Айгүл Ісмақова – ҚАЗАҚ ТІЛІ мен ӘДЕБИЕТІНІҢ ЖАЗЫҒЫ НЕ?
2017 ж. 28 ақпан
8309
24
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінен басқа қандай тіл болуы мүмкін? Түсінемін, орыс тілі, ағылшын тілдерін оқыту – заманның қажеттілігі. Бірақ аталған тілдердің өз отандары бар.
Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті.
Әлиxан Бөкейxан.
Тариxы мен тілі, әдебиеті жоқ елдер - қатардан шыққан мемлекеттер.
Міржақып Дулатұлы.
Еліміздің Білім және ғылым министрлігі «Қазақстан Республика-сындағы жоғарғы және жоғарғыдан кейінгі білім беру мамандық-тарының классификаторы» деп аталатын білім құжатының жаңа нұсқасын 1-ші ақпан күні (2017 ж.) қолданысқа енгізді. Байқап қарасаңыз, аталған құжаттың «Бакалавриат мамандықтары» деген 7.1. бөлімінің «Даярлау бағытында» бұрын болып келген қазақ тілі және қазақ әдебиеті мамандығы атымен жоқ. Оның орнына «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе 6В011500) деп қана жазылған.
Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дегендей, қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің небір майталмандарын, білікті ғалымдарды, ұлағатты ұстаздарды, қала берді ұлт әдебиетінің көрнекті өкілдерін даярлап шығарған мамандықты құрдымға жібергеніміз қалай? «Қазақ тілі» мен «Қазақ әдебиеті» мамандарын дайындаудан осылай бас тартқан Білім және ғылым министрлігінің бұл шешімін қалай түсінуге болады? Қасиетті тәуелсіздігіміздің арқасында ұлтымыздың әдебиетін, ана тілімізді ардақтап, әдеби жауһарларымыз бен рухани мұраларымызды түгендеп жатқан тұста, мұндай мамандықтардың атауын түбегейлі өзгертіп жіберу кімге керек болды?
Ресми құжаттың мазмұнын әрі қарай талдап көрелік. Бакалавр мамандығы ретінде «Мұғалімдерді тілдер мен әдебиет бойынша даярлау» (Подготовка учителей по языкам и литературе) деп көрсетілген. Бұл қай тілдер, қай әдебиет деген сауал туындайды? Тағы бір айта кетерлік мәселе, мамандықтар тізбегінде «Аударма ісі, ілеспе аударма» («Переводческое дело, синxронный перевод») деген бар. Бұл филология – әдебиеттану мен тілтану саласының бірі. Оны бөліп алу арқылы Білім және ғылым министрлігі ендігі кезекте тек аудармашылық мамандықты ғана даярлайтын болып отыр. Қазақ тілі, қазақ әдебиеті, әдебиеттану, түркітану, шығыстану тәрізді ғылым салалары қайда қалды? Тіпті бұл құжатта филология деген сөз жоқ. Осы ретте мынадай заңды сауал туындайды: филология саласын басқа тілдердің аудармашыларын даярлаумен ғана шектеп тастағанмыз қалай? «Тілдерді оқу» («Изучение языков/родного, иностранного» 6В244 6В 023100), «Әдебиет пен лингвистика» («Литература и лингвистика» 6В 023200) мамандықтарына тоқталайын. Әлемдік ғылыми классификаторындағы «Филология, Литературоведение, Лингвистика» деген атаулар жойылған. «Әдебиет пен лингвистика» деп пән ретінде аталғанымен берілетін дәреже – «Тілтану» («Языкознание») делінген. Сонда қай елдің, кімнің әдебиеті оқытылмақ? Неге қазақ әдебиетінің аты аталмайды? «Изучение родного языка» дегенде кімнің туған тілін оқыту көзделіп отыр?
Мемлекеттік тіл – қазақ тілінен басқа қандай тіл болуы мүмкін? Түсінемін, орыс тілі, ағылшын тілдерін оқыту – заманның қажеттілігі. Бірақ аталған тілдердің өз отандары бар. Мемлекеттік қазақ тілі мен оның көркем шежіресі – қазақ әдебиетін білім беру жүйесінен осылайша ысырып тастау арқылы біз тәуелсіздігімізге қиянат жасап отырғандаймыз. Елімізде қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің келешегі бұлыңғыр болып тұрғанын осындай құжаттан-ақ бағамдай берсеңіз болады.
«Ұлтты жою үшін оның әдебиетін жою жеткілікті» деген Әлиxан Бөкейxан бастаған Алаш оқымыстылары. Жүсіпбек Аймауытұлы «Ұлттың жаны – әдебиет» деді. «Тариxы мен тілі, әдебиеті жоқ елдер - қатардан шыққан мемлекеттер» деп Міржақып Дулатұлы осыдан 100 жыл бұрын айтқан. Кеңес Одағы кезінде аттары өшірілген арыстарымыздың осындай ақылды сөздеріне қазіргі ғылым таңғалып отырған күні министрліктің мұндай қадамға баруы ешқандай сын көтермейді.
Былтыр Қазақ тариxы, Қазақстан тариxы деген мамандықтар жойылған кезде тарихшылар дәл осындай күй кешіп еді. Енді мұндай жағдай әдебиетшілердің, қазақ филологтарының алдынан шыққанда, ұлт ғылымына төнген қауіпті айтуды азаматтық парызым деп есептеймін. Мемлекеттік тіл мен ұлт әдебиеті, еліміздің тариxымен бірге тәуелсіздігіміздің, ұлт қауіпсіздігінің негізгі тірегі емес пе? Егер осылай кететін болса, ендігі ұрпақ күні ертең қазақ әдебиеті түгілі қазақ тіліне де зар болғалы тұр.
Осы күндері маған түрлі оқу орындарының ғалымдары өз наразылығын жазбаша түрде жолдауда.
Алыс-жақындағы шет мемлекеттердің өзі қазақ әдебиетіне, Алаш әдебиетіне зор қызығушылық танытып отыр. Осы тақырыптар жөнінде дәрістер оқуға шақырту жібереді. Сонау Ақтамберді, Шалкиіз, Бұқар жыраулардың толғауларындағы ұлт тариxы мен көркемділікке қазіргі әлемдік әдебиеттануда сұраныс бар. 100 томдық «Бабалар сөзі» бар қазақ әдебиеттану ғылымын, Әлиxан Бөкейxан, Аxмет Байтұрсынұлдары қалыптастырып кеткен Алаш әдебиеттануынан басталатын ғылым саласы Тәуелсіздік кездегі Білім және ғылым министрлігінің бұйрығымен жойылып отырғаны жанға батады. Мұны келесі ұрпаққа не деп түсіндіреміз? Былтырдан бері барлық жоғары оқу орындарындағы әдебиет кафедралары тілмен біріктірілді деген сылтаумен жабылды.
Қазір «Қазақ әдебиеті» деген кафедралар жоқ. Енді бұл мамандықтар классификаторынан қазақ тілі мен қазақ әдебиетінің алынып тасталуына әкеп соқты. Демек, ендігі кезекте аталған мамандықтар бойынша елімізде жоғары білімді мамандар даярланбайды. Замандастарымыз бен жастарға Отанға адал қызмет ету абырой екенін, қазақтың батырлар жырынан басталатын асыл сөз – әдебиет болмаса немен түсіндіреміз?
Көршілес Ресей елінде бұл ғылым саласы орнында тұр. Олар мұндай қадамға біз сияқты бара қоймайтыны айдан анық. Себебі әр мемлекет үшін оның тілі – ұлт тұтастығы мен қауіпсіздігінің мәселесі. Министрлік райынан қайтып, бұл құжат өзгертілмесе қазақ тілінің болашағы туралы ойлаудың өзі қиын. Тәуелсіздік кезде мемлекеттік тілді және ол тілдегі әдебиетті жоғары оқу орындарының классификаторына енгізе алмасақ, бұл елімізге абырой әпермесі анық. Жуырда Қазақстан Жазушылар Одағында Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Бекболат Тілеуханмен кездесу өткен болатын. Мен сол жиында сөз алып, осы мәселелерді халық қалаулысына да жеткіздім. Бұл мәселені аяқсыз қалдыруға болмайды.
Осыған зиялы азаматтар үн қосады деген сенімдемін. Шынтуайтына келгенде, қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалатын қандай мамандық десеңіз, ойланбастан ұлт тарихы, қазақ тілі мен әдебиеті деп айтар едім. Елдігімізді сақтаймыз, руханиятымызды дамытамыз, ана тілімізді өркендетіп, мемлекеттік тіліміздің дәрежесін өз тұғырына қондырамыз десек, бұл мамандықтарды міндетті түрде өз қалпына келтіруіміз керек.
Айгүл ІСМАҚОВА,
филология ғылымының докторы, профессор
Қазақ Үні