Ғалым парасаты

Қоғамдағы адами құндылықтар, әсіресе ғылым мен білімге деген көзқарас өзгеріске ұшырап, рухани күйзеліс орын алған өтпелі кезеңде өзінің парасаттылығын сақтап, ғылымға адалдығынан таймаған тұлғаларды ерекше атап өткің келеді. Ғылымды дамытуға қосқан үлесінен көрі сол ғылымдағы өзінің мансабы мен атақ дәрежесін артық қоятын, тіпті ғылымды шоуға айналдырып жіберген адамдарды көргенде мен әркез өзінің қарапайымдылығынан айнымаған Бөрібай Сарыұлы ағамызды еске аламын. Көп жылдардан бері әріптес інісі болып келе жатқан мен үшін Бөрібай аға ғылымға қалтқысыз адал еңбек етудің, парасаттылық пен қарапайым адами қасиеттердің үлгісі болды дер едім. Өмір соқпақтарының әрқилы кезеңдерінен қатар өтіп келе жатқан ағамыз туралы ол кісінің 80 жылдық мерейтойын арқаланып жанұямызбен қоян қолтық араласқан інісі, әрі ауыл шаруашылығы ғылымы саласындағы әріптесі ретінде ғалым ағамыздың еңбегі мен парасаттылығы туралы сөз қозғасам деп едім. Бөкеңмен таныстығымызға 40 жылдай болып қалыпты. 1981 жылы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітіріп В.Р.Вильямс атындағы Қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтына жұмысқа тұрған кезімде ағамыз арпа селекциясына жетекшілік ететін. Осы уақыт ішінде байқағаным парасатты адамға адамгершілік, инабаттылық, салиқалылық, мейірімділік, ізгілік, әдептілік, ұстамдылық, талғампаздық қасиеттері тән дейтін болсақ осы қасиеттердің бәрі Бөрібай ағаның бойынан табылатын. Мен солтүстіктің, ол кісі оңтүстіктің тумасы болсақ та рухани үндестік бізді ерекше жақын қылды. Менің әдебиетке жақындығымды байқаған ағамыз әртүрлі отырыстарда «сөздеріңнің мәні кетіп бара жатыр, енді Әйіпті сөйлетейік» деп маған тост беретін. Ажар екеуіміз шаңырақ құрғанда Раушан тәтеміз екеуі бізге қамқоршы болып, осы күнге дейін жылы ықыластарын танытып келеді. Мәскеудегі Н.И.Вавилов атындағы Жалпы генетика инситутының аспирантурасына жолдама келгенде менің кандидатурамды қолдап, батасын берген еді. Зерттеу объектіміз арпа болғаннан кейін ғылымдағы жолымыз да түйісті, бірлесіп биотехнология тәсілдері негізінде арпаның тұңғыш сортын да шығардық. Өмір баянына шолу жасасақ, Бөрібай ағамыз 1940 жылы 13 ақпанда Түркістан (бұрынғы Оңтүстік Қазақстан) облысы, Сарыағаш ауданында Дербісек ауылында дүниеге келген екен. Болашақ ғалымның қасиетті ғылым жолына түсуіне оның ҚазМҰУ-дың биология факультетіне түсуі себеп болады. Ол кездегі республикамыздағы басты жоғарғы оқу орыны болып саналатын дара университет қабырғасында республикамыздың жетекші биолог ғалымдар білім беретін. Соның бірі биология ғылымдарының докторы, ҚазССР Ғылым академиясының мүше корреспонденті, профессор Н.Л. Удольская еді. Кезінде атақты биолог ғалым академик Н.И. Вавиловтың батасын алған Надежда Львовна кейін Қазақстанда еңбек етіп, өсімдік генетикасы мен селекциясына үлкен үлес қосқан, көптеген талантты шәкірттер дайындаған болатын. 36 жасында молекулалық биология саласында ашқан жаңалығы үшін Кеңестер одағының ең мәртебелі Ленин сыйлығының иегері атанған М.Ә. Айтхожин да Надежда Львовнаның студенттік шәкірті еді. Ғылым табалдырығын алғаш аттаған сәттерімде Надежда Львовнанің тағылымын көргенімді ерекше сезіммен еске аламын. Ғалымның 80 жылдық тойына қатысып, Мұхтар Шахановтың орысшаға аударылған «Легенда о долголетии» деген өлеңін оқыған едім. Жас Бөрібайдың бойындағы ғылымға деген құштарлығы мен қабілетін дәл таныған профессор оған арпа дақылы бойынша зерттеу жұмыстарын үйретеді. Көп жылдар бойы тоқырауға ұшыраған генетика ғылымының жаңадан ғана қайта қанат жайып келе жатқан кезі еді. Болашақ ғалымның ғылымдағы алғашқы қадамдары сәтті болып, биология факультетінің профессорларының назарына ілігеді, соның нәтижесінде 1965 жылы М. Ломоносов атындағы Москва мемлекеттік университетінде (ММУ) болған жас ғалымдардың Бүкілодақтық конференциясына жолдама алады. Үлкен ғылыми мәжілісте де Бөрібай Сарыұлының ғылыми баяндамасы жетекші ғалымдардың көңілінен шығып, конференция қорытындысы бойынша мақтау грамота алады, мақаласы ММУдің ғылыми жинақтарына енеді. 1966 жылы университет бітірген кезде Бөрібайдың ауылдық мектепке мұғалім болып баруға жолдамасы бола тұра ҚазМУдың аспирантурасына қалдырылады. Осы орайда белгілі ғалым академик Г.З.Бияшев университет түлегін ертіп министрлікке дейін барып, жолдаманы өзгерттіреді, сөйтіп Қазақстан ғылымына тағы бір дарынды ғалымның келуіне негізгі себепкер болады. Аспирантурадағы зерттеу жұмыстары студент кезінде басталған арпа дақылымен байланысты болады. 1969 жылы аспирантураны аяқтағаннан кейін Семей педогогикалық институтына жолдамамен оқытушы болып барады, ұстаздық қызметті абыроймен атқарып, кафедра меңгерушісіне дейін көтеріледі. Он жылдай ұстаздық қызмет еткен Бөрібай Сарыұлы 1979 жылы Қазақ ғылым-зерттеу институтына конкурс бойынша аға ғылыми қызметкер болып жұмысқа ауысады. Кейін бөлім меңгерушісі, институт директорының орынбасары лауазымдарын атқарады. Ұлттық аграрлық ғылыми зерттеулер орталығында ғылыми хатшы болып, республикамыздағы селекция жұмыстарына жетекшілік те етеді. Дана халқымыз «Ғылым инемен құдық қазғандай» деген, әсіресе үздіксіз тыңғылықты әрі табанды жұмысты қамтамасыз ететін селекция ғылымына бұл сөздердің ерекше қатысы бар. Ата бабамыз «Алтын күміс тас екен, арпа бидай ас екен» тегін айтпаса керек. Еліміздің ауыл шаруашылығы үшін аса маңызды арпа дақылының өнімді әрі төзімді, сапалы сорттарын шығарудың маңызы өте зор. Вавиловша айтқанда «Селекция дегеніміз адам еркімен жүретін эволюция», айырмашылығы табиғатта эволюция мыңдаған жылдарға созылатын болса, адам 10-15 жылда жаңа сорт шығаруы керек. Бөрібай ағамыз арпа мен сұлының 40- тан аса сорттарын шығарыпты. Соның ішінде арпаның 21, сұлының 4 сорты Қазақстан мен Қырғызстанда аудандастырылған, бұл өте үлкен жетістік. Сол сорттарының бірі «Арна» 500 мың гектардан астам жерге себіледі екен. Жақсы сорт кемінде әр гектарынан 2-3 центнер қосымша астық береді деп есептесек, аталмыш бір сорттың арқасында елімізде 100-150 мың тонна арпа артық өндіріледі екен. Шет елде мұндай жетістігі бар селекционерлер миллионер аталып жатыр. Өкінішке орай біздің қоғамда ғалымдардың шынайы жетістіктерін бағалай алмай отырғаны өкінішті-ақ. Өткен ғасырда Одақты айтпағанда Қазақстанның өзінде 30 шақты сорт шығарған селекционер ғалымдар Л.В.Пименова мен В.П. Кузьминнің еңбектері жоғары бағаланып, Социалистік Еңбек Ері атағын алды. Ал тәуелсіздік алғаннан бері талай жыл өтсе де өз ұлтымыздан шыққан тұңғыш селекционер ғалымдар еңбектерінің лайықты бағасын ала алмай келеді. Бұған бәлкім шенеуніктердің есігін қағып, өздерін жарнамаламаған ғалымдардың қарапайымдылығы да себеп болуы мүмкін. Бірақ ғылымды басқарып отырған басшылар ай қарап отыр ма деп ойлайсың. Бөрібай Сарыұлы ұстаздарының аманатына адал болып, селекция саласында өзінің мектебін қалады. «Шәкіртсіз ғалым тұл» дейтін болсақ Бөкеңнің шәкірттері оның ізін лайықты жалғастырып келеді, олардың ішінде 11 ғылым кандидаты және 2 ғылым докторы бар. Шәкірттерінің бірегейі ауыл шаруашылығы ғылымының докторы Баян Шұрымбайқызы Әлімғазинова «Казагроинновация» АҚ-ның төрағасы болып, республикамыздың аграрлық ғылымына басшылық жасағанын мақтанмен айтуға болады. «Жақсының аты өшпейді, ғалымның хаты өлмейді» дейтін болсақ, селекция, генетика және биотехнология саласында жарияланған ғалымның 300 ден астам ғылыми мақалалары, 4 монографиясы, сорттарға берілген 22 патенті, ССРО ның 2, Қазақстанның 21, Қырғызстанның 5 авторлық куәліктері, көптеген ғылыми методикалық әдістемелердің авторы екенін дәйек қыламыз. Ұлы бабамыз Әбу-Насыр әл-Фараби: «Білімді кәсіп, өнер етіп алмауы керек, әрі оны мал-дүние, табу құралы етіп жібермеуі қажет. Кімде-кім мұны керісінше істейтін болса, онда ол көзбояушы болып саналады» деген өсиеті Бөкеңнің өмірлік девизі сияқты. Өндірісте арпа дақылын дұрыс пайдаланып, жақсы пайда табу жолдарын үйрету үшін шаруалардан тегін ақыл кеңесін аяп жүрген жоқ, ақыл сұрап келген кез келген адаммен әңгімелесіп, білімімен бөлісуге құштар. Ғылым мен қоғамға табысты еңбек ете отырып Бөрібай ағамыз ынтымақты отбасын қалыптастыруға, сындарлы ұрпақ тәрбиелуге ерекше көңіл бөледі. Раушан тәтеміз екеуі балаларынан немере, шөбере сүйіп ардақты ата-әже атанып, Сары әулетінің шаңырағын шалқытып отыр. Көрер қызығыңыз мол, ғұмырыңыз ұзақ болсын дегіміз келеді 80 нің сеңгіріне шығып отырған ағамызға. Әйіп Рашитұлы, Биология ғылымдарының докторы