Ақмола облысы әкімінің орынбасары Шерханмен емес, Шахановпен "қоштасты"

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Марат Иғали өзінің әлеуметтік желідегі парақшасына белгілі қаламгер, қазақ әдебиетінің классигі Шерхан Мұртазаның қайтыс болуына байланысты көңіл айту сөзін жазып, Шерағаңның емес, ақиық ақын Мұхтар Шахановтың суретін салып қойған.

Бұл туралы "Қазақ үні" ақпарат агенттігі хабарлайды.

Өзінің қандай өрескел қателік жібергенін әлеуметтік желідегі көзіқарақты оқырман шулаған соң барып түсінсе керек, білдей бір облыс әкімінің орынбасары боп отырған шенеунік аталмыш постты парақшасынан өшіріп үлгерді.

Дегенмен, әдебиет зерттеушісі Елдос Тоқтарбай айтуға ауыз бармайтын бұл масқара посттың скриншотын жасап үлгерген екен.

"Осындай адамдарға жаным ашиды. Анау-мынау емес, білдей бір облыс әкімінің орынбасары! Дана Шерағамыз: "Болашақ" деген шығып, бай балалары шет елде оқып, бірсыпырасы сол жақта қалады. Бірсыпырасы елге қайтады. Білімі жақсы, істі біледі. Бірақ тек орысша, ағылшынша сөйлейді. Қазақшасы жоқ. Бір кем дүние" деген-ді. Өкінішті..." - деп жазды Тоқтарбай өзінің фейсбуктегі парақшасында.