Қазыбек Иса. «ҚҰДАША ҚЫЗ» әні қалай шықты?..
2018 ж. 06 маусым
12882
6
Бұл әнді бір жігіттің бір қызға ғана емес, бүкіл құда балалардың құдаша қыздарына айтатын әні деп білу керек

Коллажды жасаған Ғазиз Оспанов
2006 жылы болуы керек, белгілі баспагер досымыз Қонысбек Ботбай Бішгекке барып келді де маған: Сенің "Құдаша қыз" әніңді қырғыздар көшіріп алып, шырқап жүр бар жерде, міне, кассетасы" деп, ән таспасын ұсынды. Тыңдап, таспадағы жазбаны да оқысам, менің өлеңімнің алғашқы шумағы мен қайырмасы сол күйінде де, әрі қарай өздерінше өзгертіп алып кетіпті. Ал әні сол күйі сақталған. Сол жылы болу керек, жазушы Сәбит Досановты қырғыздар шақырып, кітабын шығарып, "Алтын қалам" сыйлығын берді. Сонда бірге бардық Бшгекке. қасымызда жеңгей де, Сәбеңнің інісі, Ғабит досым да болды. Кез келген кешінде, концерт, жиынында,, тойларында "Құдаша қыз" хит болып тұр екен. Бұрын Қырғыз Жазушылар одағын басқарған, сол кезде Қырғызстанда халықаралық авторлар қоғамын басқарып тұрған көрнекті ақын Марқабай Ааматов бұл әннің менікі екенін білгесін, риза болып, бір жағы әннің ұрланғанына наразылығын білдіріп: «Біздің Авторлық қоғамға арыз жазып бер, авторлық құқың бұзылғаны үшін өтемақы өндіріп берейін» деді. Мен «Әннің авторы Бауыржан Тұрғара ініме айтайын, маған салса, қырғыз бауырлар айта берсін. Біздің әншілер де олардың әндерін өз әндеріндей шырқап жүр ғой»-деп, күлдім де қойдым. Бауыржанға бір кездескенде айтқанымда ол да: «Қырғыздар айта берсін,» деп күлді де, қойды. Кейін бір қарап қалсам, елдің сүйікті хабарына айналған «Айтуға оңайда» Бейсен Құранбек бауырым қырғыздан ұрланған әндер туралы хабар өткізіп жатыр екен. Сонда Бейсенге «Енді қырғыздардың бізден ұрлаған әндері туралы хабардың жалғасын түсіру керек» деп айту ойыма келді де, кейін ұмытып кеткен едім. Жалпы, бұл кезінде елдің бәрі той-томалақтарда сүйсініп айтатын «Құдаша қыз» әнінің шығуына белгілі сазгер Қалдыбек Құрманәлі себепкер болған еді. Ол ағасы, академик-ғалым Кәрімбектің балдызы, яғни өзінің құдашасына ән жазбақшы екен, соған маған сөз жазып бер деді. «Алдымен көрейік құдашаңды, жырға лайық па екен»-деп едім, екеуміздің де «қайдан шәй ішеміз»-деп жүрген бойдақ кезіміз, Кәрімбектің үйіне ертіп барды. Жайнагүл деп танысқан құдаша қыз еліктің лағындай қараторының әдемісі екен, сызылып шәй құйып беріп отырды. Құдаша қызды солай бір-ақ рет көрдім, қайтып жолымыз түйіспеді. Ал өлеңді бірден жазып бердім.Құдаша қыз
Көңілге құдаша қыз, қарасаңыз, Өмірде жанымызбен жарасамыз. Тойларды тамашалап жүрміз талай, Болады біздің қашан тамашамыз? Жолықсақ, жағдай ғана сұрасамыз, Қашан біз сыр ашамыз, қыр асамыз? Ақ қанат көңіліңмен көкке мені, Көтеріп кете бардың құдаша қыз. Ақтарып не қылайын текке бәрін, Жандырды жүрегімді от жанарың. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша, неге сонша көп қарадың?.. Өткен бір қателігін кінәлаған, Айыптап қарамашы мына маған... Өзіңнің үлесің ғой, құдаша қыз, Өкініп өтер болса құда балаң... Қолымды жеткізгендей айға бүгін, Біз енді жолығамыз кайда күнім? Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Қалдыбек бұл әнді домбырамен, халықтық дәстүрлі әуенде шығарды. Бірақ, кейін 1996 жылы «Керімсал» атты тұңғыш кітабым шыққанда, ақын ағам Исраил Сапарбайға бір данасын алып барып беріп, үйінен шығып келе жатсам, аулада белгілі композитор Бауыржан Тұрғара інім жолығып қалды. Ол қолымдағы кітапты көріп жабысты. Мен «өзі жалғыз қалды, кейін беремін» деп көнбедім. Сөйтсем, ол Исраил ағасынан менің кітабымды сұрап алып кетіпті. Өзінің айтуынша, ол құдаша қызына құмартып жүрген кезі екен, ән де туа кетіпті.

P.S. «Құдаша қыз» әнін видеосымен фейсбуктағы парақшаларына салып, "Әсем әнмен таныс - Авторына алғыс" жобасымен (жоғарыдағы суретте) талай әнді таныстырып жатқан және осы мақаланың жазылуына себепкер болған Ғазиз Оспановқа және Ерлан Төлеубай бауырларыма Алла жар болсын!
Қазыбек ИСА,
Qazaquni.kz
ҚҰДАША ҚЫЗ Ән Көңілге құдаша қыз, қарасаңыз, Өмірде жанымызбен жарасамыз. Тойларды тамашалап жүрміз талай, Болады біздің қашан тамашамыз? Тойларда тамашалап жүрміз талай Болады біздің қашан тамашамыз? Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Жолықсақ, жағдай ғана сұрасамыз, Қашан біз сыр ашамыз, қыр асамыз? Ақ қанат көңіліңмен көкке мені, Көтеріп кете бардың құдаша қыз. Ақ қанат көңіліңмен көкке мені Көтеріп кете бардың құдаша қыз! Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Ақтарып не қылайын текке бәрін, Жандырды жүрегімді-ау от жанарың. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша, неге сонша көп қарадың?.. Амалсыз қимастықпен қоштасарда, Құдаша неге сонша көп қарадың?.. Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? Қолымды жеткізгендей айға бүгін, Біз енді жолығамыз кайда күнім? Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Кездеспей кетсек егер бұдан кейін, Әрдайым өз бағыңда жайна гүлім! Қайырмасы: Хе-е-ей, игай, игай, игай, игай, ай- ай –ай! Құдаша қыз! Болады біздің қашан тамашамыз? Болады біздің қашан тамашамыз? 1996 жыл.