ҚОР АТАУЛЫДАН ҚОРҚАТЫН БОЛДЫҚ
2017 ж. 17 қаңтар
3313
6
ЗЕЙНЕТКЕРЛЕРДІ ЗАРЛАТҚАНДАР ЕРТЕҢ ӨЗДЕРІ ҚАРТАЙМАЙ МА?
Мәңгілік ештеңе жоқ. Ғажайып жаңалықтар ашып, адамзатқа өлшеусіз пайда тигізген ғаламдық деңгейдегі танымал ғұламалар да, есепсіз ақшасы бар шіріген байлар да өтеді бұл жалғаннан. Ғұламаларды саусақпен санап алуға болса, байлардың да саны дүниежүзі бойынша жер бетіндегі халықтың әрі кетсе он пайызының әр жақ-бер жағында екен. Демек, халықтың басым бөлігі орташа немесе одан да төмен деңгейде өмір сүруде, кейбіреулер тіпті кайыршылықта күн кешуде. Сондықтан да әлемдік тәжірибеде адамдарды әлеуметтік жағынан қорғау мақсатында түрлі қорлар ұйымдастырылып, қиын-қыстау жағдайда қалғандарға демеу көрсетіп, табысты жұмыс істеп жатқанын білеміз. Бұл өте тиімді және аса қажет ұйымдар екені даусыз. Осы тектес, жұмысы қайырымдылыққа, әлеуметтік демеушілікке негізделген ұйымдардан біздің еліміз де құралақан емес. Оның үстіне бізге беймәлім жаңа нарық деп аталатын жүйеге көшіп, басым көпшілік оң мен солын толық ажыратып үлгермеген мына қалыптасу кезеңінде түрлі қорлардың атқарар қызметі зор. Қазақстандықтардың бәрі бірдей бизнесмен атанып бірден байып кете алмағаны белгілі және ол мүмкін де емес. Сонау атышулы алғашқы жекешелендіруден бастап материалдық құндылықтарды заңды да заңсыз өз қолына жиып алған біреулер өзгелердің есебінен байыса, қалған көпшілігі керісінше кедейлікке тап болатыны заңдылық. Бұл 1 мың теңгенің 900 теңгесін бір адамның қалтасына салып, қалған 200 адамға елу тиыннан ұстатқанмен бірдей көрініс. Сондықтан түрлі тұрмыстық түйткілдерге тап болған тұрғындарға әлеуметтік жағынан демеушілік көрсету адамгершіліктің басты белгілерінің бірі болып табылады. Шынын айтсақ, біз қор құру жағынан ешқандай кемшілік көріп отырған жоқпыз. Жекелеген тұлғалардың атындағы қорлардан бастап, мемлекеттік ұлттық қорларға дейінгілердің анық санын дөп басып айтып берудің өзі оңай емес. Жекелеген тұлғалар атындағы қорлар белгілі сала бойынша танымал қайраткерлердің еңбектерін насихаттауға арналғаны белгілі. Сол сияқты көптеген қайырымдылық қорлары да бар. Олар қоғамда қайырымдылық, қиналғандарға көмек көрсету бағытында жұмыс істейді. Мысалы, көпке танымал «Бауыржан» қайырымдылық қоры үнемі «Алтын жүрек» атты байқауын өткізіп, демеушілік жасаған ұйымдар мен жекелеген адамдарды марапаттап, өзгелерді де ынталандырып келеді. Сол сияқты Аружан Саин басқаратын «Ерікті Мейірімдік Қоғам» атты қоры ауру балаларды емдеуге қаржылай көмек беріп жатқаны жұртшылыққа жақсы мәлім. Қазақстан Республикасы Бірінші Президенті Қорының да атқарып жатқан жұмыстарын ерекше атауға болады. Мәселе қорлардың санында емес, олардың жұмыс сапасы мен өз міндеттерін адал атқаруында болып отыр. Жекелеген қорлардың жұмысы ерікті түрде жасалатын қоғамдық шаралар. Ол үшін оның жетекшілері ар алдында өздері жауап бере жатар. Біздің бүгінгі әңгімеміз – халық сенім білдіріп, үлкен үміт артатын мемлекеттік қорлар жайында болмақ. Әділін айту керек, бізде мемлекет тарапынан дәп осы мәселеге үнемі тұрақты көңіл бөлініп келеді, оны ешкім жоққа шығара алмасы анық. Айталық, еліміздегі экономикалық жағдайды тұрақтандырып, дағдарысқа қарсы тұруға арналған «Самұрық-Қазына» Ұлттық қоры мен өндіріске қан жүгіртіп, дамытуға негізделген «Бәйтерек» холдингі осыған нақты дәлел. Солардың тағы бірі бүгінгі тақырыбымызға негіз болып отырған – Бірыңғай жинақтау зейнетақы қоры. Бұрындар зейнетақы ешқандай қорсыз, жасы келгендерге мемлекет есебінен еңбек өтілі мен сіңірген еңбегіне қарай төленсе, қазір жағдай басқаша. Жылдар бойы жинаған қаржы қалған өміріне жетеді деп есептелген бұл жүйе әлі де орныға алмай жатыр бізде. Бірде қор ақшасын пайдасыз салаға салып шу шығарса, бірде пайыздық өсім дегенді көрмейтін болдық. Сол себепті зейнетақы қорына қатысты бірнеше рет дау-дамай туындағанын өздеріңіз де білесіздер. Басында зейнетақы қорлары бірнешеу болғаны белгілі. Өзара бәсеке тудырып қордағы қаржыны еселеп, бір-бірімен жарыса көбейтеді деген аталмыш ұйымдарымыз үмітімізді ақтай алмады. Қордағы зейнетақыға деп сеніп тапсырылған қаражатты көбейтпек түгіл, жоғалтып ала жаздадық. Ал, ол дегеніңіз миллиондаған зейнеткерлердің ертең аш-жалаңаш қалуына жеткізетін еді. Сондықтан Үкімет бұл істі өз бақылауына алып, Бірыңғай зейнетақы жинақтау қорына біріктірген-ді. Сөйтіп ол үлкен қаржылық мекемеге айналды. Оны бүгінгі күні қордың міндетті салымшылар саны 9,5 миллионнан асқанынан-ақ аңғаруға болады. Тек қана 2016 жылдың қорытындысы бойынша жиналған қаржы көлемі 6 трлн. 637 млрд-қа жуықтаған. Жыл басынан бері міндетті зейнетақы жарнасы ретінде 595 миллиард теңгеден астам қаржы түскен. Бұл аз қаржы емес. Бір қарағанда қорлар біріктірілгеннен кейін бәрі қатаң бақылауда болатын сияқты еді. Алайда, тағы да біз ойлағандай болып шықпады. Бұл жолы БЗЖҚ жалпы құны 5 млрд. теңге болатын «Бузгул Аурум» ЖШС облигацияларын сатып алып күдікті мәміле жасап құқық қорғау орындарының назарына ілікті. Айта кетсек, қорды тексеруге Ұлттық банктің өзі ұсыныс жасаған. Қор қаржысын талан-таражға салды деп айыпталған оның төрағасы Руслан Ерденаевпен қоса тағы үш адамның қолына кісен салынды. Олар – қордың басқарма басшысы Мұса Бахтов, «Бузгул Аурум» мен «АлатауМұнайАлтын» компанияларының басшылары Азат Найзағарин мен Бақытжан Кенжебеков. Қаржы биржаға салынғанымен, кейін талан-таражға түсті деген күдік бар. Жемқорлар болашақ мыңдаған зейнеткерлердің бақандай 5 миллиард теңгесін өзара бөлісіп алды деп тергеліп жатыр. Ал, зейнатақы қорындағы жинағын қараған тұрғындар, қаңтардан бастап ақшаның кемігенін байқап байбалам сала бастады. Соңғы айда кәдімгідей пайда әкеледі деген инвестициялық табыс керісінше кеміп, ал зейнетақы жиынтығы біршама азайған. Мұны жұрт, жаңа жыл алдындағы қор басшыларының тұтқындалуымен байланыстырып отыр. Сөйтіп бұл кезекті у-шудың соңы БЗЖҚ жетекшісін ауыстыруға мәжбүр етті. Жаңа басшының аты-жөнін естіген жұрт тағы да жағасын ұстады. Сөйтсе, жаңадан тағайындалған басшы пәтерлерді заңсыз берумен айналысқан «Тұғынүйқұрылысжинақбанкі» қаржы мекемесін басқарған, бұрынғы қызметінен үлкен айғай-шумен кеткен Нұрбибі Наурызбаеваның дәп өзі болып шықты. Жұрттың «Жетіскен екенбіз!» деп жағасын ұстамасқа амалы жоқ. Біз неге бір жіберген қатемізден сабақ алмаймыз? Кеше ғана «Қазавтожол» мекемесінің басшысы Серікжан Мұқашев мемлекеттік қаржыны талан-таражға салып, соның ізін жасыру үшін Есеп комитетінің тексерушілеріне пара беріп ұсталғанын қалай тез ұмыттық? Ол бір кезде ұшақта жолсерікті балағаттап Мәжіліс депутаттығынан кеткен болатын. Мемлекеттік қызметтің маңына жолатпайтын адамды «Қазавтожол» секілді үлкен мекеменің басшысы етіп қалай тағайындадық? Енді міне банктегі былықтары үшін қызметінен кеткен адамды тағы да триллиондаған қаржысы бар әлеуметтік маңызы зор жауапты мекемеге басшы етіп отырмыз. Әлде ертең қордың қаржысын қалтасына басып, зейнеткерлерді қу тақырға отырғызып кеткенін көргіміз келе ме? Ондай сорақы жағдайды да бастан өткердік емес пе? Біздегі жауапты, лауазымды орындарға тағайындауларды адам түсініп болмайды... Қазір қор деген сөзден қарапайым халық қорқатын болды. Оған ақша салмақ түгіл, қордан соқыр тиын да алғысы келмейді. Өйткені мемлекеттік қор атаулының атын атасақ, әйтеуір бір былық шыға келеді. Әу баста медициналық сақтандыру қорын тақырлап кеткен қулар әлі күнге дейін жер жұтып кеткендей таптырмай жүр. Ел оны енді ұмыта бастағанда қаржысы мол деген «Самұрық-Қазына» қорының мықты мамандары өздеріне жылына айлықтан бөлек 20-30 миллионнан бонус жазып, «ерен еңбектерімен» көзге түскенін білеміз. «Бәйтеректі» кезінде басқарған Қуандық Бишімбаев та жемқорлық жасады деген күдікпен күні кеше тұтқындалды. Бұдан кейін қандай қорға сенуге болады? Халықтың күдіктенетіндей, тіпті қорқатындай жөні бар. Ал, зейнетақы қорының жөні мүлдем бөлек, бұл салаға сақтықпен қараған жөн. Айлық табысынан жинақтау қорына жырып беріп жатқан ақша ертеңгі күнгі зейнеткерлерге ауадай қажет. Бір зейнетақыға қарап қалған қарияның жағдайы белгілі. Коммуналдық төлемнен соң тиын санап отырғандардың соңғы ақшасын жымқыру ешқандай адамгершілікке жатпайтын қылмыстың көкесі. Осындай қылмысқа барып отырған бүгінгі жемқорлар ертең өздерін қартаймаймыз деп ойлайтын шығар. Жоқ, қателеседі. Сол күн басына түскенде бүгінгі қүнәсін ешқандай тұтқындау мерзімі де ақтай алмайтынын түсінеді. Бірақ ол кезде бәрі де кеш болады... Зейнолла АБАЖАНОВ qazaquni.kz