МЕДИАДАҒЫ ТІЛ КҮРЕСІ: Билік орыстілді, ал қоғамда мемлекеттік тілдің аясы артып келеді
2017 ж. 28 ақпан
5084
7
Орыстілді медианың қауіптілігі - өздерін Ресейдің бір бөлшегі ретінде қарастыратындығында...
Қазақстан медиасы бетпердесінің шешілетін тұсы - тіл мәселесінде
Тілге қатысты медиада жарияланған барлық мәліметтерді алып, NVIVO 10 бағдарламасына салып талдау жасағанда, орыстілді медиа жағдайды драма ретінде беретіні, яғни «чемодан-вокзал-Ресей», «сұрапыл су тасқынын көтерді», «тіл көтерілісі басталды» секілді, ал қазақтілді медиа мемлекеттік мүдде, ел тұтастығы ретінде беретіні («халық күткен бастама» деген секілді) анықталды. Орыстілді журналистер нақты жағдай туралы емес, «конфликт», «соғыс», «көтеріліс» деген терминдерді қолдану арқылы жағдайды ушықтыруға көп күш салғандығы дәлелденді.
Өкінішке орай, осы кезең ішінде әрдайым орыстілді медиа өте белсенділік көрсетіп және билікті үркіту-қорқыту тәсілдері арқылы, жағдайды орыс тілінің мүддесіне қарай аударып келген. Мысалыға, әр көтерілген мәселеде орыстілді медиа жаңалықтар ретінде жүйелі беріп отыруда орташа есеппен қазақтілді медиадан 2 есе көп таратып келген. Ал қазақтілді медиа лап етіп жанып өшкен оттай бір рет айқайлатып береді де, үнсіз қалады. Айталық, тарихта "138-дің хаты" атымен қалған атышулы оқиға туралы, басты деген орыстілді газеттерде 67 мақала жарияланыпты. Ал бұл туралы басты деген қазақтілді газеттерде 31 мақала жарияланыпты (екі жақтан газет саны бірдей қарастырылды). Бірақ салыстырмалы түрде алып қарағанда, уақыт өткен сайын қазақтілді медиада тіл мәселесі туралы хабар, мақалалар жариялану саны артып келе жатқаны байқалады.
Жарияланған ақпараттардың мәтініне келсек, қазақтілді медиа көбіне Конституция, заңдарға, мемлекеттік бағдарлама, Конституциялық кеңестің қаулыларына көп сілтемелер жасайды. Яғни құқықтық актілердің орындалуын, мемлекеттік мүдденің қорғалуын сөз етеді.
Ал орыстілді медиа құқықтық актілерден гөрі Президенттің сөздерін көп алға тартады. Демек орыстілді медиа Президенттің сөздерінің артына тығылады. Бұл арада Президенттің сөздері бір біріне қарама-қайшы екеніне көз жеткіземіз. Себебі, екі медиада Президенттің сөздеріне екі түрлі сілтеме жасайды. Орыс тіліне қатысты Конституциядағы 7-баптың 2-тармағы мемлекеттік ұйымдардан тыс жерде тең қолданылмайтыны Конституциялық Кеңестің қаулысымен анықталғандықтан, орыстілді медиа құқықтық актілерге көп сілтеме жасай алмайды.
Бұл талдаудан байқағанымыз:
Бұл екі тілді медиа екі түрлі идеология, саясат жүргізеді. Орыстілді медианың қауіптілігі - өздерін Ресейдің бір бөлшегі ретінде қарастыратындығында. Мемлекеттік мүддеге, мемлекетті қалыптастыруға жұмыс істемейді. Бұл екі «майданды» жоюға мемлекет әлі күнге дейін жұмыс істемей келеді. Енді Президент әкімшілігінің бірінші орынбасары болып, мемлекетшіл тұлға Марат Тәжиннің келуімен жылымық сезіле бастады, содан үміт болмаса.... Осы күнге дейін екі медиа да мемлекеттік тапсырыстармен жұмыс істеді. Сол кезде мемлекет екі медиада да мемлекеттік мүдде, идеялас мәселелерді көтеруді қадағалауы, ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруы керек еді. Оның екі себебі бар деп ойлаймын.
1. Билік орыстілді, ал қоғамда мемлекеттік тілдің аясы артып келеді. Осы арада баланс сақталмай отыр;
2. Қоғамның назары қатты бұрылатын тақырыбы – тіл. Билік, бұл екі майданның тартысын пайдалануда. Басқару жүйесіндегі терең проблема мен әлеуметтік жағдайдың мүшкілдігін жасыру үшін қажет кезде тіл тақырыбын қозғап қояды. Егер биліктің бұл проблеманы шешу ниеті болса, осы күнге дейін шешер еді. 25 жылда жасамаған алғышартын енді жасайтынына ешкім сенбейді және халқы 25 жылда бір тілді үйрене алмады дегені де өтірік. Қажет болса, тіл үйрену дегеннің 2-3 айда меңгерілетінін ағылшын тілінен көріп жүрміз.
Бұл жерде биліктің тек ойын жүргізіп отырғанын байқаймыз. Бірақ бұл өте қауіпті ойын. Тіл дегенде мемлекеттік органдардың өз ішінде екіге бөлінушілік байқалады. Бұл жағдай мемлекетті әлсіретіп отыр.
Бір ғана мысал айтайын, 2011 жылы Тіл туралы заңға «мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттеу» нормасын енгізу бойынша заң жобасын жасау қолға алынды. Заң жобасы тұрмақ, жұмысшы нұсқасына жетпей «шейіт» болып кетті. Алғаш жұмысшы тобы отырысынан кейін-ақ, қоғамдық талқылауға дайындалмаған күйі жұмыс нұсқасы медиада жарияланып кетті. Санаулы ғана жұмысшы тобының қай мүшесі таратқанын анықтауға ҰҚК-де іске кірісіп, анықтай алмады. Бұдан мемлекеттік қызметкерлер арасындағы өзара тартысты байқаймыз. Әйгілі 138-дің хаты осыған наразылық ретінде туды...
Орыстілді мемлекеттік БАҚ-тардың өзі тіл мәселесін емін-еркін ушықтырып көрсете береді. Ал қазақтілді мемлекеттік БАҚ-тар мемлекеттік тілді - мемлекеттік мүддені қорғай алмай, қалтырап отырады... Кеше ғана қазақтілді сайттарда жарияланған "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!" деген 115 ұлт зиялысының Ашық хатын http://www.qazaquni.kz/2017/02/24/65363.html мемлекеттік БАҚ-тардың бірі де баспағаны, айтпағаны бұған дәлел!
Қорытынды. Мемлекеттік тілдің мүддесімен тек қазақтілді орта өзі айналысып келеді. Демек, біз қаншалықты билік медиасына тәуелділікті азайтсақ, соншалықты қоғамдық пікірдің тынысын ашамыз, мемлекеттік тілдің мәселесін шешеміз. Осы күнге дейін газет пен телеарналар мемлекеттік тапсырыстардан шыға алмай, күн тәртібін орыстілді медиа жасап келді. Қазір әлеуметтік желі арқылы мемлекеттік тілділер күн тәртібін өздері жасайтын деңгейге жатуде. Әлеуметтік желі арқылы көптеген мемлекеттік мүдделер талқыланып, қорғалып, шешімдерін табуда, мәселелер шешілуде. Мысалыға, жерге қатысты дау төңірегінде әлеуметтік желі өте үлкен рөл атқарды. Осы күнге дейін билік медиасы өз гегемониясын жүргізіп, халықтың шын талабын жасырып келген еді.
Ағылшын тілі бәсекеде бәрін жеңіп жатқандықтан, оған ешкім қарсы емес, бола алмайды да. Керісінше өз еркімен үйренуде және бәрі үйренгісі келеді. Тарихтан белгілі, орыс тілі зорлықпен енгізілген тіл. Сондықтан оған қарсылық күшейіп жатыр.
Орыс тілінің Қазақстанда неге болашағы жоқ? Барлық салаларда орыстілді мамандардың жетіспеушілігі артып келеді. Әдебиет, академиялық салаларда орыс тілі қалмады десек артық емес. Тілдің елдегі негізгі іргетастары жойылып жатыр. Сөйлей алу деңгейінде ғана қалды. Оның өзін де медианың күшімен ұстап тұр. Демек орыс тілі Қазақстанда ағылшын тіліне бәсекелесе алмай ығыстырылып кетпек.
Мемлекеттік тіл - орыстілділердің де тілі, мүддесі екенін, олар білсе екен.
Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу кезінде барлығымыз бір ауыздан мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру үшін 7-баптың 2-тармағын алып тастауымыз керек.
Фазылбек ӘБСАТТАРҰЛЫ qazaquni.kz