Жүрсін Ерман: Айтыскерлер арасында теріс діни ағымға түсіп кеткендер бар
2018 ж. 06 қаңтар
11294
2
Айтыс төңірегіндегі тартыс! Қызыл сөздің шешендері халықтың мұң-мұқтажын жырлаудың орнына, қазір бір қазанда бастары піспей жүр. Тіпті бір сахнада отыра алмайтын күйге жеткен. Ал себеп – әртүрлі. Діни көзқарасына байланысты дәстүрге қырын қарай бастаған ақындар да қазір аз емес. Оны сол айтыстың басы-қасында жүргендер ашық айта бастады, деп хабарлайды КТК арнасы.
Дала парламентіне баланған айтыс төңірегінде қазір талас-тартыс өршіп тұр. Төл өнердің тоны теріс айналып, топ-топқа бөлінген ақындар әркімнің сойылын соғып жүр деген әңгіме ел арасында желдей ескен. Қызыл сөздің шешендері халықтың мұң-мұқтажын жырлаудың орнына, бір қазанда бастары піспей жүргенін Жүрсін Ерман да мойындайды. Бір үйдің баласындай болған дүлділдер қазір бір сахнада отырып айтысудан қалып барады.
«Қазақстан қоғамы қандай, ақындар да сондай. Біздің де ақындардың арасында діни теріс бағытқа түсіп кеткен, дәстүрлі өзіміздің дінді ұстанбайтын ақындар пайда болды, төртеу-бесеу. Бірақ, олардың қолына айтыс секілді аса құдіретті өнердің тізгінін ұстатып жіберіп, айтысты дінге қарай жолға салып жіберу өте қиянат болады», – Жүрсін Ерман.
Шынында да қазір кейбір ақындардың тек дін төңірегінде толғанып, айтыстың ажарын қашырып жүргені туралы айтылып жүр. Тіпті сақалдылар бірігіп өз айтыстарын ұйымдастыратын болған дейді сол айтыстың басы қасында жүрген ақындар.
«Егер басқаша ойлайтын айтыскер-ақындар болса, егер жоқ біз бұларға қосылмауымыз керек, біз бұлардың қатарынан емеспіз, біз өзіміз бөлекпіз дейтін болса,ондай адамды тек қана айтыскер ақын емес, жалпы Қазақстан мемлекетіне қауіпті адам деп есептеймін. Таза ұлтқа пайдасы бар осындай қазақтың арда өнері жалғыз қазір қалған қадірлі көрермен жинай алатын дәстүрлі өнеріне жік салу ол қазаққа қарсы жасалған қылмыс деп ойлаймын», – дейді айтыскер Ринат Зайытов.
Осыдан жеті жыл бұрын айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағы құрылып, оған Жүрсін Ерман төраға болып сайланғаны есте. Бұл ұйым бес мәрте «Алтын домбыра» сайысын ұйымдастырып, үздік ақындарды анықтаған екен. Алайда халықтың қызығушылығын оятқан бұл жарыстан биыл біраз мықты ақындар шет қалыпты.
««Алтын домбырадан» айырылып қалған соң, Ақтөбеде өткен оңаша, шамалы ақындар қатысқан. Бұрын айтысқа қатыспаған биылғы жылдың, ақындар арасында өткен «Алтын домбыра» сайысы біздің көңілімізді көншітпеді. Сондықтан, біздің бірде бір одақтың мүшелері барып қатысқан жоқ», – дейді Жүрсін Ерман.
Қазір халық арасында Сара Тоқтамысова, Балғынбек Имашев, Сырым Әуезхан, Жандарбек Бұлғақов секілді сәйгүліктердің Мұхамеджан Тазабектің жанына топтасқаны туралы әңгіме бар. Яғни жыр дүлділдері жікке бөлініп, Жүрсін мен Мұхамеджанның сойылын соғып жүр дейді көпшілік. Бірақ, Мұхамеджан Тазабектің өзі бұл оймен түбегейлі келіспейді.
«Дінге байланысты бөлінушілік айтыста болған емес негізінен. Көп жағдайда деген шығар, солай шығар, солай болуы мүмкін деген жорамалдармен ел арасында сондай түсінік қалыптасып қалды. Әйтпесе, айтыс төңірегінде болып жатқан дау дамайға діннің еш қатысы жоқ негізі», – дейді Мұхамеджан Тазабек.
«Айтыс ол ортақ өнер. Ол оңаша бір бөлмеде, міне ойымыз бірдей алтауымыздың, осы алтауымыз ғана барып айтысамыз деген болмайды. Өзінің ойы дұрыс па, алқаға салсын үлкен ортаға. Біз де айтыскер ақынбыз, біздің де пікіріміз бар. Кімдікі дұрыс, кімдікі бұрыс екенін халық сол жерде шапалағымен де шешіп алады ғой», – дейді айтыскер Ринат Зайытов.
Жыл бойы жыр бәйгесінде қамшы салдырмаған ақындардың биыл «Алтын домбырадан» алшақтап қалғаны көңілдеріне қаяу түсірген. Сондықтан Жүрсін Ерман желтоқсанның 29 мен 30-ында өз жүйріктерін жинап Алматыда айтыс өткізді. Осылайша қазақ ұлтына тән ұлттық өнерді тулақша тартып, әркім өзінше айтып ұйымдастырып әлек. Алайда, айтыстағы бұл алауыздық төл өнердің дамуына тұсау болмаса игі.