Алтынбек Қоразбаев “Ninety one” тобы туралы: Қазақтың батырлары да сырға таққан
2016 ж. 28 қыркүйек
11276
20
Алтынбек Қоразбаев алғаш рет “Ninety one” тобына қатысты пікір білдірді. Ол шәкірттерінен өзгешеленіп, оларды жақтап сөйледі. Жұрт сазгердің бұл қылығын түсінбей сынап жатыр. Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Бірнеше күннен бері “Ninety one” тобына қатысты жанжал қайта жандана түсті. Топты ел ағалары даттап, түрлі пікір білдірді. Арасында Бағлан Әбдірайымов секілді ашық шабуылға көшкендер де болды. Ол өзінің инстаграм парақшасы арқылы топ жігіттерінің сырт келбеттерін өзгертпесе, оларды ұрып-соғатын жігіттердің табылатындығын жеткізген-ді.
“Ерболат және 91 тобы! “Есің барда еліңді тап” – деген мақалды еске түсірейін. Өнерлеріңе қарсы емеспін. Түрлеріңді өзгертіңдер! Қазақта намысы жоғары жігіттер баршылық. Бояйтын шаш, тағатын құлақ таппай қалып жүрмеңдер! Достық кеңесім!” – дейді Бағлан Әбдірайымов. Бұдан өзге аталған топқа қатысты Сәкен Майғазиев те пікір білдірген болатын. Ол жігіттердің талантына бас иетіндігін айтып, оларды мақтаған-ды. Десе де, олармен кездесіп сырт келбеттерін өзгертуге ағалық кеңесін бергенін де жасырмады.
Енді міне аталған топқа қатысты Алтынбек Қоразбаев өз пікірін білдірді. Ол керісінше 91 тобын жақтайтындығын айтып жатыр. Ал сазгердің шәкірттері оның бұл әрекетін түсінбеген-ді.
“Сырға таққанда тұрған не бар? Кезінде біздің батырларымыз да сырға таққан. Мінеки, менің оң құлағым тесілген. Бала күнімде туған әпкем мені ұзақ жасасын деген ниетпен құлағымды тесіп, сырға таққан екен. Сол сырғаны 4 сыныпқа дейін тағып жүрдім. “Сен мынаны құрт, мынаны жоқ қылып” деп бұйыра сөйлеген жарамайды. Біз Еуропадан қалмауымыз керек. Айтсын. Өмір өзен болғандықтан, оның ағысынан қалып қоймау керек”, – дейді Алтынбек Қоразбаев Инсталайық бағдарламасында.