Елеусінов: Аллаға серік қосатындарды ұнатпаймын
2016 ж. 17 қазан
15732
86
Рио Олимпиадасының чемпионы, танымал боксшы Данияр Елеусінов Қамшы порталына берген сұхбатында «Ата-бабаларыңның аруақтары үшін» деп Аллаға серік қосатын жандарды ұнатпайтынын айтты.
"Мен бокспен осында айналыстым. Тоғыз жасымнан рингте жүрмін, одан бері 16 жыл өтті. Әрдайым спортқа жақын жүрдім, мектептегі спортты эстафеталар мен марафондарға қатысып, баскетбол, футбол ойнадым. Қазақ-орыс әдебиетін жақсы көрдім. Мәнерлеп оқудан орыс және қазақ тілдерінен конкурстарға қатысып, әрдайым бірінші орындарды иеленетінмін. Бірақ, соңғы қатысқан кезімде осыған дейін талай орын алғансың деп, бірінші орынды бермеді. Мұндай әрекет шынын айтсам маған аса ұнамады. Себебі мен өзім лайықты болып тұрған орнымды иелене алмадым. Онда да саясаттың қатысы болды. «Сен талай мәрте орын алғансың, енді басқа адам алуы керек» деген соң, мен спорт саласын таңдап кеттім. Мектепте өте белсенді болдым. Барлық қоғамдық іс-шараларға қатыстатынмын. Қазақ Агро Техникалық Университетінде оқуымды аяқтадым, әскерде болдым. Қазір отбасылы адаммын, өзімнің сүйікті ісім бокспен айналысамын. Мен үшін бірінші кезекте отбасым. Алдымен бір жаратушыға, сосын барып өзімен сенемін! «Ата-бабаларыңның аруақтары үшін» деп Аллаға серік қосатындарды ұнатпаймын. Өзіміздің дұрыс ислам дінін қолдаймын. Қазақ дәстүрлерінің барлығын білмесем де, исламға қарсы келмейтіндерін ұстануға тырысамын. Адам үшін отбасынан артық ештеңе жоқ деп білемін. Спорт саласында осы жеткен жетістігіммен тоқтап қалғым келмейді. Потенциалым жеткілікті, бойымдағы бар күш-қуатымды сарқып, еңбек етуді жалғастырамын", - деген боксшы қыруар қаржы ұсынса да өзге елдің намысын еш уақытта қорғамайтынын кесіп айтты.
"Ешқашан да келісімімді бермеймін. Қанша ақша берсе де, отанымды сату менің тарапымнан опасыздық болар еді. Менің қаным қазақ, осы топырақта өстім. Кәсіби боксқа өткен күнде де Қанат Ислам мен Гена сияқты өз байрағымды алып, рингке қазақтың шапанымен шығар едім", - дейді Данияр.
Ия, Олимпиада чемпионы болғанда Данияр Елеусіновті күллі қазақ жұрты төбесіне көтеріп еді. Ата-бабасының аруағын қастерлейтін қазақ ұлтының сенімін олимпиадада ақтағанымен, бүгінде теріс діни ағымның жетегінде кетіп, өз ұлтына қарсы шығуын қалай түсінеміз? "Ширк" деп шіреніп отыратын сәләфтардың сөзін айтқан былғары қолғап шебері өзінің қай ағымда екенін анық байқатты.
Осыған дейін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтің өзі "Біздің өз дәстүріміз, салт-санамыз бар. Қазақтар осы күнге дейін ата-бабасының аруағына сыйынып келген. Ал Құранда ешқандай аруаққа табынуға болмайды, тек қана Аллаға табыну керек деп айтылған. Бірақ мен жеті атамызды біле тұра олардың аруағына сыйынғаннан ешқандай әбестік көріп тұрған жоқпын", - деп күллі жамағатқа дұрыс бағытты айқындап беріп, тоқетер сөзін айтқан еді.