Менің мынадай құлдық санадағы елшімен бір елдің Азаматы болуға намысым келеді!
2017 ж. 13 наурыз
12113
59
"Бүгін Астанада өткен баспасөз мәслиxатында Қазақстан Республикасының Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті елшісі Алмас Хамзаев қазақ тілді журналистердің сұрағына мемлекеттік тілде жауап беруден бас тартқан болатын"-деген хабар таратты "Қазақ үні" ұлттық порталы Үкіметтің "ҚазАқпарат" агенттігіне сілтеме жасап.
Мен "Миымды ауыстырмасаңдар қазақ тілін үйрене алмаймын" деген министрі бар елдің азаматы болуға шыдаған ақын едім. Енді қазақ тілінде - мемлекеттік тілде сөйлеуден бас тартқан мынадай елшісі бар елдің азаматы болуға амал жоқ шыдап отырмын!.. Енді, шыдамағанда... қайда барамын? "Ақ жолдың" депутаттарының бірі - Шығыс Қазақстандық Берік Дүйсенбіге телефон шалдым: "Мынадай адамға неге жауап бермей отырсыңдар"- деп. Ұлттық қаны бар, жылқы бағып өскен нағыз қазақ Берік бауырым шошып кетті: "Иә, естіп жатырмын, қазір қарап, айналысайын"- деп...
Мемлекеттік тілде жауап беруді талап еткен Кім? Осындай журналистер бар кезде біз елміз, ерміз! Осы Хамзаевтың орнына осы журналисті Елші етіп тағайындау керек шығар!
Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті елшісі Алмас Хамзаев сияқтыларды Өзбекстанда есекке теріс мінгізіп айдап шығарады елден! Мен Тәуелсіз Қазақ Елінің еркін Ақыны ретінде, "Қазақ үні" деген аты бар республикалық апталық газеттің, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры ұйымдастырған республикалық байқаудың "Ең үздік қазақ тілді интернет сайты байқауының" жеңімпазы - "ҚАЗАҚ ҮНІ" ұлттық порталының басшысы, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары ретінде Парламенттегі біздің депутаттардан Мемлекеттік тілімізді - Мемлекеттік мүддемізді осынша төмен таптаған мынадай елшіні жауапкершіліке тартуға үн қосуын қалаймын.
Менің мынадай құлдық санадағы елшімен бір елдің Азаматы болуға намысым келеді!
Ұлттық намысы бар ел азаматтары үн қосады деп ойлаймын!
Қазыбек ИСА
qazaquni.kz