Қазақ Армиясы Орта Азиядағы ең қуатты армияға айналуы керек!
2017 ж. 07 мамыр
12943
15
"Өз әскерінен қаржы аяған ел өзге елдің әскерін асырайды" деген қанатты сөз бар. Қазақ Армиясы кемінде Орта Азиядағы ең қуатты армияға айналуы керек!
Ал 2016 жылғы мәлімет бойынша Қазақстан Армиясы көрші туысқан ел - Өзбекстан Армиясынан 12 сатыға төмен тұр...
Қазақстан армиясы Global Firepower ұйымы құрастырған әлемдік рейтингте 126 орынның ішінен 66-орында. Өзбекстан Армиясы 54-орында!..
Рейтингтегі алғашқы үш орынға сәйкесінше, АҚШ, Ресей мен Қытай орналасқан. Сосын Үндістан, Ұлыбритания, Франция және Оңтүстік Корея тұр. Украина 25-орында, Беларусь 45-орында, Өзбекстан 54-орында, Әзірбайжан 64-орында, Армения 74-орында, Грузия 75-орында, Қырғызстан – 78-орында, Тәжікстан – 81-орында, Түркіменстан – 90-орында.
Соңғы үш орында Мали, Мозамбик және Сомали тұр. Рейтингке барлығы 126 ел кірген.
Ал биыл бұл ұйымның мәліметі бойынша Қазақ армиясының рейтингі 53-ке шығып, бір жылда 13 сатыға көтерілген. Өзбекстан армиясының рейтингі туралы анық мәлімет ала алмадық.
Өзбекстанда әскери қызметке 13,3 миллионнан астам адам жарамды екен, жыл сайын 600 мыңнан астам адам әскери қызметке шақыру жасына жетеді, армия құрамының саны — 65 мың адам.
Ел әскерінде— 420 танк, 715 БТР және БМП, 880 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 143 өзі жүретін артиллериялық қондырғылар, 109 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, 166 ұшақтар, оның ішінде – 69 тосқауылшы/истребитель және 50 жүк ұшағы, сондай-ақ 69 тікұшақтар бар. Рейтингті құрастырушылардың мәліметтері бойынша, Өзбекістанның қорғаныс бюджеті $70 млн құрайды екен, бұл, әлбетте, күмән тудырады: «Википедия» деректері бойынша, 2010 жылы Өзбекістан қорғаныс саласына $1,7 млрдтан астам қаржы жұмсаған. 2014 жылы «Фергана» бұл елдің қорғаныс бюджеті шамамен $2 млрд құрайтынын хабарлады деп жазады 365инфо.кз
Global Firepower ұйымының 2016 жылғы ақпандағы ақпарына сәйкес, Қазақстан халқыныың саны 18,1 млн адам, оның ішінде жұмысқа қабілеттісі - 8,5 млн адам; әскерге жарайтындары – 6,44 млн адам. Жыл сайын әскерге шақыру жасына толатын қазақстандықтар саны - 245 мың.
Сонымен қатар, Қазақстанда 110 мың әскери қызметкер мен 378 мың резервтегі әскери қызметкер бар.
Армияда 300 танк, 1613 БТР және БМП, 285 өзі жүретін қондырғылар, 744 бірлік сүйрелмелі артиллерия, 393 дүркіндетіп ататын реактивтік жүйелер, жағалауды қорғайтын 12 кеме, 244 ұшақтар, оның ішінде – 103 тосқауылшы/истребитель және 64 жүк ұшақтары, сондай-ақ 69 тікұшақтар бар.
Бұл ретте Қазақстандағы әскери бюджет $2 млрд 435 млн құрайды.
Биыл Қазақстанның Қарулы Күштеріне ширек ғасыр толып отыр. Соған орай Астанада Отан қорғаушылар күні мен Қазақстанның Қарулы күштерінің 25 жылдығына арналған кең көлемдегі бұрын-соңды болмаған зор әскери шеру өтті.
Шерудің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев:
«Ел тәуелсіздігімен бірге биыл Қарулы Күштеріміздің 25 жылдық мерекесін атап өтіп отырмыз. Мен ширек ғасыр бұрын тәуелсіз еліміздің төл армиясын құру туралы дәл бүгінгі күні Жарлыққа қол қойған болатынмын. Содан бері аз ғана уақыт өтсе де Қарулы Күштеріміз бес қаруы сай заманауи үлгідегі айбынды армияға айналды. Сайып қыран сарбаздарымыз бүгінде ұлы даланың сенімді қорғаны, азаматтығымыздың алмас алдаспаны. Біз қазіргі заман талаптарына сай келетін, әлеуетті әскерімізді жасақтадық. Ел қауіпсіздігінің басты бағыттары айқындалды. Әскери доктринамыз қабылданды. Экономикамыз қарқынды дамыған сайын еліміздің Қарулы Күштері де жетіліп, нығая түсті. Әскери қауіпсіздігіміз «Қазақстан-2050» бағдарламаның басты бағыттарының бірі болып саналады. Жауынгеріміз әлемнің әртүрлі түкпірінде бітімгершілік миссияларды өзіне алып, аабыроймен атқарып шықты. Біздің әскеріміз ТМД елдерінің ішінде алдыңғы қатарлы әскер ретінде танылды», - деді.
Әскери шеруге бес мыңнан астам әскери қатысты. 300 әскери техникадан құралған колонна жүріп өтті. Жұрт қазіргі заманауи қару-жарақтарды, «Каз Град», «Смерч», «Прима» сияқты реактивті жүйелерді, БМП-2 әскери машиналарын, ТОС-1 «Солнцепек» от шашатын жүйелерді, «Штурм-С» танкіге қарсы зымырандар кешенін, БТР-80 машиналарын, «МСТА-Б» гаубицасын, «Гиацинт» батареяларын, «Тюльпан» минометтері мен «Точка-У» тактикалық зымырандарын тамашалай алды.
Бұндай үлкен әскери шеру 2015 жылы да, Отан қорғаушылар күні мен Ұлы Отан соғысының 70 жылдығында да өткенін айта кетеміз.
.Кезінде "атылмайтын, бірақ сатылатын қаруларымыз" бен шетелге кетіп, шекарада ұсталған тікұшақтарымыз арқылы аты шыққан Қорғаныс министрлігі Иманғали Тасмағамбетовтың кезінде ғана ретке келіп, рейтингі биіктеп, еңсесін тіктеп, қуатын арттырып алғаны мәлім. 2014 жылы 106 мемлекеттің ішінде қазақ әскері соңғы жағында, 80-ші орында қалып қойған болатын. Тасмағамбетовтың тастай тәртібі мен іскерлік дарынының арқасында, 1 жыл 10 айдың ішінде-ақ Қазақ армиясы 14 позицияға көтеріліп, 66-шы орынды иеленді.
Қазіргі Қорғаныс министрі, кәсіби әскер, генерал-полковник Сәкен Жасұзақовтың басшылығымен армиямыздың айбыны мен айбары одан да арта беруі тиіс.
Аспанымыз шуақты, әскеріміз қуатты бола берсін!
ҚОРҒАНЫМЫЗ КҮШТІ, ӘСКЕРІМІЗ СҰСТЫ, ҚҰРЛЫҚТА ҚАЙРАТТЫ, АСПАНДА АЙБАТТЫ, ТЕҢІЗДЕ БАЙРАҚТЫ БОЛЫП, ҚАСИЕТТІ ҚАЗАҚ ЖЕРІНІҢ ҚАРЫС ҚАДАМЫН ЖАУҒА БЕРМЕСІН! АЛЛА ЖАР БОЛЫП, АЛАШ ДӘЙІМ ЕРЛЕСІН!
ОТАН ҚОРҒАУШЫЛАР КҮНІ МЕРЕКЕСІ мен ҚАРУЛЫ КҮШТЕРІМІЗДІҢ 25 ЖЫЛДЫҒЫ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz