Мәжіліс депутаты: Қазақша жауап бере алмайтын әкімдер мен министрлер халықпен қалай жұмыс істейді?
2017 ж. 25 қыркүйек
8044
35
Шенеуніктердің қазақ тілінде сөйлемеуі мәжіліс депутаты Бақытжан Әбдірайымның намысына тиді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Бүгінгі біздің талқылап жатқан сұрақ өте маңызды және өзекті. Бірақ бұдан да зор бір мәселеге біз бүгін жауап таппадық, құрметті әріптестер. Және ол менің көңіліме, намысыма қатты тиді. 12 қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде берілген сұрақтың 11-іне орыс тілінде жауап берді. Кім жауап берді? Әкімнің орынбасары, әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары, олар кіммен жұмыс істейді? Халықпен жұмыс істейді. Олар қазақ тілінде жауап бере алмаса, қалай жұмыс істейді?!", — деп кейіді депутат.
Осы ретте халық қалаулысы Елбасының рухани жаңғыру жөніндегі өз мақаласында "мемлекеттік тілді құрметтеу — тәуелсіздікті құрметтеу" деп айтқанын еске салды.
"Біздің регламентте қазақ тілінде, яғни мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап берілуі керек деп тікелей көрсетілген. Біз бұған қазір шектеу қоймасақ, осылай жалғаса береді. Сол себептен, төраға мырза, менің өтінішім, болашақта бізге келетін лауазымды қызметкерлер мемлекеттік тілде сұрақ қойылса, сол тілде жауап беруге тырыссын", — деген өтінішін білдірді депутат.
Отырыстан кейін министр Қалмұханбет Қасымов өз тарапынан бұл олқылықтың орнын толтыруға уәде берді.
"Бұл мәселені орнына келтіреміз. Ендігі үкімет сағатына келген кезде, бұл ескертулер орындалады", — деді Қасымов БАҚ өкілдеріне.
Айта кетсек, осы жиында дайындалмай келіп, қағаздан бас көтермеген шенеуніктер депутат Зағипа Балиевадан да сөз естіген болатын.