Орысша сөйлеуге өзіміз құмар емеспіз бе?!.
2016 ж. 18 қараша
9764
16
Мемлекеттік тілде сөйлеп, үйімізге такси де шақырта алмайтын болдық!..
Орал қаласының тұрғындарының көпшілігі «241-241» телефон нөмірін жатқа біледі. Оның үстіне, «Такси «Сity» компаниясының көше бойына ілінген жарнамалары көктегі жыпырлаған жұлдыздан кем емес. Қажет кезінде телефон шалсаң, жолақының құнын айтады да, діттеген жеріңе апарып тастайды. «Whatsap» желісі де онлаин-тапсырысты қабылдай береді. Рас, арасында дер кезінде нақты хабарын айтпай, діңкеңді құртатыны бар. Біраздан соң, компания қарауындағы автокөліктердің бос емес екенін айтып sms-хабарлама жібере салады. Бізді алаңдатып отырған мәселе – бұл емес. Айтпағымыз, операторлардың ылғи да орысша тіл қататыны. Автоматты түрде орысша самбырлай жөнелетін бағдарлама даусынан кейін желіге қосылған операторға мекенжайыңды айта бастасаң, үнсіз тыңдайды да, іле-шала тапсырыстың мән-жайын орыс тілінде қайталауыңды өтінеді. Амал жоқ, қазекеңнің ақкөңілділігіне салып, елп ете түсесің. Кейінгі уақытта компания қызметкерлерінен мемлекеттік тілде қызмет көрсетуін талап ете бастадым. Олар қазақстандықтарға «түсінікті» тілде сөйлеуімді өтініп, телефон тұтқасын қоя салатын болды. Бірде түнгі мезгілде темір жол бекетіне суыт бару керек болған соң, әдеттегідей ұялы телефонымнан «241-241» нөмірін тердім, менің «қисық-қыңыр» сөйлегенімнен шошыды ма, бірден қазақ тілді операторға желіні бағыттайтындарын айтты. Сарыла күткеніммен, телефон тұтқасын ешкім «көтермеді». Бірнеше мәрте дыңылдай барған дыбыс үнсіз қалды. Сірә, операторымыз «ұйқысын қимаса» керек.
Тіл мәселесіне бей-жай қарай алмаған соң, Орал қаласындағы компания кеңсесіне баруға бел байладым. «Жолы болар жігіттің...» демекші, «Такси «Сity» компаниясының бас директоры Мәди Қыздарқұловтың тура өзіне жолығудың сәті түсті. Телефон шалғанда компания қызметкерлерінің қазақ тілінде дұрыс жауап бермейтінін, мұның маңызды мәселе екенін алға тарта сөйледім. Менің «ілік іздеп» бастырмалата жөнелгеніме шамданса керек: «Иәә... сонда... орыс тілінің «мәртебесін» қайда ысырып қоямыз?» – деді бірден зор денелі жігіт ағасы қараторы өңінен мысқыл табы ойнап. «Тіл туралы» ҚР заңындағы атышулы баптың негізгі мәнін тәптіштеп түсіндіріп, өзімше уәж айттым.
– Біздің компанияның қызмет етіп жатқанына бес жылға жуықтады. Басында операторлар арасында бірде-бір қазақ маманы болған жоқ. Қазіргі уақытта әр ауысымда бір-екі қазақ тілді оператор отырады. Көбіне олардың жауап беруге қолдары босамай жатады. Негізгі жұмыс кеңселеріміз Петропавл мен Көкшетау қалаларында орналасқан. Солтүстік аймақ тұрғындары орыс тілді болып келетінін білесіздер. Оның үстіне, компания такси жүйесін басқаруға ресейлік бағдарламаны пайдаланады. Қазақ тілді мамандар қажет екенін жасырмаймыз. Бұл мәселені шешу бағытында жұмыстанудамыз. Қызметкерлерімізді қазақ тілін тегін оқытатын курстарға жіберіп тұрамыз. Орал қаласының өзінен тәулігіне он мыңнан астам тұрғын хабарласады. Оның екі-үш пайызы ғана қазақ тілді операторға желіні қосуды сұрайды. Мемлекеттік қызметкер болмаған соң, негізінен, қазақ тілінде жауап беруге міндетті емеспіз, – деді Мәди Қыздарқұлов.
«Расымен де, орысша сөйлеуге өзіміз құмар емеспіз бе?» Кеңседен осы ойдың жетегімен шықтым. Кейін тұрғындарға сауал қойып едім. Бір қарындас асығыс: «операторлармен орыс тілінде сөйлесу еш қиындық туындамайды, өзіме қолайлы» дей салды (санасы сондай!).
– Егемен ел болғаннан кейін мемлекеттік тіл мүддесі басты орында тұруы керек. Ресми шаралардың көбі орыс тілінде өтеді. Алдымен Үкімет басындағы шенеунікер қазақ тілінде сөйлеп, үлгі көрсетсін! Оның қасында, сен такси компаниясының қызмет тілі жөнінде несіне сұрайсың?! – деді өзіме «дүрсе қоя берген» қала тұрғыны Иосеф Мұхамбетжанов. Тұтықтым да қалдым... Зейнеткердің айтқаны орынды-ақ!
Р.S. Бірде «Такси «Сity»-ден жауап болмаған соң, қаламызда тіркелген «Империя» компаниясына телефон шалдым. Қазақ тілін жатырқады ма, оның операторы бірден «Азия» компаниясына хабарласуымды өтінді. Соңынан «Азиядан» да қайран болмады. Компания атауларынан тарих қойнауындағы қилы кезең елес бергендей... Ал, есіктерінде патша тәжінің екі бүйірінде тік тұрған қос барыс бейнеленген «Империяның» автокөліктері көз алдымызда ойқастап жүр.
Нұртай АЛТАЙҰЛЫ,
Орал қаласы
Барлық құқық қорғалған. Материалды көшіріп басу үшін міндетті түрде qazaquni.kz порталына гиперсілтеме жасауыңыз қажет. Гиперсілтеме мақаланың екінші сөйлемінде орналастырылуы шарт.