Желтоқсан куәгері: Алаңнан қашқандар қазір басшылық қызметте жүр
2017 ж. 07 желтоқсан
8995
19
«Қазақ жастары үшін қасіретті күні қазақ халқының ерлігі мен бірлігін әлем таныды». Желтоқсан оқиғасының қатысушысы Меңдібай Аязбаевтың сөзі бұл. Желтоқсанның жаңғырығы есінен кетпеген ақтөбелік азаматпен сұхбаттасқан журналист Әсел Абат өз мақаласын "Қазақ үні" ұлттық порталына жолдады. Өзекті мақаланы оқырман назарына ұсынуды жөн санадық.
Ақтөбе облысы Шалқар ауданының тумасы Меңдібай Аязбаев 1986 жылдың 16-17 желтоқсанында қазақ жастарымен бірге алаңға шықты. 20 жастағы жігітті халықтың тағдыры алаңдатты. Намысты қолдан бермей, Лениннің «әр ұлттың өз қолбасшысы болсын» деген идеясын алға тартты. Желтоқсан оқиғасының қасіретті де қаһарлы үш күні Меңдібай Аязбаевтың жадында әлі жаңғырып тұр.
«Алматы халық шаруашылығы институның 1-курсында оқимыз. 20 жастамын. 1986 жылдың 16 желтоқсан күні кешкілік тамақтанып отырғанымызда Қазақ Компартиясы Орталық Комитеттің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың орнына өзгенің келгенін естідік. Қазіргі кездегідей жылдам хабар ала алмаймыз ғой. Сондықтан, естіген жаңалықты бір топ студент болып талқылап, кейін жатақханамызға тарастық. Бір уақытта «Алматы мал дәрігерлері институты мен ауыл шаруашылық институтының студенттері қазіргі Республика алаңына жиналып жатыр» дегенді естідік. Алаңға біз де бардық. Алматыда өндіріс орындары көп болатын сол кезде. Сонда жұмыс жасайтын жастар да жиналыпты. Сол күні алаңнан түн жарымында ертеңіне жиналатын болып тарқастық. 17 желтоқсан күні таң атпастан алаңға қайта келдік. Жиналғандар көп болды. Дәл осы күн оқиғаның қызған шағы болды. Алаңға әскерилер мен курсанттарды әкеле бастады. Кеуделерін намыс кернеген жастар қазіргі Алматы қаласының әкімдігі орналасқан ғимаратты басып алды. Алаң маңындағы талдарды қопарып, қарама-қарсы бетте орналасқан мәрмәр тастар сататын дүкенді қиратты. Барлық өндіріс орындарының басшылары, оқу орындарының ректор, декандары жастарды кері қайтаруға тырысқанымен болмады. Оларды қармен атқылап, қуып жібердік. Қашып кеткендер арасында қазір басшылық қызметте жүргендер де бар. Әлі күнге дейін көз алдымда. Біз «әр ұлттың өз көсемі болсын» деген қағиданы ұстанып, ешқайда кетпедік»,-деді Меңдібай Аязбаев.
Алаңға шыққандардың барлығы ауыл жастары. «ҚазМУ-дың студенттері қазақ ақындарының өлеңдерін оқып, бойымызға қан жүгіртіп отырды» дейді кейіпкеріміз. 17 желтоқсан күні кешкілік жастарға қарағанда Ташкент пен Новосібірден жеткізілген әскерилер күш алып, аяусыз ұрып-соғу, тепкінің астына алу басталды. Жендеттер қолына түскендерін көлікке тиеп, қаладан қашық жерге апарып тастаған. Ауруханалар жараланғандарға толса, көп адам тергеу изоляторына тоғытылған.
«Негізгі күрес 16-17 желтоқсан күндері болды. 18-і күні тынышталды. Одан кейін 3 адамнан артық адам жиналса, автобусқа тиеп алып кететін болды. Қазақ жастары ар-намысын көрсетіп, сеңді қозғады. Кейін қудалау басталды. Алаңға шыққандарды жатақханамызға кіргізбей тастады. Ашық балкондардан іштегі қыз-жігіттер төсек жаймаларды бір-біріне жалғап, көтеріп алатын. Деканаттағылар да соңымызға көп түсті. Қасымдағы жамбылдық досым ақыры оқудан шығарылды. Қудалаудан құтылу үшін мен әскерге кетіп тындым. 2 жыл Отан алдындағы борышымды өтеп келіп, оқуымды қайта жалғастырдым. Жастарды алаңға намыс алып шықты. Алаңда өзіміз көргендей қазақтың баласынан басқа өзге ұлттың өкілдері болмады. Тәуелсіздікке алғаш қадам сол күндері жасалды»,-дейді оқиғаға қатысушы.
51 жастағы Меңдібай Аязбаев отбасылы. Екі қызы бар. Ақтөбедегі мекемелердің бірінде есепші. Оның сөзінше, желтоқсан оқиғасы өз бағасын ала алмай келеді. Қанша күрескенімен нәтиже аз.
«Тәуелсіздік 1991 жылдың 16 желтоқсанда жарияланғанымен дәл сол күні мереке қылмау керек еді. Желтоқсан оқиғасы, сол жылы алаңға шыққан жастардың ерлігі мерекенің көлеңкесінде қалып қойды. Желтоқсанның қасиетті де қасіретті күндерін оқиғаға қатысқандар ғана көбірек есіне алады. Екі күнді байланыстыруға болмайды. Желтоқсанның ызғарын, сол кездегі жастардан артық ешкім білмейді»,-дейді Меңдібай Аязбаев.
Ерлікпен, ерік-жігермен, ынтымақ-бірлікпен келген Тәуелсіздік мерекесі өтпес бұрын елде жаңа жылға даярлық ерте басталады. Ірі мекемелердің алдындағы шыршалар безендіріле бастайды. Ал, маңызды мереке жақындаған уақытта ғана көшелерде «Тәуелсіздік - тұғырың», «Тәуелсіздік – ел тірегі» деген жаттанды ұрандар пайда болып, 17 желтоқсанда жоқ болады. Ақтөбелік азаматты алаңдататыны да осы.
Әсел АБАТ,
Қазақ үні