Ел атындағы ширек ғасырлық ҚАТЕ биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында түзелсе, ең үлкен тарту болар еді...
Кеше саясаттанушы Расул Жұмалының сүйіншісімен, еліміздегі ең ірі KAZKOM банкі атының
QAZKOM болуын бәріміз қатты қуана қарсы алдық.
Қазақстандағы ең белгілі банк 25 жылдан соң 21 қазанда туған күнінде өз атын түзеді. Себебі KAZKOM деген сөзде еліміздің аты латын әліпбиіне орысшадан тікелей алынып тұр. Оның себебі де жоқ емес. Өйткені, біздің еліміздің аты өмірге келген күннен бастап, орыс тіліндегі нұсқамен
KAZAKHSTAN болып қате айтылып келеді. Төлқұжатымызда да осы ҚАТЕ! Біз ата-бабамыз өмір бойы армандап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізгесін - Біріккен Ұлттар Ұйымына осы қате жазумен тіркелдік. Ал негізі дұрысы, қазақшасы -
QAZAQSTAN болуы керек! Бұл туралы біз "Қазақ үні" газетінде талайдан бері жазып келеміз. Сеніміміз енді сетіней бастағанда, QAZKOM үміт отын қайта жарқ еткізді! Бұрынғы үш тілде айтылып жүрген атауларды алып тастап, бір ғана латын әліпбиіндегі қатесіз қазақтілді нұсқа QAZKOM болып аталатын болды! Банкінің брендін ауыстыруға байланысты телеарналардан беріліп жатқан бір сәтте ел тарихын шолып, Алаш арыстарын бейнелеп өтетін "Парасатты ұлт" бейнеролигіне қарасаңыз, бойыңызға рух пайда болады! Ұлттық мүддені ұлағат ете білген QAZKOM банкіне, Кеңес Рақышев бастаған жаңа басшылыққа мың да бір рахмет!
Кезінде QAZAQUNI.KZ ұлттық порталын ашар кезде де, бізге KAZAKHUNI болуы керек деген ақылдар аз айтылған жоқ. Бірақ біз сайтымыздың атын орыс тілінен емес, қазақ тілінен алдық. Ал біздің еліміздің аты неге ширек ғасырдан бері әлі ҚАТЕ! Сонда 25 жылдан бері әлем бізді ҚАЗАҚСТАН деп емес, КАЗАХСТАН деп Ресей тілінде айтып, жазып, оқып келеді. Оны түсінуге де болады. Себебі, сыртқы саясатпен айналысатын Сыртқы істер министрі парламент алдында: "Миымды ауыстырмасаңдар, мемлекеттік тілді үйрене алмаймын" -деп мәлімдеген және әлі министр болып істеп жүрген әлемдегі жалғыз мемлекет - KAZAKHSTAN !?. Басы қайдан бастау алса, аяғы солай құяды... Сондықтан
AQORDA (Ақорда) деген ажарлы да, айбарлы атымыз жіңішкеріп кетіп, орысша
AKORDA (Акорда) болып шықты..
Ел боламын десең, есіміңді түзе! Ел атындағы ширек ғасырлық ҚАТЕ биылғы Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойында түзеліп,
QAZAQSTAN немесе біржола "станнан" құтылып,
QAZAQ REPUBLIK болып жазылса, мерекеге ең үлкен тарту осы болар еді...
QAZKOM қатені түзей білудің жарқын үлгісін көрсетті!
KAZAKHSTAN ҚАТЕСІН ҚАШАН ТҮЗЕЙДІ?!.
Қазыбек ИСА
QAZAQUNI.KZ