ШЕТЕЛДЕГІ ҚАЗАҚ әдебиетін оқулықтарға енгізу керек
2011 ж. 20 сәуір
6435
1
Темірхан Тебегенов, Абай атындағы ҚазҰПУ-дегі қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі,
«Қазақ әдебиеті және әлем әдебиеті» журналының бас редакторы, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– «Шетелдегі қазақ әдебиеті» дейтін ұғымның бар екені белгілі. Қазақ әдебиеті дейтін алып бәйтерек қай елдерде өркен жайғанын айтып берсеңіз.
– Шетелдегі қазақ әдебиеті деген ұғымның өзі әлемдік әдебиеттегі тарихи қисындармен сабақтас. Өз басым қазақ және әлем халықтарының әдебиет тарихын зерттеп-зерделеуге өмір бойы көп күш-жігер жұмсап келе жатқан адаммын. Қорғаған кандидаттық және докторлық диссертациям да қазақтың ақын-жырауларының мұралары мен қазақ әдебиетіндегі негізгі арна – дәстүрлі ақындар поэзиясын зерттеуге арналған. Сонымен бірге ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері Шетелдегі қазақ әдебиетінің тарихын зерттеумен айналысып, типтік оқу бағдарламаларын, оқу құралдарын дайындадым. Сондықтан бұл жағынан біршама қанықпын. Жұмыр жердің тарихында белгілі бір ұлттың әр түрлі тарихи себептерге байланысты әр елдерде қалып кеткен белгілі бөлшектері болады. Мысалы: неміс халқының Австрияда, Қазақстанда, Ресейде тұратын біраз өкілдерінің әдебиетін неміс әдебиетінің бөлшегі деп қарауға болады. Кешегі Кеңес одағының отарында болған көптеген елдердегі орыс әдебиетінің өкілдері сол елдердегі орыс әдебиетінің өкілдері деп аталады. Айталық, Қазақстандағы орыс әдебиеті.
Сондықтан да «Шетелдегі қазақ әдебиеті» деген сөзді айтқанда біз де біртұтас қазақ әдебиеті деген ұғыммен қараймыз. Бір-бірімен сабақтас, бір-бірімен егіз, арғы түпкі тамыры бір, әуелде сақ, ғұн дәуірінен бастап негізі қаланған жалпы қазаққа ортақ бір тұтас ұлттық әдебиет.
– Шетелдегі қазақтармен болған әдеби байланысқа көңіліңіз тола ма?
– Жалпы әдеби байланыс дегеннің қамтитын көлемі кең. Өзіміздің Шығыс Түркістанымызбен байланысымыздың тамыры әрірек деп айтуға болады. Әсет Найманбайұлының, Көдек Байшығанұлының сол жаққа өтуінен бері де әдеби байланыстар жүйесін құрайтын қаншама оқиғалар болды. Ақыттың қажыдан қайтқан сапары, Уфа, Қазаннан кітаптар бастыруы, Зият Шәкәрімұлының арғы бетке жан сауғалауы, Таңжарықтың Қарқараға келуі, ХХ ғасырдың ортасындағы қазақтың көрнегі классигі Сәбит Мұқановтың Шығыс Түркістанға баруының өзі – маңызы зор тарихи уақиға. Қазақтың классикгі, халық жазушысы Сәбит сол жердегі барлық қаламгерлермен дидарласып, сұхбаттасып, әдеби мұраларын жинақтап қайтқан еді ғой. Бұл туралы біраз ойларын «Алыптың алыбы» кітабында да баяндаған. Одан бері де бірқатар үкіметтік және үкіметтік емес үйымдардың араласуы жалғасуда. Қарақалпақстанннан Төлеген Айбергеновтың Алматыға келуінен басталып күні бүгінге дейін бұл өлкемен де байланыс үзілген жоқ. Ал басқа аймақтармен де тәуелсіздіктен кейін елге келген қаламгерлер арқылы бір қатар әдеби байланыстар жүзеге асырылуда. Десе де тәй-тәй басқан жас мемлекетке қабаттасқан қиындықтардың ішінде біраз шаруалардың істелінбей жатқаны ақиқат. Қазіргі жағдайда «Барға қанағат, жоққа сабыр» дер едім. Ал қуантатын бір жағдай – 2004-жылдан бергі «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында ғылымның әр саласы бойынша көп томдықтардың жарық көріп жатқаны. Соның қатарында әдеби мұралар да бар. М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтынан «Бабалар сөзі» деген көп томдықтар шығып жатыр. Мұның ішінде шетелдегі қазақтарға қатысты сөз өнерінің, әдеби мұралардың бәрі дерлік қамтылмағанымен де біраз бөлігі кіргізілген. Бірақ, шетелдегі ақын-жазушылардың Қазақстанға келіп, ал еліміздегі қаламгерлердің шетелдегі ағайындарға барып таныстыру, ұлттық ортақ сөз өнерін нәсихаттауы, араласуы, ой-пікір алмасуы, тәжірибемен бөлісуі өте аз. Бұл орайда өткен жылы қазақтың көрнекті ғалымы Тұрсынбек Кәкішұлы ағамыз бен Жәди Шәкенұлының Қытайдағы ағайындар арасына сапарын үлгі ретінде айтуға болады. Олар осы сапар туралы көлемді мақала жариялады. Сол сапарнаманы көптеген мағұлыматтар қамтылған көркем дүние ретінде, ұрпақты ұлттық-отаншылдыққа тәрбиелейтін маңызды еңбек деп санадым. Қазақтар шоғырланған басқа елдерге неге осындай сапарлар ұйымдастырмасқа, неге осы істі қолға алып үздіксіз дамытып жандандырмасқа...?!
Тәуелсіздік алған жиырма жыл ішінде осы аталған өлкелерде туып-өсіп, ғылыммен айналысқан зерттеушілер, ақын-жазушылар, тарихшылар шетелдегі қазақ әдебиетіне байланысты арнайы зерттеулер жүргізіп, жинақтар құрастырды. Мысалы, Шығыс Түркістан жеріндегі зерттеулерді айтқан кезде ең бірінші ауызға алатынымыз, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ дың оқытушысы, филология ғылымдарының докторы, профессор Зұфар Нұрсапаұлы Сейітжанов ағамыз «Шынжаң қазақ әдебиеті» атты монеграфиямен докторлық диссертация қорғады. Қазір Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еңбек ететін Дүкен Мәсімханұлы дейтін азамат Қытайдағы қазақ поэзиясы жөнінде зерттеулер жазды. Жәди Шәкенұлы өзінің «Жалғыздың үні» кітабында да бірқатар зерттеулерін жариялады. Монғолиядағы қазақ әдебиеті туралы филология ғылымдарының докторы, профессор Қабидаш Қалиасқарұлы, Омбы қазақтары жөнінде Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Меңдігүл Шыңдалиева зерттеулер жасап, кітаптар жазды. Филология ғылымдарының докторы, профессор Қыдырәлі Саттаров, филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрдыбай Қалдыбайев Өзбекстандағы қазақ фольклоры мен әдебиеті жөнінде көптеген еңбектер жазды. Қарақалпақстандағы қазақ фольклоры мен әдебиетінің жинақталуы мен зерттелуінде профессор Қаржаубай Кеумажанов (марқұм) мен Меңдібай Әбілов елеулі еңбек сіңірді. Осылайша шетелдегі ағайынның мұраларын зерттеу ісі бір-біріне жалғасып, қолға алынды деуге толық негіз бар.
Қалай болғанда да барымызға қанағат етуіміз керек.
– Шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеуші маман ретінде шетел қазақтарының әдебиетіне қандай баға берер едіңіз?
– Өз басым Монғолиядағы қазақ әдебиетіне қанағаттанамын. Әсіресе, Шығыс Түркістандағы қазақ әдебиетіне қатты риза боламын. Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері араласу жиі болып жатыр ғой. Ол жақтан жаппай үдіре көшу болмаса да, оқуға келіп, ебін тауып азаматтыққа өтіп осында қалып қойған ынталы жастар көп. Олар әдебиеттің озық әдіс-тәсілдері мен жанрды жақсы меңгерген. Қолыма тиген прозалық, поэзиялық, драматургиялық шығармаларға көңілім толады. «Қылмыс» (Қ.Шабданұлы), «Аң шадырын оқ табар» (О.Айтанұлы), «Ертіс кілкіп ағады», «Ер Жәнібек» (Ш.Құмарұлы), «Елжау күнби», «Саншора күнби» (С.Жанболатов), «Дабыл», «Бұлаң дүние» (Ш.Қызырұлы), «Орданың соңғы көші» (Ш.Қамзаұлы) романдары, Т.Жолдыұлының, О.Айтанұлының, А.Татанайұлының, М.Разданұлының жастардан Е.Нұрдықанұлының, А.Мағперқызының жырлары, С.Қауымбайдың, Т.Байжұмаұлының повесттері, Ғ.Біләлұлының әңгімелері, Қ.Қамажанұның, Ә.Қалиұлының әдебиет теориясы жайлы жазғандарын, Ж.Мұқатайұлының «Шеберлілік пен кемелділік», «Сөз сырына құштарлық» деген әдеби сын кітаптарын жоғары деңгейде жазылған деп айтуға болады. Қала берді роман, повесть, әңгіменің жанрларын жоғары деңгейде меңгергендігі, әдебиеттану, фольклортану қисындарын жетік игергені байқалып, зерттеушілердің айтқандары ойға қонымдылығымен құнды.
Ұлттық негізімізді сақтап келген негіздердің бірі дәстүрлі ақындар поэиясы десек, оның ішінде ақындар айтысының алатын орны айырықша. Бұл жанрдағы шығармашылықтың ұйымдастырылуы жағынан Шыңжаң қазақтары өте жақсы үлгі көрсетіп отыр. Әр дәрежелі әкімшіліктерде бұл үлкен халықтық мереке ретінде жыл сайын өткізіледі екен. Қаптаған қара қытайдың ортасында қазақтың ата-бабасының ұлттық өнерін мереке ретінде бұлайша өткізуі – шығармашылық ерлік. Кәдімгі қазақтың кең жайлауында. Сайын сахараның төсінде! Қалың көрерменнің көз алдында ақысыз, пұлсыз ұлттық спорт ойындармен бірге кешенді түрде ақындар айтысын өткізу деген азаматтық, ұлттық-отаншылдық үлкен ерлік емес пе?! Әр жолғы ақындар айтысын арнайы кітап, DVD табақ қылып басып шығарып ұлттық өнердің қалың халыққа жетуіне күш салады екен. Бізде де ақындар айтысы жоқ емес, Жүрсін Ермановтың үлкен азаматтық ерлігінің арқасында, ұлт мұрасы аман қалды десек. Ендігі жерде мемлекет аянбай қол ұшын беруі керек. ал оны ұйымдастырып өткізу, халыққа жеткізу жағынан біз Шығыс Түркістандағы ағайындардан үлгі алуымыз керек, яғни солар секілді бізде де ақындар айтысын шын мәнінде бүкіл халықтық мереке ғып өткізу керек.
– Қандастарымыздың әдебиетін зерттеу жұмысы шынын айтқанда өздеріңіз сияқты санаулы әдебиетші ғалымдарымыздың жазған-сызған дүниелерімен шектеліп қалғандай. Мәдениет министрлігі тарапынан шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеп-зерделеу жұмыстары қолға алынды ма?
– Шетелдегі қазақ әдебиетін зерттеу ісі тек бір ғана Мәдениет министрлігінің жұмысы емес. Бұл мәселеге көші-қон комитеті, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы, Сыртқы істер министрілігі, Білім және ғылым министрлігі бар. Барлығы бірлесе ат салысуына болады. Сыртқы істер министрлігі бастап, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығы қостап байланыс орнатуға мұрындық болса, Білім және ғылым министрлігі мойнын бұрып, Мәдениет министрлігі мән берсе ғана жүзеге асып, аяғынан тік тұратын шаруа.
Жақында қабылданған «Ғылым туралы заңның» аясында, шетелдердегі қазақ әдебиетін тарихи тұрғыдан, теориялық тұрғыдан зерттеп-зерделеуді Білім және ғылым министрлігі де кешенді түрде қолға алуы керек.
– Төл әдебиетіміздің өкілдері ретінде шетелдегі қандас қаламгерлерден кімдерді айтар едіңіз.
– Қытай қазақтарынан Ақыт Үлімжіұлы, Таңжарық Жолдыұлы, Әсет Найманбайұлы, Көдек Байшығанұлы, Қажығұмар Шабданұлын, Монғолия қазақтарынан Ақтан Керейұлын айтар едім. Әрине бұлармен бірге әдебиет тарихы үшін назарға алынбаған зерттеуші, тарихшы, ақын-жазушыларды да табу өзекті мәселе екенінде дау жоқ. Әлі де зерттеу керек.
– Осы қаламгерлерді «Қазақ әдебиеті» оқулығына неге енгізбеске?
– Өте дұрыс айтасың. Шеттегі қазақ қаламгерлерінің Қазақстандағы қалың оқырманға жетуі үшін міндетті түрде оқулықтарға, оқу құралдарына енгізілуі керек. Бүгінде қолымызға түскен бірлі-жарлы кітаптар, жоғарыда аттарын атаған авторлардың шығармалары арқылы ғана таныспасақ, көп мүмкіндік болмай отыр.
Бұл жағынан Қытайдағы ағайындар тағы бізді шаң қаптырып кетті. Әдебиеттік оқу құралына олар хакім Абайды, Ыбырайды, Махамбетті, Ілиясты, Бердібек Соқпақбаевті, Мұхтар Әуезовті бастауыштың, орталауды, толық орта мектептерінің оқу құралдарына әлдеқашан кіргізіп қойған. Ал, бізде өз териториямызда өмір сүрген қазақ қаламгерлерінің шығармалары оқулықтарға кіргізілгенімен шетелдегі қазақтардың ішіндегі қаламгерлер назардан қылып қойған.
Тәуелсіздік алғаннан кейін оқу құралдарын құрастыратын мамандар жасақталды. Осы орайда айтарым, Министрлік «пәлен оқулықты жазған», «түген оқулықты құрастырған» деп «мамандарды» шақыртып алады, ал көптеген оқулықтарды Елбасы бір жиындарда сынға алады. Жауапты орындар осыдан кейін бәз-баяғы адамдарды жинап алып «сапалы ғып» қайта жаздыртады, олар біраз «бірдемені» қосады, нәтижесінде тағы да тоны ауысқан сол кітап. Бұнымен қайда барамыз? Мен кейбір авторларды білем, әдебиет оқу құралдарын жазбақ түгілі, мектепте жұмыс істемеген. Пәндерді әр түрлі жастағы шәкірттерге меңгерту тәжірибесі жоқ оларда. Қайдан сапалы кітап құрастырады?!
Орта мемтептердің оқулығын оқу құралы деуіміз керек. Себебі, олардағының барлығы бұрынғы-соңғы классиктеріміздің, ақын-жазушыларымыздың дайын дүниелері ғой. Балаға түсінікті тілмен тыңнан жазған өзінің көркем туындысы жоқ, дайын көркем шығармаларды, жинап, құрастырып солардың барлығының иесіндей «мен авторымын» деуге қалай болады?! Бұл мәселеге де ғылыми тұрғыдан қарау керек. Бұл кез-келгеннің «жекешелендіріп» алуына болмайтын ұрпақ тәрбиесі ғой.
Шетелдегі қазақ қаламгерлері шығармаларын оқу құралдарына кірмей жатуы да осыдан деп айтуға болады. Оларды оқу құралдарына міндетті түрде кіргізу керек. Ол үшін «бармақ басты, көз қыстылыққа» салынбай, конкурстар жариялап, ұлтшыл, отаншыл азаматтарды шақыру қажет. Бұл мәселеде жоғарыда отырып «ана кісінің кітап құрастарған тәжірибесі бар еді», «мына кісінің тәжірибесі бар еді» деп сыбайластыққа салынуға болмайды. Оған сол тақырыпта зерттеулер, монографиялар, кітаптар жазған, орта мектеп пен жоғары оқу орындарында сабақ берген, тәжірибелі мамандарды шақыру керек. Керек болса, шетелдегі маман педагог, зерттеуші ағайындармен бірігіп, жалпы қазақ біртұтас қолданатын оқу құралын жасауымыз керек. Әйтпесе Ақыттың кім, Таңжарықтың кім елдегін Қазақстандағы қазақ жастары қайдан біледі. Бұл біздің ұлттық тұтастығымызға да үлкен демеу болар еді. Жер бетіндегі қазақ ұлтының бұрын-соңды өткен фольклоры мен әдебиеби мұраларын қамтыған Қазақстанның жаңа оқулықтары мен оқу құралдарын жазып өткен болашақтағы ұрпақ тұтастығын ойластыруымыз керек.
Шетелдегі қазақ әдебиетінің өзгешелігі неде?
Шетелдегі қазақ сөз өнерінің, әдеби мұраларының ең алдымен тілінің поэтикалық көркемдік өрнектері сақталған. Біз ол мұралардан қазақтың бай сөздік қорын кездестіреміз. Бұрын болған, қазірде беймәлім көптеген сөздер кезедеседі. Бұларды жинақтап түсірдірмелі сөздікке, этимологиялық сөздікке және т.б қазақ тіл білімінің құарлдарына, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан жұмыстар құрамында қарастырып қамту арқылы ата-бабалар аманатының орындайтынына сенемін.
Қазақ сөз өнерінің әлем өркениет кеңістігіндегі абыройы, беделі осы салалы жұмыстар арқылы жүзеге асатыны ақиқат. Осыны орындау тарих сахнасындағы біздің абыройлы міндетіміз болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет!
Оразбек САПАРХАН