«Ия ӨЛЕМІН, ия ЖЕҢЕМІН!»
2016 ж. 16 тамыз
5585
6
Мырзағали неге Жәнібектің жағынан салып жібермеді?..
Міне, біздің палуандар мен боксшылар олимпиадада дәл тақырыптағыдай жігер-қайраттың жетіспеуінен жеңістен айрылып қалып жатыр. Бірден ескертеріміз – спортшыларды жеңіліп қалғаны үшін жүндей түту ниетіміз жоқ. Керісінше, жарыс нәтижесіне шамамыздың келгенінше салқынқандылықпен сараптама жасап көру. Әзірге күміске қолы жеткен Елдос Сметов та, Жазира Жаппарқұл да, Василий Левит те алтынның соңғы сәтте қолдарынан сусып шығып кеткеніне титтей де күйіп-піскен пиғыл танытқан жоқ. «Бұйырғаны болады-дағы». «Алланың бергеніне ризамын...» Келісіп қойғандай айтатындары – осы. Орысының да, қазағының да. Мұсылманының да, христианының да. Әрине, оларды сол айқастарда талпынбады, тырыспады, аянып қалды деп отырғанымыз жоқ. Аянбады. Бірақ, олардан «өліп кетуге даярмын, бірақ, жеңемін!» деген батылдықты байқай алмағанымыз да рас. «Иә өлетін бол, иә жеңетін бол!» дейтін бапкер де жоқ секілді. Жарайды, олар ең болмаса күміс алды, сондықтан айыптауға аузымыз бармайды. Тек көргенімізді айттық. Ал, палуан Н.Тінәлиев пен боксшыларға келсек, мәселе мүлдем бөлек. Жеңілмейтініне ешкім кепілдік бере алмайды. Әңгіме – қалай жеңілуде! Жеңіске бергісіз жеңіліс болады. Ол кезде сен жан алып, жан беріскен өз ұланыңа шексіз ризасың, «бағы шаппады, әттең!..» дейсің де қоясың. Ал, бес минут бойы қарсыласын құшақтап тұрғаннан басқа арыға бара алмаған Нұрмахан жайлы ондай ештеңе айта алмайсың. Спортта «олимпиада синдромы» деген бар, жоқ болса ондай жаңа ұғымды Н.Тінәлиев пен боксер Б.Жақыповқа қатысты лексикаға енгізу қажет, себебі, Нұрмаханның бұл екінші олимпиадасы, Біржанның – үшінші олимпиадасы! Үш олимпиададан да Біржан жүлдесіз қайтты. Тағы айтамыз, ең бастысы Біржанның жеңілгені емес – қалай жеңілгені! Оның қарсыласы Хасанбай Дусматов көзінен от шашып тұрды. Әне, нағыз өлуге бар, бірақ, жеңілуге жоқ жігіт – сол! Бес күнде бес қарсыласының біреуіне де бір раундта да жеңіс бермеген ол Олимпиада жеңімпазы атанып бір-ақ тоқтады!.. Неге ешкім өзбек жігітіне шақ келмеді? Себебі, олардың бәрі Хасанбайдың бүкіл бітім-болмысынан әлгі тек қана жеңуге бел байлаған, бет қаратпайтын батылдықты байқады. Көрді! Адам баласы ақша мен атақ үшін емес, шын мәнінде ар мен абырой үшін сынға түсетін, кім-кімнің су бетіне қалқып шыға келетін мұндай жерде күштілік, шеберлік, шыдамдылық, төзімділік, т.б. бәрі екінші орынға ысырылады. Алдыңғы шепке Рух шығады! Оған қайрат, жігер, ерік, өжеттік, батылдық, жүректілік, намысқойлық, патриоттық, ұлтшылдық секілді өлшеуге келмейтін, сөзбен жеткізуге болмайтын нәрселер кіреді. Біз биыл жекпе-жекке шыққан өзбек спортшыларынан соны көріп отырмыз. Комментаторлар да «бұлардың бойындағы жеңіске деген құштарлық қандай күшті!» деп, қайта-қайта таңдай қағуға мәжбүр. Ал, біздің боксшыларымыз не істеді? Спорт – өмірдің бір бөлшегі болғандықтан, онда әділдік пен әділетсіздік қамшының өріміндей қатар жүретінін біле тұра, олар өзбектер секілді өлген-тірілгеніне қарамай айқасудың, соның арқасында өзіңнің қарсыласыңнан басым екендігіңді елдің бәріне еріксіз мойындатудың орнына «мен жеңдім деп ойладым», «қазылар менің жеңісімді ұрлап алды» деп ақталумен әлек. Ал, бүкіл қазақ, соның ішінде менің өзім де айрықша үміт артқан Жәнібек Әлімханұлы әлгі сөздерді де айта алмайды! Мен кешегі сол айқасты бүгін ерінбей отырып, асықпай қайтадан көрдім. 1-ші раунда Жәнібек 1 де соққы берген жоқ! Үзілісте құраманың бас бапкері Мырзағали Айтжан: «Оян!» десе де оянған жоқ... 2-ші раундта 1 ғана соққы берді! Айқын жеңіліп жатқанын өзі де, бас бапкер де көріп тұр. Айтып оята алмаған Айтжан немесе боксшының жеке бапкері (тіпті оның орнында басқа жаттықтырушы болғанда да) екінші үзілісте, соңғы раундтың алдында не істеуі керек еді? Олардың біреуі баяғы Мұхтархан Ділдәбековті Сидней олимпиадасында "сабаған" бапкері Нұрғали Сафиуллин секілді: «Сен қазақ емессің бе?!» деп, Жәнібектің жағынан аямай тартып-тартып жіберуі керек еді!.. Шәкірті қазақтың намысын қолдан беріп жатқанына жаны шығып кете жаздаған азаматтың сол тапқырлығы, сол ерлігі бұлардың есіне неге түспеді екен? Сірә, Нұрғалидай жандары күйе қоймаса керек...Қазақтың қазақтан басқа досы жоқ! Болмайды да!
«Англияның достары жоқ, тек ұлттық мүддесі ғана бар!»
У.Черчилль
2000-жылдан бері әр олимпиадада ең болмағанда бір қазақ (бәрі боксшы тағы да) алтыннан алқа тағып, қазақтың абыройын аман алып қалып жүр еді. Биыл мына намыссыз, жігерсіз құраманың жігіттерінің «арқасында» оған да іліне алмай қалатын түріміз бар. Оның үстіне финалда Данияр Елеусінов жұлқынып тұрған өзбек жігітімен кездеседі. Өзбек бапкерлері шәкірттеріне «басқадан жеңілсең де, қазақтан жеңілме!» деп тапсырма береді деген қауесет бар. Мен өз басым сол сөздің шындығына сенемін. Неге? Осыдан шамамен 15 жылдай бұрын Өзбекстанмен шекаралас өзімнің туған өлкем Келеске бір барғанымда, ерте тұрып үйреніп қалған әдет, теледидарды қоссам, өзбек арнасынан олардың мемлекеттік гимні ойнап, бейнесюжетін беріп жатыр екен. Гимнде қай ел болса да, өз жетістігін көрсетеді ғой, маған да олардың не ұсынатыны қызық болып, қарап отырдым. Бір уақытта өзбек боксшысының Мұхтархан Ділдәбековті төмпештеп ұрып жатқанын ұзақ уақыт көрсетіп тұрып алса бола ма! Мен шалқамнан түсе жаздадым. Себебі, бұлай ету 10 млн. қазақтың бір де біреуінің ойына келмейді! Келген күнде де одан жоғары тұрған бір басшы «Бұның не? Бауырлас халықпыз, ұят емес пе?» деп жер-жебіріне жетеді... Мемлекеттік гимннің (әнұран деген аудармамыз онша сәтті емес) бейнесюжеті сол елдің басшысы көріп, бекіткен соң ғана жарыққа шығатын болса керек. Сонда өзбектің телеарна басшылары, мемлекеттің идеологиясына жауап беріп отырған аса лауазымды тұлғалары, ең ақыры Президенті Өзбекстанда әлі қазақ болып жазылып жүргені бар, өзбек боп жазылып кеткені бар, жалпы 5-млн-ға жуық қаны қазақ тұратынын, шекаралас аудандардың қазағы Ташкент телеканалдарын көретінін білмей ме? Білгенде қандай! Ал, онда неге көрсетеді? Меніңше, оның бір ғана жауабы бар, ол – қазақтың жігерін жойып, рухын құлатуға тырысу. «Біз, өзбек, қазақтан мықтымыз!» деген ұғымды ұлтының жас ұрпағына еңбектеген кезінен, есін білер-білмес шақтан бастап сіңіре беру. Не үшін? Алыс болашақты ойлаған мемлекеттік геосаясат. Өзбекстан президенті Ислам Каримовтың 1993-жылдары телеарнадан «Біз бабамыз Әмір-Темірдің ат тұяғымен жаулап алған жерлерін ақылмен жаулап алуымыз керек» деп айтқан сөзі бар. Және өзбектер өз ұлтының мүддесі тұрғысынан өте дұрыс істеп отыр. Уинстон Черчиллдің ұстамына сәйкес. Әйтпесе, олар «халықтар достығы» деген ұғым бар екенін білмей ме? Біледі, және олар біз секілді емес, оның жалған, кеңестік ойдан шығарылған ұғым екенін де жақсы біледі. 1991-жылдан бері Өзбекстандағы қазақ мектептерін олар шамасы келгенін жауып, шамасы келмегенін аралас мектепке айналдырып жатса, біз жарты миллионға жуық қазақстандық өзбектерге қалағанынша өзбек мектебін ашып, барлық жағдайын жасап отырмыз. Соның салдарынан олар Қазақстанда отырып, «Шымкент пен Тараз - өзбектің жері» дейді... Спорттан саясатқа қалай өтіп кеткенімізді білмей қалдық. Солай болуы заңды да, себебі үлкен спорт баяғыда-ақ үлкен саясат құралына айналған. Оның дәл сондай екеніне нақ осы Рио-де-Жанейро оимпиадасында көзіміз анық жетіп отыр. Мырзағали Айтжан: «Боксшыларымыздың бәріне, Жәнібек Әлімханұлына да, қояр титтей кінәміз жоқ, қолынан келгенін аянған жоқ, «бұйырған кетпейді, қуған жетпейді» деп мақалдатып, жауырды жаба тоқып жатыр. Сірә, ертең елге қайтқан соң жауап беретіндігін ойлап, әзірден өз орнынан айрылып қалмаудың қамын ойлауда болса керек... Бірақ, миллиондаған қазақ пен өзбек боксшыларының қайсысының жеңіске деген жігері, ұлтшылдығы, намысқойлығы жоғары, қайсысынікі төмен екенін көзімен көріп, көңілімен таразылап отыр. Көпті алдай алмайсың. Ал, нағыз біз аңсап отырған талапқа сай айқасқан Василий Левитті әділетсіз қазылар алқасы ресейліктерге жығып берді. Оған да әлем куә. АИБА-ның дүрдей вице-президенті Серік Қонақбаев мырза осындай өрескел қараулыққа жол беріп ай қарап отыр ма? Біздің бокстың нанын жеп жүрген шенеуніктеріміз дереу наразылық білдіріп, шағым түсірді ме екен? Түсірмесе неге түсірмеген? Украиналықтардың 2012 жылы Лондонда Ломаченконы спорт жемқорларының жемсауына кетіп бара жатқан жерінен суырып алып қалған жақсы үлгісін неге көрмейді? Кең тараған «гипертониктің» біреуі болғандықтан, және сенімімнен күдігім басым түсіп жатқандықтан бокс сайысын көрмей-ақ жүр едім, ең үкілеген үміттілер шыққан кезде шыдай алмай көк экранның алдына көппен бірге мен де қадалдым. Қадалғанымды қайтейін, «мақтаған қыздың» кебін киді көбі. Левит арсыздардың аранына жұтылып кетті. Араша түсер, құтқарар қазақ табылмады... Сонда да «үмітсіз – шайтан», соңғы үміт - Әділбек пен Даниярда. Дычко қолаға ілінсе де ризамын... Өмірзақ Ақжігіт, «Қазақ үні» Айтпақшы. Лондонда бағы шауып финалға шыққан Әділбек жанын аяп айқасқанының кесірінен алтыннан айрылып қалып еді. Тағы да сондай жағдай қайталанбас үшін бокс тарихында – оның ішінде олимпиада финалында - бір-ақ рет кездескен, жеңіске жетудің көпшіліктің назарынан тыс тамаша бір тәсілі жайлы Мырзағали баурыммен ой бөліссем деп едім. Оны кәзір жария етсем, бізден бұрын өзгелердің қолданып қояры даусыз. Сондықтан, Мырзағали Айтжанның ұялы телефонын білетін азаматтар менің жеке парақшама немесе эл.поштама (uakzhigit@mail.ru) тезірек хабарласса екен.