Қазақ киносы тарихын зерделеген кітап жарық көрді
2017 ж. 26 наурыз
3539
0
Астанада 30 наурыз сағат 15:00-де, Қазақстан Республикасының Ұлттық Академиялық кітапханасының «Мырзатай Жолдасбековтың мемориалдық кітап коллекциясы» залында, Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Назира Рахманқызының «ҚАЗАҚ КИНОСЫ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН» атты жаңа кітабының тұсаукесері өтеді.
Бұл туралы кітапхананың баспасөз қызметіне сілтеме жасап "Қазақ үні" ұлттық порталы хабарлайды.
Назира Рахманқызы – Қазақ Ұлттық өнер университеті «Өнертану» кафедрасының доценті, кинотанушы, өнертану кандидаты, Қазақстан Кинематографистер одағының мүшесі. «Қазақстан» ұлттық телеарнасында «Киногер», «Ақсарай» атты әрапталық авторлық телебағдарламалардың жүргізушісі әрі редакторы, Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы «Кино тарихы мен теориясы» кафедрасының оқытушысы әрі «Кинотану» шеберханасының жетекшісі болған.
2011 жылдан Астана қаласындағы Қазақ ұлттық өнер университетінде дәріс беріп, шәкірттер тәрбиелеуде. «Кинотану» шеберханасының жетекшісі. Қазақстан деректі киносының негізін қалаушылардың бірі, кинорежиссер Ораз Әбішевтің шығармашылығы туралы «Кинорежиссер Ораз Әбішев» (1998, Алматы, «Қазақстан/Шапағат» баспасы), «Ораз Әбішев» (2007, Алматы, «Ruan» баспасы) атты кітаптардың, «Қазақ киносының тарихы» оқулығындағы (2005, Алматы, «ИздатМаркет» баспасы) «Қазақ деректі киносы» бөлімінің, «История искусств Казахстана» (2004, Алматы, Қазақ мәдениет және өнертану ғылыми-зерттеу институты) атты екі томдық кітаптағы «Қазақ киносының тарихы» бөлімінің, кино өнері туралы 100-ге жуық мақалалар, рецензиялар, сұхбаттар мен зерттеулердің авторы.
Кітапқа енген зерттеулер, мақалалар, рецензиялар мен сұхбаттарда қазақ деректі киносы, көркемсуретті фильмдер, сценарий, бүгінгі жастар киносы, кинофестивальдер, отандық кино өнеріндегі өзекті мәселелер сияқты тағы да басқа көптеген өзекті тақырыптар арқау болған.
Кітаптың негізгі құрылымы «Уақыт және қазақ киносы», «Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал», «Уақыт. Кино. Тұлға» және «Кино – өмір айнасы» атты негізгі төрт бөлімнен тұрады.
«Уақыт және қазақ киносы» деп аталатын зерттеулер бөліміне қазақ киносының кейіпкерлері, киносценарий және фильм, прозаның кинематографиялық табиғаты, деректі кинодағы мәселелер сияқты т.б. көптеген тақырыптарды арқау еткен зерттеу мақалалары енген.
«Қазақ киносы: көкейдегі көп сауал» атты екінші бөлімінде, қазақ киносындағы өзекті мәселелер мен жекелеген фильмдерге қатысты ой-пікірлер, жастар киносы, кинофестивальдер т.б. мақалалар мен рецензиялар ұсынылып отыр. «Уақыт. Кино. Тұлға» деп аталатын үшінші бөліміне отандық және шетелдік белгілі кинематографистермен болған сұхбаттар енген. Бұл сұхбаттардан 1990 жылдардағы отандық кинопрокат, кинотеатр, репертуар мәселелері, фильмдер, 1998 жылы тұңғыш рет өткен «Еуразия» халықаралық кинофестивалі, кинематографистердің шығармашылық зертханасы, олардың уақыт, қоғам, кино туралы ой-толғамдары, т.б. көптеген маңызды мәліметтер алуға болады. «Кино – өмір айнасы» атты соңғы бөлімінде кітап авторының кино өнері туралы баспасөз беттеріне берген сұхбаттары ұсынылған.
«Қазақ киносы: кеше және бүгін» атты кітабы – өнерсүйер оқырман үшін, қазақ киносының кешегі мен бүгінгі күні турасында мол мәлімет пен рухани қажеттілігіндегі таптырмас құрал болып табылады.