Дулат Исабеков: Арыстанбек - қазақтың рухани дүниесі жақсарса деп шырылдап жүрген жігіт
2016 ж. 30 шілде
3219
3
Қазақтың қабырғалы қаламгері, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Дулат Исабеков "Айқын" газетіне берген бір сүйекті сұхбатында бүгінгі күні өте өзекті болып отырған әдебиет пен мәдениеттің өткір мәселелерін көтеріп еді. Баспалар ісі, кітап шығару мәселесі, кино мен театр саласы туралы салиқалы ой айтқан саңлақ ағамыз Мәдениет министрлігі мен Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты пікірін де білдірді.
[caption id="" align="aligncenter" width="800"] Дулат Исабеков - жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты[/caption]...Мәдениет министрлігі болғалы бері дау-дамайдан аулақ болған емес. Тіпті кеңестік кезеңнің өзінде Мәдениет саласы даудан арылмайтын. Жұрттың ермек қылатын саласы да – осы мәдениет жағы. Баяғыда репертуарлық редколлегия деген болды. Соның маңайында пікірталас толастамайтын. Әзірбайжан Мәмбетовтің өзін сынаушылар өте көп болды. «Репертуарлық редколлегияны құрту керек» деп жүріп, соның бәрін таратып еді, қазір қайта шулап жатыр: «репертуар редколлегиясын қайта құру керек» деп. Сол кездегі дау-дамайдың көбі драматургияның айналасында болатын. «Орыс театрлары, өзге театрлар қазақ драматургтерін қоймайды» деп шуылдайтын топ қазір орыс театрында қазақ шығармасы сахналанып жатса да, үндемейді. Пьесаларым Түркияда, Лондонда қойылды. Соған қуанған қазақты көргенім жоқ. Көрдіңіз бе? Сондықтан, Мәдениет министріне қатысты дау-дамайдың болуы мен үшін жаңалық емес. Өйткені мұндай даулар бұнымен тоқтап қалмайды. Арыстанбекке дейін де мұндай дүниелер болған. Бұдан кейін де болады. Кезінде Ермұхамет Ертісбаевты қалай сынадық? «Қазақша білмейді» дедік. Қазақша білетін Арыстанбек Мұхамедиұлы келіп еді, оны да сан-саққа жүгіртіп жатырмыз. Осылардың аузындағы сөзді аңдып отыра ма, білмеймін.
[caption id="" align="aligncenter" width="640"] Арыстанбек Мұхамедиұлы - ҚР Мәдениет министрі[/caption]Меніңше, Арыстанбек осы салада жанын салып жұмыс істеп жүр. Әрі қазақы тәрбие алған жігіт. Екіншіден, қазақы рухы бар. Үшіншіден, қазақтың рухани дүниесі жақсарса деп шырылдап жүр. Оның үстіне, қазір қаржылық дағдарыс та белең алып тұр. Театрға да, киноға да ақша жетпей жатады. Мәселен, Қызылорда облыстық театрында жылына бес спектакль қойылатын болса, қазір оның екеуін қысқартуға мәжбүр. Осындай жағдайда, жалғыз министр не істеуі керек? Мұның бәрін көпшілік министрден көретін секілді. Тағы бір дүние, министрдің мәдениет саласына қабілеті жоқ деп айта алмайсың. Өйткені ол осы өнердің ішінде өскен адам. Ансамбльді басқарды. Өнер академиясын басқарды. Министр орынтағына отырған сәттен бастап, оны дау-дамайдың орталығына айналдырып жіберді. Қазір министрлік Кино туралы заңды қайта қарап жатыр. Ол Заңды қайта жөндемесек болмай-ды. Сондықтан жұмыс істейтін адамға мүмкіндік бергеніміз жөн.
Дулат Исабеков,
qazaquni.kz