Дулат Исабековтің шығармалары Мәскеуде жарық көрді
2017 ж. 24 мамыр
10058
2
Алматыда Ұлттық кітапханада көрнекті жазушы-драматург, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, халықаралық ПЕН-клуб сыйлығының лауреаты Дулат Исабековтің Ресейдің әйгілі «Художественная литература» баспасынан шыққан 4 томдық таңдамалы шығармалар жинағының тұсау кесері өтті.
Аталмыш 4 томдыққа Д.Исабековтің оқырманға кеңінен таныс және ТМД елдері мен әлемге таралып үлгерген таңдаулы прозалық және драмалық шығармалары енген. КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ә.Нұрпейісовтің алғы сөзімен басталған аталмыш туындыға жазушының прозалық және драмалық шығармаларынан өзге шетел сыншыларының да пікірлері еніп отыр.
Кітапхана төріндегі тұсаукесерде алғашқы сөзді Қазақстанның Халық жазушысы Ә.Нұрпейісов алып, іні-дос болып кеткен Д.Исабековтің шығармашығының ерекшелігі жайында сөз қозғап, жаңа кітаптың лентасын қиды.
Белгілі жазушы С.Елубай жүргізген отырысқа академик, ҚР ҰҒА президенті М.Жұрынов, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаттары, қаламгерлер Б.Нұржекеев, Т.Медетбек, Ә.Асқар, мәдениеттанушы-ғалым М.Әуезов, сыншы, филология ғылымының .докторы Д.Ысқақұлы, ақын, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары Қ.Иса, мәдениеттанушы Ә.Бөпежанова, ақын М.Райымбекұлы т.б. көптеген қаламгерлер мен жазушының өзге де замандастары сөз сөйлеп, құттықтауларын білдірді.
Жазушының «Отчий дом», «Новоселье в старом доме» («Советский писатель» - 1979, 1986), «Транзитный пассажир» («Русская книга» - 2002) атты кітаптары бұрын да Мәскеуде жарық көрген болатын. Д.Исабековтің шығармашылығы жайында «Литературная газета», «Советская культура», «Вопросы литературы», «Литературная учеба», «Московские новости» сынды газет-журнал беттерінде де талай мақалалар жарияланып, кезінде өз бағасын алып үлгергенін білеміз. Европаның өзге де тілдеріне аударылып, жарияланған жазушының «Гауһар тас», «Үндемес», «Біз соғысты көрген жоқпыз» және «Қабылан» атты шығармалары кейінгі жылдары ағылшын тіліне аударылып, кітап болып Лондонда басылып шықты.
Кеңес үкіметі ыдырағанымен жазушының шығармашылығына деген оқырманының қызығушылығы жоғалған жоқ. Мәскеудің «Художественная литература» баспасынан орыс тілінде жарық көріп отырған «Таңдамалы шығармалардың 4 томдық жинағы» соның айғағы. Шығармалары әлем әдебиеті классиктерінен бір мысқал да кем түспейтін, қазақ әдебиетінің халықаралық деңгейдегі мерейін асқақтатып келе жатқан жазушы, драматург Д.Исабековтің аталмыш томдықтарының тұсаукесері жақында Мәскеу қаласы оқырмандарымен де өтпек.
Қазақ қаламгерлерінің жарқ еткен дүниесін көзден таса қалдырмай, оқырманға жол тартуына мұрындық боп, тұсау кесер кештерін ұйымдастырып отыратын ҚР Ұлттық кітапханасының басшысы Ж.Сейдуманов мырза мен кітапхананың көрме мен мәдени іс-шараларды ұйымдастыру бөлімінің қызметкері Ж.Әбдікәрімова ханымға және өзге де қызметкерлеріне алғыс білдіреміз.
Ақмоншақ АХМЕТ
qazaquni.kz