"Қазақ Үні" - қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт деп танылды
2016 ж. 04 қараша
61766
31
4 қараша күні «Назарбаев орталығында» Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорының Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25-жылдығына орай өткізген үздік қазақтілді интернет-сайт байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.
Байқау мақсаты – интернет жүйесіндегі үздік қазақтілді ресурстарды анықтау мен насихаттауға, ақпараттық ресурстар мен сервистердің саны мен сапасын арттыруға, желі қолданушыларының қызығушылығын ұлғайтуға, ақпарат кеңістігінде қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге және үздіктердің танымалдылығын көтеруге ықпал ету.
Сыйлық құрылтайшысы — Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры. Байқау өткізудегі серіктесі мен ұйымдастырушы – Мемлекеттік тілді дамыту қоры.
Байқауға ғаламтор кеңістігіндегі тәжірибесі кемінде бір жылды құрайтын, тек қазақ тілінде ақпарат тарататын үкіметтік емес, тәуелсіз қоғамдық сайттар қатысты. Қазылар алқасы сайттарды мазмұны, қызмет бағыты, интерактивтілігі, қазақ тілі мен ұлттық құндылықтардың дәріптелуі, патриоттық тақырыптардың үздіксіз көтерілуі, көркемдік жағы, идея ерекшелігі, тартымдылығы секілді талаптар бойынша саралады.
Байқауға республиканың барлық аймақтарынан 30-дан астам өтінім түсіп, байқау комиссиясы 7 аталым бойынша жеңімпаздарды анықтады.
Аталмыш байқаудың «Өткір тіл» — қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт аталымы бойынша www.qazaquni.kz порталы жеңімпаз деп танылды. Ұлт мүддесі жолында талмай еңбек етіп, мемлекеттік тіл мәртебесін асқақтатуға өзіндік үлес қосып жүрген порталымыздың бұл жетістігі барша ұлтжанды ағайынның жеңісі деп білеміз. "Қазақ Үні" ұлттық порталын жеңімпаз деп тану - қазақ ұлтының мүддесі мен мемлекеттік тіл мәртебесіне көңіл бөлу деп ойлаймыз.
Сыйлықты ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты, экономика комитеті төрағасы Нұртай Сабильянов тапсырды. Өз сөзінде Нұртай Салихұлы "Мен Қазақстанда қазақ тіліне шынайы жаны ашитын екі-ақ адамды білемін. Соның біріншісі - Қазыбек Иса. "Қазақ Үні" ұлттық порталы да, газеті де бүгінде барша қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын қазақтілді ірі басылымға айналды. Ал, екіншісі – Керекудегі мемлекеттік тілдің өлімші халімен арпалысып, қазақ тілінің тазалығын трамвайдың алдына тұрып талап еткен Руза Бейсенбайтегі» деп атап өтті. Өз кезегінде Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры мен Мемлекеттік тілді дамыту қорына, қазылар алқасына алғыс айтқан ақын, Халықаралық Алаш сыйлығының лауреаты, Халықаралық Сергей Есенин атыдағы сыйлық иегері, "Ақ жол" партиясы төрағасының орынбасары, "Қазақ үні" ЖШС президенті Қазыбек Иса порталдың бас редакторы, белгілі ақын, Мемлекеттік "Дарын" сыйлығының иегері Азамат Тасқараұлына ризашылығын білдірді.
Еңбегімізді бағалап, елеп-ескеріп жатқан ұйымдастырушыларға, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қорына порталымыздың ұжымы атынан зор алғыс айтамыз.
qazaquni.kz
- қазақ үні сайты
- Мемлекеттік тіл
- Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті – Елбасы Қоры
- үздік қазақтілді интернет-сайт байқауы
- Қазыбек Иса
- «Өткір тіл» — қазақ тілін және ұлттық құндылықтарды насихаттаушы үздік сайт аталымы
- нұртай сабильянов
- жаңалықтар
- www.qazaquni.kz порталы
- Азамат Тасқараұлы
- ұлттық мүдде
- руза Бейсенбайтегі
- Қазақ үні