«Торғай даласын көрдім...» (фото)
2016 ж. 16 маусым
9444
0
(Ұлт азаттық көтерлісінің 100 жылдығына орай Торғай өлкесінде өткен пресс-тур күнделігінен. Жолжазбаның алғашқы бөліктері: “Арқалықтың ақ таңы” және “Ұлылар ұмытылмайды”, Арқада Әбдіғапар әмір болған (фото), «1916 жылғы көтерліске қатысқандар әлі толық ақталған жоқ» деп аталады)
Қара көзіңнен мөлдір,
Торғай даласын көрдім.
Сен дала боп ендің,
Өр тағдырыма.
/«Арқалықтың ақ таңы» әнінен/
- Батпаққара шайқасы болған жер мынау – деді Амангелді ауылына кіреберістегі жолайрығында тұрғанымызда жолбасшымыз, әрі осы сапардың ұйымдастырушысы Берік Әбдіғалиұлы. - Мына жолмен тіке кете берсек Торғай қаласына барамыз. Біз бүгін кешті Көлқамыстағы Кәкімжан ақсақалдың үйінде өткіземіз, ол үшін сол жақтағы жолайрығына түсіп далалық жолмен жүреміз – деп қосып қойды.
Аспан мен жер ғана. Басқа ештеңе көзге шалынбайды. Нағыз көк аспанды көрпе ғып, қара жерді төсеніш қып өмір сүретін көшпелілер ғана түсініп, көшпелілер ғана меңгере алатын табиғи маңғаздық. Жол талғамайтын қазіргі заманның қайқыбел қарагерлерімен жүйткіп келе жатып, кеше пойызда үзілген ойымды қайта қалғастырдым.
Адам деген қызық жаратылыс қой. Осыдан ғасыр бұрын осы бір маң далада алдағы өмірлері не болатынымен шаруасы жоқ, бейбіт ел бейғам жылжып жайлауға көшіп бара жатқан болар-ақ. Себебі бүгін мамырдың 31-і, 25 маусымдағы «июнь жарлығы» әлі шыға қоймаған кез еді ғой. Ал осыдан кейін яғни, 26 күннен кейін мына далада қосар ат алып, қос қос жігіттер дала төсін дүбірлеткені анық.
Ұшы-қиырсыз Торғай даласының барлық түкпірлерінде көтерілісшілер жасақтары құрылып, оларға Байқоңыр руднигінің, Шоқпаркөл көмір кен орындарының және Орынбор-Ташкент темір жолының жұмысшылары қосылды. Торғай өңіріндегі бас сардар Амангелді Иманов халық көтерілісіне алғаш рет әскери тәртіп орнатты. Ол отрядтарын 10, 50, 100, 1000 адамнан құралған топтарға бөлді. Олардың басына онбасы, елубасы, жүзбасы, мыңбасы тағайындады. 1916 жылғы қазанға қарай Торғай және Ырғыз уездерінде 20-ға тарта көтерілісшілер отряды құрылды. 23 қазанда Амангелді Иманов бастаған 15 мың көтерілісші Торғай қаласын қоршап алды. Аменгелді бастаған көтерілісті басу үшін, патша өкіметі генерал А.Д. Лаврентьев басқарған 10 мың әскер жіберді. Лаврентьев әскерлерінің келе жатқаның естіп, көтерілісшілер Торғайды қоршауды қойып, оған қарсы аттанды. Қарашаның екінші жартысында көтерілісшілердің негізгі тобы Торғайдан 150 шақырым жерге шегініп, Батпаққараға жиналып, А. Имановтың басшылығымен осы жерде жазалаушыларға қарсы көтерілісшілердің партизандық күрес әдістерін кеңінен пайдаланды. Торғай облысында А. Имановпен бірге көтеріліске басшылық етіп, оның дүниетанымын қалыптастыруға зор ықпал жасаған Әліби Жангелдин болды.
Менің ойымды «мына тұрған кім болды екен?» деген сұрау бөліп жіберді. Алдыға қарағанымызда грейдердің шетінде НИВА көлігімен бізді күтіп тұрған бір адамды байқадым.
Мұхит деп таныстырды ол өзін. Алдағы біз баратын Көлқамыс бөлімшесіндегі 9 жылдық мектептің директоры екен. Кәкімжан ақсақал бізді күтіп алуға арнайы жіберіпті. Осындай сапарларға шыққанда мүмкіндігінше жергілікті жердің адамдарымен бірге жүретін әдетіме басып, мен Мұхиттың қасына жайғастым. Қазақтың кең сахарасы. Аспан мен жерден басқа қылт етіп көзге шалынар қара жоқ.
Мұхиттан біраз жайға қанық болдым. Алда ат басын тірейтін ауылдың да жай-жапсарымен танысып үлгердім. Бұл туралы алдағы уақытта Кәкімжан Кәрбозұлымен болған сұқбатымызда толығырақ тоқталатын боламыз. Ал әзірге Үш өзен – Жыланшық, Қабырға, Торғай өзендерінің бойын сағалаған Көлқамысқа қарай тартып келеміз.
***
Біз ауылға келгенде есік алдында еңсегей бойлы, шашы аппақ болып кеткен қария күтіп тұр екен. Бір қараған адамға өзін ұстауы, 80-ге таяп қалған жасына қарамастан тіп-тік жүретін кербездігі Қонаевты еске түсіретін бұл ақсақал біз іздеп келе жатқа Кәкімжан Кәрбозұлы екенін бірден байқауға болады.
Айналасы қырықшақты ғана отбасы бар, шағын ауылдағы Кәкімжан ақсақалдың үйіне қонақ болдық. Арғы-бергі тарихтан, шаруашылық жайынан, тіпті былтыр қырылған киік қырғынынан бастап келелі кеңестер, салиқалы естеліктер айтылды. Бұл туралы жоғарыда уәде бергеніміздей Кәкімжан ақсақалмен болған сұқбатымыздың толық нұсқасында айтатын боламыз.
Аспан мен жер ғана
1-маусым. Жаздың алғашқы таңын Көлқамыс ауылының шетіндегі биік мұнара басында қарсы алдым. Осы жерден ауылдың тыныс-тіршілігі, таңғы қарбалас тіршілік алақандағыдай көрініп тұр. Түндегі ауыл ақсақалы Кәкімжан қарияның айтқанындай бар екен, мұнда қол қусырып қарап отырған ешкім жоқ. Әркім өзіне тиесілі шаруасымен айналысып жатыр. Мен жылқы айдап келіп, бие байлап жатқан жылқышыларға қарай бет алдым.
[caption id="attachment_53602" align="aligncenter" width="800"] Көлқамыс ауылындағы Айса Нұрманов атындағы тоғыз жылдық негізгі мектеп[/caption]Өзіме керекті кадрларды алған соң Кәкімжан ақсақалдың үйіне келсем барлығы да тұрып, алдағы сапардың жоспарын құрып жатыр екен. Шәй-тамақ ішіп алған соң бірден жолға шығып кеттік. Бұл жолғы жолбасшымыз Кәкімжан ақсақалдың кенже ұлі Манат Кәрбозов болды. Мен тағы да сол кісінің көлігіне жайғастым.
Аспан мен жер ғана. Басқа ештеңе көзге шалынбайды. Нағыз көк аспанды көрпе ғып, қара жерді төсеніш қып өмір сүретін көшпелілер ғана түсініп, көшпелілер ғана меңгере алатын табиғи маңғаздық.
- Киіктер келмей кетті – деді Манат аға. «Неге?» деп сұрауға батпадық. 300 мың киіктен қалған 580 ғана екен. Саусақпен санап алатын ғана киік. Мына маң дала енді қайтіп ол сұлуларды жан баласының көзіне көрсетпеуге бекінгендей тым сұсты, тым менмен қарайды бізге.
- Албар бөгет қайда? – дейді бізбен бірге отырған Азамат Мәлжанбай.
- Ол Көлқамыстан ары, Қабырға өзенінің бойында. Биыл ол бөгетке 90 жыл толды. Техникасыз, экскаваторсыз 17 шақырым жерге канал қазу қандай қиын ә. Бөгет жұмысы екі жылға жалғасқан екен. Бастама көтеріп, Торғай даласына су жүргізуді қолға алған Айса Нұрманов деген атамыз екен. Жаңа байқаған боларсыңдар, біздің ауылдағы 9 жылдық негізгі мектеп сол кісінің атында – деді Манат Кәкімжанұлы.
Аспан мен жер ғана. Басқа ештеңе көзге шалынбайды. Нағыз көк аспанды көрпе ғып, қара жерді төсеніш қып өмір сүретін көшпелілер ғана түсініп, көшпелілер ғана меңгере алатын табиғи маңғаздық.
Көлқамыстан Торғайға жеткенше дала жолы. Асфальт деген атымен болмаған. Тек Торғайға таяғанда ғана жол сорабына ілінесіз. Бірақ бұл жолдың болғанынан болмағаны жақсы дейтіндей. Шұңқыр санап, жырадан қашып, берекеңіз кетері анық. Көлік тізгінімен алысып, жыра-жықпылға түсіп кетпейін деп отырып-ақ қарадай шаршайтын сияқтысыз.
Мен тағы да осыдан 100 жыл бұрын болған Ұлт азаттық көтерліс жайлы ойлап отырмын. Басында айтқан едік қой, осы Торғай төңірегіндегі көтерлістің ең ұзақ уақытқа жалғасқанын. Қазір біз келе жатқан алқапта ең жақын деген екі ауылдың арасы 100 шақырымға таяу. «Жорғаның жорғалығы өзінің соры» дегендей, қазақ даласының кеңдігі бүгінгі күнде қандай қиындықтар тудырып отырса, осыдан 100 жыл бұрын да көтерлісшілердің жеңілуіне себеп болыпты. Алайда, жер мәселесінде бүгінгі қазақтың жан айқайы қандай болса, сол кезде де бүгінгіден артық болмаса кем болмағаны анық.
Патша жазалаушылары мен А. Имановтың көтерілісшілері арасындағы соғыс қимылдары 1917 жылғы ақпандағы буржуазиялық-демократиялық революциясынан кейін де жалғаса берді. Қозғалыстың жеңіліс табуының ең басты себептері: - бытыраңқылығы; - көтеріліс ошақтары арасындағы байланыстың жеткілікті болмауы; - патша өкіметінің қарулы жазалаушы күштерінің басымдылығы еді. Қазақстандағы 1916 жылғы көтеріліс қазақ халқының азаттық қозғалысының шежіресіндегі ең бір жарқын белес екені даусыз. Көтеріліс дүниежүзілік империалистік соғыстың қызып тұрған кезінде, Ресейдегі жұмысшы және шаруа қозғалысының мықтап өрлеу жағдайында өтті. Көтерілістің бірыңғай басшылығы және ұйымдастырушы орталығы болмаса да, Қазақстанда болып жатқан оқиғалар басқа аймақтарға ықпал жасап, өзара байланысты болып отырды. Көтеріліс стихиялы түрде дамып, онда тұрақты, жеткілікті біріккен басшылықтың болмағандығының салдары айқын көрінді. 1916 жылғы көтеріліс қазақ еңбекші бұқарасының таптық сана-сезімін арттыруда зор рөл атқарған еді.
Ержан Жаубай (суреттерді түсірген автор)
qazaquni.kz