Ұлықтаған ұлыларымызға қосып жіберген ТЕСЛА деген кіміңіз еді, Асет Орентаевич?!.
2016 ж. 12 қараша
4446
12
Астана әкімдігі көшелердің атауын өзгерту және жекелеген көшелерге атаулар беруге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы qazaquni.kz порталының тілшісі хабарлайды.
"Соңғы екі жыл ішінде 2016 жылдың шілдесіне дейін нысандарға, әкімшілік-аумақтық бірліктерге атау беруге және атауларын өзгертуге мораторий енгізілген болатын. 2015 жылдың 1 қаңтарынан 2016 жылдың қырқүйегіне дейінгі кезеңде Астана қаласының әкімдігіне еңбек ұжымдарынан және шығармашылық одақтардан, бірлестіктерден, ұйымдардан, зиялы қауым және қоғам өкілдерінен жүзге жуық ұсыныс түсті", - деді әкімдіктегілер.
Жөн дейміз. Елорда көшелерінің дұрыс аталғаны елге абырой. Дегенмен, осы уақытқа дейін көше атауына салғырт қарап келген біздің шенеуніктер тағы да біртүрлі шешімдерімен көзге түсті.
Мәселен, жақында Астанада Әлихан Бөкейхан, Бұқар жырау, Сұлтанбек Қожанұлы, Әзірбайжан Мәмбетов секілді бірқатар тұлғалардың есімдерімен аталған көшелер пайда болмақ. Қуанарлық жайт!
[caption id="" align="alignleft" width="370"] Никола Тесла[/caption]Сонымен қатар, жобалық Е350 атауы бар көшеге Никола Тесланың есімі берілмекші екен.
О заман да бұл заман, Никола жарықтықтың мынау елге, мына Астанаға не еңбегі сіңіп еді? Сол көшеге есімін беруге тұрарлық тағы бір қазақтың мақтанышы табылмай қалды ма? Әлде, жоғарыда аты аталған тұлғаларға көше бердік, сол да жетеді деді ме екен әкімдіктегілер?
Осыған орай қазақтың үлкен ғалымы Мекемтас Мырзахметовтің "Жер тарихы - Ел тарихы" атты кітабынан үзінді келтіре кетсек дейміз.
"Бүгінде қалалардағы көше атаулары алаңдатып отыр. Себебі, бүгінде ел аузында мысқылмен айтылып жүрген "Көшенің аты көкеме, Ауылдың аты атама" деп айтылған сөздің астарында бүгінгі күннің ащы шындығы жатқанын аңғарамыз. Облыстық, қалалық, аудандық ономастикалық комиссиялар тарапынан мәселенің төркінін тани бермейтін ономастикалық сауатсыздық белең алып тұр. Бұл кемшін жағдай көп уақытта жергілікті жағдайдың кейбір өзіндік ерекшелігін, өткендегі тарихи аталымын жете білмеуден", - дейді ғалым.
Кезінде қазақ даласында көше тұрмақ, жер-су аттары түгелдей орыстандырылғанын тарихтан жақсы білеміз. Оның барлығы қазақ халқын мәңгүрт ету үшін жасалғаны да аян.
[caption id="" align="alignleft" width="218"] Ермек Аманшаев[/caption]Атап өту керек, Астана әкімдігіндегі ономастикалық комиссияның төрағасы елорда әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев. Ермек Әмірханұлы - қазақтың талантты жазушысы, драматург. Сөз қадірін жете түсінетін, ұлтын сүйетін перзент қой деп жүрген азаматтың мұндайға қалай жол бергені түсініксіз. Жоқ, әлде бұл қалыпты жағдай деп санайды ма?
Әрине, көше атаулары бойынша барлық жұмыс арнайы комиссия тарапынан жасалғанымен, қол қоятын әкім. Қол қоярда "Тесла дегеннің бізге не еңбегі сіңді?" деген сұрақ сізді мазаламады ма? Әйтпегенде, шетелдің барлық инженер, ғалым, жазушы, патша біткендеріне көше бере берейік. Болашақ ұрпақтың қалай мәңгүрт боп кеткенін байқамай да қаламыз. Әсілі, көше атаулары деген өте күрделі мәселе. Бұған ат үсті қарауға мүлдем болмайды.
Қазаққа дым пайдасы тимеген инженер Тесла бар өмірін АҚШ-та өткізіп, сол елге жұмыс істеді. Қазақстан АҚШ-тың бір штаты емес қой. Ұлықтаған ұлыларымызға қосып жіберген ТЕСЛА деген кіміңіз еді, Асет Орентаевич?!.
Әлде, сіз басқаша ойлайсыз ба ?!.
qazaquni.kz