Министрге сенсек енді 40 жыл ауыз суға зар боламыз
2017 ж. 18 қазан
2846
2
Бүгін Мәжілістегі пленарлық отырыста 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті қарау барысында халықты ауыз сумен қамту мәселесі көтерілді. Бұл туралы "Қазақ үні" ұлттық порталының тілшісі хабарлайды.
Мәжіліс депутаттары аталмыш бағдарламаның жүзеге асырылуына өз наразылықтарын білдірді.
Нақты айтқанда, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2018-2020 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес 2020 жылға дейін халықты толық ауыз сумен қамту көзделген, ал Инвестиция және даму министрлігінің стратегиялық жоспары бойынша 2020 жылға дейін халықтың тек 63% ғана ауыз сумен қамтылмақ.
Бұл олқылықты Мәжіліс спикері Нұрлан Нығматуллин де атап өтті. Оның сөзінше бұл екі индикаторды бір ретке келтіру керек. Өйтпегенде, халықтың толық ауыз сумен қамту 2060 жылға дейін жалғасады.
Еске сала кетейік, осыған дейін Өскемен қаласына қарасты Ахмер кентінің тұрғындары "Қазақ үні" ұлттық порталына хат жолдап, елді-мекенде әлі күнге дейін ауыз судың жоқтығын ашына жазған болатын. Тұрғындар өз хаттарында бұл мәселемен "Нұр Отан" партиясына да, қала мен облыс билігіне де да шағымданғанын, алайда одан еш пайда мен нәтиже болмағанын жазды. Сонымен қатар, қала тұрғындары бұл мәселені "Ақ жол" партиясының депутаттарына жеткізуді өтінген еді.
Осыған орай "Қазақ үні" ұлттық порталының редакциясы "Ақ жол" партиясының төрағасы, Мәжіліс депутаты Азат Перуашев пен партия мүшесі, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембиновке бұл мәселеге қатысты Ашық хат жазған еді.
Алайда, партия тарапынан БАҚ туралы заңға сәйкес 3 күн ішінде де, азаматтық сауалға жауап қайтарылатын 15 күн ішінде де ешбір жауап келмеді.