Былыққа толы "Қыз қылығы"

               Әр үйдің төрінде тұрған «Көк жәшіктің» кесірінен бала тәрбиелеу ісінде ата-ананың рөлі төмендеп кетті. Үйдегі ата-ананың да, мектептегі мұғалімнің де орнын теледидар мен ғаламтор жаулап алғаны сөзсіз. Сондықтан болар, отандық телеарналардан көрсетіліп жүрген дүниелер ел арасында түрлі пікір туғызып келеді. Тіпті, соңғы уақытта бұқаралық ақпарат құралдарында жиі көтерілетін мәселеге айналды. Өйткені, көрермен ерекше ықыласпен көретін тұщымды дүниелер жоқтың қасы. Соның бірі –елді күлдіремін деп бүлдіретіндердің қатарында «КТК» телеарнасындағы «Қыз қылығы мен былығы» бағдарламасы. Бұл бағдарлама өсіп келе жатқан жас қыздардың тәрбиесіне айтарлықтай кері әсерін тигізуде. Тіпті, мағынасыз, орынсыз күлкіге құрылған арзан жоба қыз атаулының құнын түсіріп бітті десе де болғандай. Өйткені, атаулы бағдарламадан байлықты жаны сүйетін, бір емес бірнеше жігітпен жүргенді құп көретін және «онша-мұншаны менсінбейтін» қасиетсіз қыз­дардың қылығына куә бо­ласыздар. Өз қасиетсіздікте­рін көрсетіп қана қоймай, кө­рерменге кеңес бергіш өздері. Көгілдір экранның арғы жағынан «жаңа түскен келіндерге тегін және ұтымды кеңес береміз» деп, немесе «суперкелін» болғыңыз келсе, «қыз қылығының» ақыл-кеңестеріне құлақ түріңіздер» деп, ақылгөйсіп жүргені көзі қырағы көрерменге таныс. Мәселен, бірде теледидарды қосып қалғаным сол еді, үстеріне бір жапырақ сүлгіні ораған үш қыз моншада, аузы-ауыздарына жұқпай әңгіме айтып отыр. Қазақтың қара домалақ қара қызы егіз екі жігітпен жүретінін мақтан тұтып, қос жігіттің байлығының арқасында күн сайын киноға, кафеге баратынын қасындағы екі құрбысына жеткізумен әлек. Негізі, қазақ қызын «ақылына көркі сай» етіп өсіруге ерекше мән берген ғой. Жат жұрттық боп саналатын қыз тәрбиесіне айрықша мән берген емес пе? «Қызға қырық үйден тыйым» деп, отбасында қатал тәрбиемен өскен қыз, кісі көзінше де­несін жалаңаштамақ түгілі, әлдебіреудің бетіне күліп те қарамаған. Тіпті, қыр гүліне тән нәзіктік пен батылдық бір бойына жарасқан қазақтың қыздарына тәнті болған жазушыларымыз өз шығармаларына қазақ аруы­ның бейнесін арқау етсе, ақындарымыз инабаттылығы мен нәзіктігін өлең өрнектерімен көмкерген. Сонымен қатар, қазақ қызының ерлігі, тап­қырлығы, төзімділігі, қай­рат­тылығы талай әндерге де арқау болғаны белгілі. Біржан сал, Ақан, Мұхит, Балуан Шолақ, Естай сынды сал-серілер қазақ қыздарының көріктілігімен қоса, парасаттылығын, тәрбиелілігін, тектілігін дәріптеумен өткен. Ал бүгінгі қыздарымыздың түрі мынау. Теледидар – тәрбие құралы, сондықтан «Қыз қылы мен былығы» секілді бағдарламаларды миллиондаған аудиторияға, ақылы толыспаған бүлдіршін қыздар мен санасы сан-саққа құбылып тұратын бойжеткендерге көрсетпес бұрын, ой ойланып, сан толғану керек емес пе? Өйткені, әлгіндей бағдарламалар ата салтына ескілік деп қарап, батыстың ерсі қылықтарын жасап, жас қыздардың санасына батыстық жағымсыз қасиеттерін сіңіруге айтарлықтай әсер етіп жатқаны анық. Ал мұндай көріністерді көрген жас қыздар әлгілерге еліктеп жүрмесіне кім кепіл? Айталық, бағдарлама барысында бастан-аяқ қыздардың жігітке таласып, қырық-пышақ болып төбелесіп, керек десеңіз, адам ойына кіріп-шықпайтын небір әрекеттерді жасап жатқанын көресіз. Мысалы, әп-әдемі қаракөз қазақтың қызы өзін сотқар етіп көрсетіп, жанындағы жігітіне қараған қызды ұрып-соғып, балағаттап, соңында көзі көгеріп тұрғанын көрсеткеннен осы бағдарламаны жасаушылар мен телеарна қызметкерлері рахаттанатын шығар, ал мен, өз басым, жиіркендім. Қай қазақтың қызын көрдіңіз, жігіт үшін көкала қойдай болып төбелескен? Жарайды, қоғамда ондай қыздар бар шығар. Әйтсе де, оны бағдарлама етіп шығарып, жаппай халыққа көрсетудің қажеті қанша? Енді мына қызыққа құлақ түріңіз. Тағы да сол бағдарламада екі бай жігітпен бірдей жүрген қыз, екі жігітпен жүргеннің керемет екенін аузынан суы тамып көрерменге айтумен әлек. Яғни, екі жігітпен жүрудегі түпкі мақсаты – екеуінің де ақшасын пайдаланып, өзіне керекті дүниелерге ие болып, артынан керек емес заттай тастап кету. Сонда осылар ма бүгінгі қазақ қызының эталоны? Баяғыда әжеміз, ісімізге көңілі толмағанда, «қыз болмай, қызыл есекке мінгескір!» деп ұрсушы еді. Беттеріне қара күйе жағып, қызыл емес, қара есекке мінгестіріп жіберетін қыздардың жетесіз, түйсіксіз, шолжаң, ырбақай, арзан кейіпкерлерінен шаршадық. Өздері сияқты арзан, жеңілтек қыздардан басқа ешкім көрмейтін бағдарламаға қаржы жұмсап, маңдай тер төккенде кім не ұтпақ? Осындай бағдарламаны керемет деген ешкімді көрмедік. Өйткені, жағымсыз әрекеттерін халыққа көрсетуден ұялмаған қыздарымызға не дейсіз? Мұндай қылықтарымен көрерменге не айтқысы келеді екен? Әлде, буыны қатайып үлгермеген, енді бойтүзеп келе жатқан қыздарға осылай істесеңдер өкінбейсіңдер дегені ме? Бүгінгі қызғалдақ қыз­дарымыз – ертең ибалы да инабатты келін, мейірімді ана, салиқалы әже болуға тиіс. Сондықтан иманы мен ибасы жүзінен төгіліп тұратын қазақ қыздарын, аналарымыз бен әжелерімізді көрсетіп, кейінгіге үлгі етсек, біреу бізге қой дей ме? Бұл бағдарламаның мақ­саты қандай? Жарайды, жеңіл күлкіге, арзан әзілге арналған жоба делік. Дегенмен, әзілдің өзін әдемі айтуға, көрсетуге, жеткізуге болады ғой. Алайда, ол бағдарламадан тек теріс әрекеттерді, жағымсыз кейіпкерлер мен жарасымсыз әзілдерді көресің. Тіпті, ерін тыңдамайтын әйел, енесін жақтырмайтын келін, әйтеуір енені жаман етіп көрсетудің барлық әдіс-тәсілдерін асқан шеберлікпен көрсете білген. Қалай десек те, осынау алмағайып заманда еріне бағынбайтын, ата-енені сыйламайтын, кесапат қыз, кесір келін пайда болды. Соның салдарынан жетім балалар көбейіп, ерлі-зайыптылардың күннен күнге ажырасуы жиілеп кеткені жасырын емес. Осындай тұста әлгіндей бағдарламалардың тәрбиесіздікті, көргенсіздікті, келеңсіздікті насихаттауы – қоғамда сондай құбылыстарды онан сайын өршелендіре түспесе, өшіруге сеп бола қоюы екіталай. Ертеде, ата-бабаларымыз қызды қонақ деп есептеп, барған жерде бағының ашылуын үйде отырып қамдаған. Барынша ізетті, сыпайы, мейірімді де ісмер, қылықты да қырмызы болуын үнемі қадағалап отырған және еркін ұстаған, бірақ тым еркінсітпеген. «Қыз мінезді келсін, ұл өнерлі келсін» деген қазақ қашанда қыз тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Әрбір ата-ана қыздарын қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқ­тырмай өсіруді парыз санаған. Қыздың ар-ұятының сақшысы бәріне жауапты екенін ешуақытта есінен шығармаған. Ал бүгінгі күнді көрсетеміз деп, «артық қылам деп тыртық қып» жүрген былықпай бағдарламаны көргенде, ондағы кейіпкерлердің әрбір ерсі қылықтарына қарап, өзгелер қайталамаса екен деумен отырасың. Сондықтан мемлекет тарапынан мұндай бағ­дарламаларға тосқауыл қойып, халыққа керекті дүние­лерді көрсетсе деген тілек біздікі. Әсел КЕҢЕСҚЫЗЫ