Әкім құны 3 миллионнан асатын әжетхананы арнайы өзі келіп ашты (фото)
2017 ж. 21 қаңтар
10739
35
Оңтүстік Қазақстандағы бірнеше әлеуметтік нысандардың лентасын қиып үйренген әкімдер енді әжетхананың ашылуына да қатысатын болған, деп хабарлайды NUR.KZ-тің өңірдегі тілшісі.
Мақтаарал ауданының орталығы Жетісай қаласында заманауи үлгідегі қоғамдық әжетхана пайдалануға берілді. Көпшілік қажеттілігіне арналған бұл нысан көпқабатты үйлердің тұрғындарына лайықталып салынған. Әжетхананың ашылу салтанатына қала әкімі Байдуалы Базарбаевтың өзі арнайы келіп қатысты.
Өз сөзінде Базарбаев мырза Жетісайдағы бірқатар әжетханалар санитарлық талаптарға сай еместігін жеткізіп, заманауи үлгідегі бұл нысан аудан әкімінің бастамасымен бой көтергенін айтты. Сонымен қатар тұрғындарға оны таза ұстау қажеттігін ескертті.
Айта кетейік, әжетхананың салуға 3 140 000 теңге жұмсалған. Бұл соманы естіген желі қолданушылары мұнша қаржыға бір үй салып алуға болатынын айтып, таңданыстарын жасырмады.
Алдағы уақытта мұндай нысан қаланың тағы да өзге орындарында салынбақ.
Еске салсақ, осыдан бірнеше ай бұрын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаев жол бойында әжетханалардың жоқтығын айтып, қоластындағы қызметкерлеріне күйінген болатын.