Ақтаудың әкімі бюджеттен ақша бөлінсе ғана жұмыс істей ме?
2016 ж. 09 тамыз
4065
4
Ақтау қаласының әкімі Серікбай Трұмов бюджеттен қыруар қаржы бөлінген жағдайда ғана жұмыс істеп, халыққа қызмет көрсететін секілді. Қала әкімінің ресми сайтында жарияланған қала әкімі С. Трұмовтың халық алдындағы есеп беру кездесулері кезінде көтерілген мәселелер бойынша атқарылған іс-шаралар тізімін оқып осындай ойға келдік.
Бұған дейін бұқара халық 15-шағын ауданға асфальт төсеп, жол салуды әкімнен өтінген болатын. Алайда, әкім бюджеттен қаржы бөлінсе ғана жұмыс істейтінін айтып, ақталып отыр. Бюджеттен ақша бөлінсе ауданға жол салынуының өзі де екіталай. Трұмов мырза халықтың жағдайын жасау үшін өңірдегі кәсіпкерлермен қалай жұмыс істеу керектігін білмейтін секілді. Жоқ, әлде Ақтауда кәсіпкер құрып қалған ба? Ақтауда шет елдің инвесторлары жоқ па? Бюджеттен ақша күтуге ғана шамасы келген әкімнің Ақтау секілді инфрақұрылымы дамыған қалаға әкім боп отырғаны да қызық екен онда...
Ал, енді бұл ештеңе емес екен... Әкімдік қаладағы 11 мектептің интерактивті тақталарын жаңартуға ғана 20 миллион теңгеге жуық қаржы бөліпті. Жаңартуға ғана. Ол интерактивті тақтаның құны интернетте бар. Шамамен 150-200 мыңнан басталады.
Айтпақшы, әкімдік өзінің ресми сайтына сауатты журналистерді жұмысқа алуды да қолға алса жөн еді. Әкімдіктің ресми сайтының қазақша нұсқасы өрескел қателерге толып тұр. Сонда, Ақтау әкімдігі қазақ тілін білмей ме, әлде, қазақ тіліне немкетті қарай ма?..
Қысқасы, Трұмовқа табанды еңбек тілеп, халықтың жағдайына алаңдаушылық білдіруін талап етеміз. Бюджеттен қаржы күтіп отыратындарды Мемлекет басшысы Н. Назарбаев та әрдайым сынға алып отыратынын ол жақсы білетін шығар.
Қаржы келгенше, қала тозып кетпесе екен...
Аман Есенов,
qazaquni.kz
Материалды көшіріп басу үшін qazaquni.kz порталына гиперсілтеме жасауыңыз қажет.