Атақты ғалым ақталып шықты

«Қазатомөнеркәсіптің» ақшасын жымқырды деп айыпталып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылып, сондай-ақ,  80 миллион теңге төлеу талап етілген, сотта ісі бес рет қаралған химик-профессор Ғалымжан Мамытбековты Жоғарғы сот ақыры ақтап шықты. Керек болса ақты қара деуден тайынбайтын прокурорлар бұл шешімге төрт рет наразылығын білдіріпті. Ақыры Жоғары сотта қаралған бесінші шағым соңғысы болды. Бұл жолы тағы да тырнақ астынан кір іздеген прокурорлар жеңіліс тапты. Сот алқасы Мамытбековке тағылған айып жалған, куәгерлердің жаласы да қисынсыз деп тапты. Енді химик-профессор заңсыз үкімнің кесірінен отырып шыққан үш жылына өтемақы талап етемін деп отыр. «Прокурордың шағымы келгенде, «неге кетіп қалмадым» деген менде өкініш болды. Шетелге жақсы өмір сүру үшін емес, зерттеуші ғалым ретінде өзімді дамытуға барғым келген. Енді мен елімізде толыққанды ғылыми жұмыстарға араласатыныма сенімді емеспін», – дейді белгілі ғалым. Бес жыл басын қатырған соттан соң ол моральдық өтемақыны ала қоярына да күмәнмен қарайды. Байқап отырғанымыздай, біздің елде жала жауып адамды қамату қиын емес. Белгілі ғалымның беделіне нұқсан келтірген, осы істі жүргізген заңгерлер неге жауапқа тартылмайды? Бұл бірінші жағдай емес, сондықтан осыған қатысты олардың өздерін жауапқа тарту туралы қатаң заң қабылдау керек. qazaquni.kz