Қазыбек Иса. ҚАНДАЙ ҰЛТ БОЛСА ДА, ТӨРІМІЗГЕ ШЫҒАРСАҚ ТА, ТӨБЕМІЗГЕ ШЫҒАРМАЙМЫЗ!

ТАТУЛЫҚ ТЕК ҚАЗАҚТЫҢ ЕСЕБІНЕН ҒАНА ЕМЕС, БАРШАНЫҢ МҮДДЕСІ БОЛУЫ ТИІС

 

"Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі - Ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен Ұлтымның кеудесін  бастырмау үшін барымды саламын!"

Мұстафа Кемал АТАТҮРК,  Түркияның Тұңғыш Президенті

   

"БІР ЕЛ. БІР ТІЛ. БІР МҮДДЕ" атты елдік ұстанымға көшетін кез келді

Қордайдағы дүнген дүрбелеңі елімізді дүр сілкіндірді. Айдың-күннің аманында қазақтарды полициясымен қосып сабаған дүнгендердің басбұзарлығы ақыры он бір адамның өмірін қиған, отыз шақты үй өртенген үлкен бүліншілікке ұласты.  

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шұғыл мәлімдеме жасап, комиссия құрып, жағдай қалпына келді. Енді құқыққорғау орындары Қордайдағы қантөгіске кінәлілерді қатаң жазалауы тиіс. Иә, ең бастысы мемлекеттік тұрақтылық!

Қордайдағы жанжалға байланысты «Ақ жол» партиясы да барлық ұлт өкілдерін сабырлық пен өзара құрметке шақырып, Мәлімдеме жасады. 

 Қантөгісте қаза тапқандардың отбасыларына көңіл айтамыз. Алла ел  амандығы мен жұрт тыныштығын берсін!

Ал енді мәселе неден шықты немесе негізі неде?

Әрнәрсені өз атымен атамаған соң - осы. Ақты -ақ, қараны -қара деу керек.

Ең бастысынан бастайық. Қазақтың мемлекет құрушы  ұлт екені  тарихи  заңдылық.  Әлемдегі санаулы елдерде ғана кездесер Алла берген өз мәртебеміз, шексіз бағымыз! Осы өз мәртебемізді өзіміз 1995 жылы Конституциямыздан алып тастай салдық. Ешкім, ешқандай ұлт өкілдері қарсы шықпай-ақ... (Қарсы шығу ұғымға да сыймайды өйткені). Бұндайды ешқандай ел жасаған емес...

Ал өз мәртебесін өз қолымен жойып отырған ұлтты өзгелер аяй қойсын ба?  Министрлері мен әкімдері, депутаттарының  көбісі, жалпы мемлекеттік қызметкерлері қазақ тілінде сөйлемейтін елді өзге жұрт құрметтесін бе?

Мысалы, сол дүнгендер (кез келген ұлт) алысқа сермеп Америка, Қытай, Ресейді айтпай-ақ қояйық, мынау өзіміздің туыс Өзбекстанда өзбекті сабай ала ма? Ал бізде қазақ ақсақалын екі баласымен қосып, 8 дүнген өлімші етіп, жабылып сабайды.  Тіпті, оларды қорғауға келген мемлекет өкілі - полицияның өзін қуалап жүріп соғады...

Отыз жылдан бергі көріп келе жатқанымыз не? Бізде бір қазақты бір өзге ұлт өкілі ұрады немесе атады, бірақ ақырында  қарымта қайтарған қазақ кінәлі болады!

Біздің биліктің оқиғаны тексермей жатып, жанталаса қайтаратын жауабы - бұл ұлтаралық жанжал емес, тұрмыстық қақтығыс! Өйткені ынтымақты көп ұлтты ел деген атаққа кір келмеуі керек. Қазаққа не болса ол болсын. Әрине, мемлекетімізге ең керегі ынтымақ, бірлік, татулық, бірақ ол  неге міндетті түрде қазақтың есебінен бола береді отыз жыл бойы?!.

Иә, бәрі тұрмыстық қақтығыстан басталады. Бірақ арты міндетті түрде ұлтаралық жанжалға ұласады.

Шешен, тәжік, ұйғыр, күрд, армян т.б. бітіп, енді дүнгенге келді кезек!

Біздің билік қайта-қайта айтқанды жақсы көретін 131 ұлт өкілінің бұл нешіншісі екен?..

Міне,  осы отыз жыл бойы ұстанған өз ұлтын кемсіту саясатынан арылмасақ, мұндай оқиғалар  әлі де жалғаса береді.

Өйткені, бұл  "Мен қауіп еткеннен айтамын" дегендей, отыз  жыл бойы айтып та, жазып та келе жатқан мәселеміз.

Иә, отыз жыл бойы ел бірлігі, ынтымақ пен татулық тек қазақтың есебінен ғана болып келеді.  Ал оған елімізде өмір сүріп отырған барлық этностар мүдделі болуы тиіс.

Бұрынғы талай оқиғаларды айтпағанда, Қордай қантөгісінен  соң, яғни ауыр ақаулары шыға бастаған бұрыннан келе жатқан отыз жылғы саясатты енді жаңартуымыз керектігі күн тәртібінде тұр!  Өйткені заман жаңа, қоғам басқа! Көшеде Ұлттық мүддесін, өз елінде өзінің теңдігін сұраған ел тұр! Кезінде бауырына басып, тілім нанын бөліп берген жұрттан Тілін сұрап келген Ел енді талап етіп тұр!

"Мен үшін ең ұлы қорғаныс ұясы, ең ұлы көмек көзі - Ұлтымның кеудесі. Сондықтан да мен Ұлтымның кеудесін  бастырмау үшін барымды саламын!" депті қайран Ер, Түркияның Тұңғыш Президенті  Мұстафа Кемал Ататүрк.

Қазақстанның жаңа Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың да ұстанымы дәл осылай болуы керек! Ал біз бәріміз мемлекет басшысының жанына топтасып,  қолдап, қуаттауымыз керек!

Бізде ұлтымыздың кеудесі басылып жатқан кез аз емес еді, ал кеше  дүнгендер полицейді сабап, мемлекетіміздің бетіне түкірді...

Ұлттық мүдде мен мемлекеттік тілдің ауыр ахуалына байланысты "Жайлап жарылатын минаны жауып тастағаннан ол жарылмай қалмайды. Оны жарамсыз ету керек"-деп кемінде он бес жылдай бұрын жаздық.

Ұлттық мүддеміздің ұпайын түгендеп, талай жазған сайын кеше шекара асқан дүнгендердің соңынан жылап-еңіреп еріп кете жаздаған, Қордайға барған қазақ жігіттерінің жер-жебіріне жетіп балағаттап жатқан құлсана Бахытжан Копбаевтар бастаған байбаламшылдар ойбайлап бір құлап тұрады . Интернет ақтарсаңыз бұған анық көз жеткізесіз.

Қылмысты кім жасағанын ұмытып кетіп,  қазақ жігіттерін ұлтшылдықпен кінәлап жатқан Ресейі бар, өзіміздегі копбаевтар секілді орыстілділер, тағы басқа өзіміздің зиялылар, қайраткерлер  бар,  осы уақытқа дейін  дүнгендер өлімші етіп сабаған сексенннің сеңгіріндегі қазақ қариясы мен оның екі ұлынығ жағдайын, тіпті осы қантөгісте қаза тапқан, артында үш баласы  қалған бір үйдің маңдайға басқан жалғыз ұлы Дархан Әбдірахымның отбасына көңіл де айтқан жоқ...

Әрбір осындай қайғылы  оқиғадан соң билік  әдеттегідей өре түрегеліп, шұғыл шара қолданады.  Комиссия құрылады. Кінәлілер табылып жазаланады. Сонымен бітеді бәрі. Бірақ алда тағы да қайталанбауына кепілдік жоқ...

Үйдің шатырын ауыстырғаннан ештеңе шықпайды - іргетасын нықтау керек. Ол - ұлттық идеология! Ұлттық идеология Конституцияға мемлекет құрушы  ұлт -қазақ ұлты деп жазудан басталады. Ұлттық идеология Мемлекеттің азаматтарына  Мемлекеттік тілді міндеттеуден басталады.  Өйткені, Тіліңді білмеген тірлігіңді білмейді.  Жатпейілдік жалғаса береді. Қазақтың тілі  мен тарихын Қазақстандағы барлық этностар жақсы білетіндей деңгейге жетуіміз керек!  Сонда ғана қазақ халқына деген өзге этностардың құрметі оянады. Мемлекет құрушы  негізгі ұлт Қазаққа жақындайды.

Мысалы,  өткен жылы желтоқсанда елордамызда Қазақстан Халқы Ассамблеясы Тіл форумын өткізіп, соған қатыстық.  Елуге жуық өзге ұлт өкілдері қазақ тілінің майын тамызып сөйлеп, жырлары мен әндерін шырқағанда еріксіз риза боласың. Жүздеріне қарасаң бәрі қазаққа ұқсап кеткен. Мен сөз сөйлегенде: "Қазақ тілін -Менің тілімді менен артық сөйлеп тұрған сіздердің барлығыңызға басымды иемін.  Қазір Сіздердің жүздеріңіз кімге ұқсап кеткенін білесіздер ме?"-дегенімде, бәрі бір ауыздан: "ҚАЗАҚҚА"-деп шу ете қалды.

Сол жерде мен екінші рет: "Біз осы уақытқа дейін  "БІР ЕЛ. БІР МҮДДЕ" деген ұстаныммен келдік. Енді  "БІР ЕЛ. БІР ТІЛ. БІР МҮДДЕ." деген елдік ұстанымға көшуіміз  керек" деп ұсындым.

Мен бұл ұсынысты алғаш рет осыдан оншақты жыл бұрын Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ассамблея бірге өткізген жиында да айтқан болатынмын.

Бұған, яғни баршаға Мемлекеттік тілді міндеттейтін Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға қазір заңды негіз бар.  Осыдан екі-үш жыл бұрын елімізде Мемлекеттік тілді меңгергендер саны 86 пайыз екені Мәдениет министрлігі ресми мәлімдеген болатын. Ал қазақ ұлтының саны 75 пайыздай екені анық.

Ендеше, енді не тұрыс бар, онсыз да отыз жыл күтіп келеміз.

Бірақ қазір де мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауға мемлекеттің жауапты шенеуніктері қарсы шығып кедергі келтіріп жатқанын анық біліп отырмыз.

Ал жоғарыда келтірген әлемге әйгілі Ататүрік Түркия Республикасын құрып жатқанда: "Түркияда тұратын 78 ұлттың өкілдерін бір тілде - түрік тілінде сөйлеуге шақырамын. Көптілді, көпділді, көпдінді мемлекеттердің  өмірі ұзаққа бармайды. Ондай елдердің болашағы жоқ. сондықтан да біздің Түркия бір-ақ тілде, түрік тілінде сөйлеуге тиіс!"-деп елге тастаған ұраны Ұлтты, яғни Мемлекетті сақтап қалғанын біз де есте ұстауымыз керек!

МИНИСТРЛІКТІҢ ҚОЛЫНАН МИТИНГІ АҢДУДАН БАСҚА НЕ КЕЛЕДІ?!.

Қордайдағы қантөгіс Ішкі істер министрлігіне түбегейлі реформа керек екенін көрсетті.

Біздің полицейлердің митингідегі шал-кемпірмен алысудан басқа қолынан не келеді деп ойлайсың?!. Бұған кезекті рет Қордай оқиғасында куә болдық. Елді қорғайды деген полицияны сабаған дүңгенің басқаны аясын ба?..

Былтыр да Ақтөбеде болар, бір қытайдың үш полицейге әл бермей, беттеріне түкіріп, балағаттап кеткен видеосы тарап жүрді.

Егер полицейлер өз міндеттеріне лайықты болып, басты кінәлі дүнгендерді тұтқындап, қылмыстық жауапқа тартқанда, он бір адам опат болған осыншама ойран болмас еді?!.

Америкада тб елдерде мұндай  полицияға қол көтермей-ақ, көшеде қауіп тудырған басбұзарды сол сәтте атып тастайды. Біздің полицияның қаруы жоқ па, ата алмайды ма,  түсінбейсің...  Үш-төрт жыл бұрын Алматыны аяғынан тік тұрғызған Күлікбаев деген салафиттің сойқан салғаны естен кеткен жоқ. Алматыны жалғыз өзі автоматпен алшаңдап аралап жүріп, полиция басқармасына емін еркін кіріп, санап жүріп атып кетті полицейлерімізді...

Иә, біздің полицияның шамасы митингіге шыққан бейбіт тұрғындарға ғана жетеді... Жаңаөзенде де айлар бойы ала алмаған айлығын талап еткен халықты қуалап жүріп атқаны тарихымызға қара таңба болып қалды...

Қордайдағы бүліктің ошағы Масанши ауылының мемлекет ішіндегі мемлекет болып келгені де біздің құқыққорғау орындарының әлсіздігі. Бұған жергілікті мемлекеттік биліктің  қауқарсыздығы да себеп болған. Бұл екеуіне елімізді жегідей жеп келе жатқан жемқорлықты қосыңыз!

Дүнген мәдени орталығы төрағасы Хусей Дауровтың Фейсбуктағы парақшасына қарасаңыз ол Қазақстанда тұрып жатқан адамға ұқсамайды, елімізбен байланыстыратын бір де бір белгі жоқ. Оның президенті Қасым-Жомарт Тоқаев емес - Си Цзиньпин секілді...

Сөздің қысқасы, Грузияда Саакашивили құқыққорғау орындарына қалай реформа жасап тазалады,  бізде де дәл сондай түбірімен реформа керек. Грузиядағылар құқыққорғау орындарындағы парақорлықтың жойылып кеткенін сөз етеді. Саакашивилидің бұл ерлігін одан кейін болған президент, яғни басты қарсыласы да мойындайды.

Қордай қантөгісі туралы сөзімізді қорытарда айтарымыз, ең бастысы кінәлілер жазалануы керек. Ал олардың кімдер екенін, біздің құқыққорғаушылар қараңғы үйден қара мысық іздеп кетпей-ақ, елдің бәрі біліп отыр:

1.Қазақтың қариясын екі ұлымен қосып сабаған 8 дүнген.

2.Қазақстан заңына бағынбай, екі полицейдің өзін сабағандар.

3.Екі полицейді ұрып жатқан жігіттеріне тоқтау салмай, қоштап тұрған арандатушы дүнген шалдары және тб.

Ал жазықсыз жандар жазаланбауы керек.

Қазір жан-жақтан анталап тұрған жатпейілдердің арандатуына берілмеуіміз керек! Ол үшін - сабырлылық сақтап, үкіметтік комиссияның нәтижесін күту керек.

Ең бастысы - мемлекеттік тұрақтылықты сақтауға барлығымыз атсалысуға тиіспіз.

Ал елімізде өмір сүріп жатқан этностар шаңыраққа қарауы керек!  Қазақстан Халқы Ассамблеясы ғимаратының маңдайшасына немесе эмблемасына қазақтың  қасиетті "Шаңыраққа қараңдар" деген өнегелі сөзін жазып қойса, артық болмас еді...

Қандай ұлт болса да, қазақы кең пейілімізбен төрімізге шығарсақ та, төбемізге шығармаймыз!

Тәу етер Тәуелсіздігіміздің іргесі берік болып,  ел аман, жұрт тыныш болсын!

Қазыбек ИСА, ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің мүшесі.

Qazaquni.kz