жемқорлықтың өзегінде туыстық-таныстық, жікшілдік-жершілдік, рушылдық-жүзшілдік жатқандығын әркім-ақ түсінеді. Жоғарғы оқу орынына түсуде әділ бәсекелестік орнамаса, қоғамның даму қарқыны сөзсіз тежеледі. Таяуда Ресейдің Білім уәзірі жоғарғы білімді (әсіресе, гу­манитарлық саладағы) адам­дардың қатарын қысқарту жөнінде бұйрық шығарып еді, белсенді қоғам бұл бұйрыққа қарсы өре түрегелді. Ресей қоғамының белсенді жұрты: «Ресейде жоғары білімді әрі өз бетімен ойлайтын адамдар күрт азаяды!», «Бәлкім, біреулер білімді адамдарды «қауіпті де қажетсіз» санайтын шығар?!.», «Жоғарғы оқу орындарында таланттылардан гөрі, ақшалылар көбірек оқитын болады!», «Ресейдің мәдени-ғылыми құндылықтары қатты соққыға ұшырауда!», «Елдің шетелдерге сататын шикізат байлықтарының түсімі – жоғарғы білім беруді тегін жасауға анағұрлым жеткілікті болар еді!», «Бүгінгі биліктің басты қатесі – қоғамның көңіл-күйін түсініп, тамырын дөп баса алмауында!» – деген ұрандар айтып, дүйім елді шулатты... Ал, бізде: «Баяғы жартас, бір жартас», мүлгіген ұйқыдамыз. Қоғамның бір белсендісі қит етсе: «Оппозициясың, елдің саясатына қарсы сатқынсың!» деп, шыға келеді; ұлтымыздың мүддесін қорғаса: «Ұлтшылсың, қазақтың жауысың!» деп байбалам салады; сақал қойса: «Лаңкес» атанады, орамал тақса: «Жанкешті» болып шығады... Осы кезде жоғары лауы­зым­дылар «Бөліп ал да, билей бер!» қағидасымен қазақтың бар байлығын (мемлекеттік және жергілікті бюджеттің қаржыларын) пышақ үстінен қылдай бөліп алып шетелдерде қыдырыстап жүреді... Тағы да Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаеваның: «Биыл Білім және ғылым министрлігіне 733 миллион теңге қосымша қаржы бөлінді. Бұл ақша әдеттегідей қажетсіз әрі сапасыз оқулықтарға жұмсалмай, мұғалімдерге тікелей бөлінуі керек» деп, қадап айта келіп: «Мемлекттік қызмет – жемқорлықтың ордасы» – деген өткір сөзі жүрегімізді зірк еткізді. Елдің ең қауіпті індетіне Елбасының қызының алаңдауы – бойыңды суытып, ойыңды ойрандайды екен... ...Иә, «Қайда барсаң да – Қор­қыттың көрі» – қазақтың келешегінің күңгірт кейпі... Құлтас ДОСТАН